Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:48 11.5.2020

Алматыға кірмек болған жүздеген көлік блокпосттарда кезекте тұр

Құлжа тасжолымен Алматыға бара жатқан автокөліктер. 11 мамыр 2020 жыл.
Құлжа тасжолымен Алматыға бара жатқан автокөліктер. 11 мамыр 2020 жыл.

Мамырдың 11-іне Алматы қаласының кіреберісіне қойылған блокпосттар алдында бірнеше шақырымға созылған көлік кептелісі пайда болды деп хабарлайды Азаттық тілшілері. Алматы облысы мен өзге өңірлерден келген көлік иелері Алматы қаласына кіргізуді талап етті. Олар коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай 11 мамырға дейін ұзартылғанын алға тартты. Жеке көліктерге өзге блокпосттан өтуге ұмтылған жаяу адамдар да көп.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілік ететін мемлекеттік комиссия дүйсенбіде төтенше жағдай режимі жайлы шешімін айтуы тиіс.

Бұған дейін билік Қазақстанда төтенше жағдай режимі аяқталғанымен карантин енгізілген елдімекендерде шектеу шарасы жалғаса беретінін мәлімдеген. Алматы қаласындағы төтенше жағдай бойынша жедел штаб жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындар мен мекемелердің көліктері ғана жүріп-тұратынын хабарлаған. Билік Алматыға сырттан келетін автокөліктер қашан кіргізілетінін айтқан жоқ.

Қазақстанда 16 наурызда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, 19 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған еді. Кейінірек өзге аймақтарда шектеу шаралары енгізілді. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемия шарықтау шегіне жетті деп мәлімдеген. Осыдан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин шаралары жұмсарып, бірқатар бизнес нысандарына жұмыс істеуге рұқсат етілген болатын.

12:18 11.5.2020

Тоқаев: Төтенше жағдай режимі аяқталды, карантин жалғасады

Коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай мен карантин кезінде блокпосттан өткен адамдар мен көліктерді тексеріп тұрған полиция қызметкері. Түркістан облысы, 30 сәуір 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай мен карантин кезінде блокпосттан өткен адамдар мен көліктерді тексеріп тұрған полиция қызметкері. Түркістан облысы, 30 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирус пандемиясына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимі аяқталды. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында мәлімдеген.

"Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады", - деген Тоқаев.

Ол қазір елде 1 миллион 100 мыңнан астам адам жұмысқа шықты деп хабарлады. "Бүгіннен бастап елдегі дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады" деді президент.

Бірақ елде әлеуметтік арақашықтықты сақтау, қоғамдық орындар мен көліктерде маска тағып жүру, көшеде үш адамнан артық топтасып жүрмеу талабы, сол сияқты облыстар арасындағы көлік қатынасына шектеу де әзірге күшінде болады.

"Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігіне байланысты мәселе" деген Тоқаев індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін деп ескертті.

Қазақстанда 16 наурызда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланып, 19 наурыздан Нұр-Сұлтан мен Алматы карантинге жабылған еді. Кейінірек өзге аймақтарда шектеу шаралары енгізіліп, төтенше жағдай режимі бірнеше рет ұзартылған. Өткен аптада денсаулық сақтау министрлігі елде эпидемия шарықтау шегіне жетті деп мәлімдеген.

Кейінгі ресми мәлімет бойынша, елде вирус жұқтырғандар 5138 адамға жетті. 1941 науқас дерттен жазылып, 31 адам қайтыс болған.

17:30 11.5.2020

Шымкентте коронавирус жұқтырған 65 жастағы әйел адам қайтыс болды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 11 мамырда Шымкент қаласында коронавирус жұқтырған 65 жастағы әйел адам қайтыс болғанын хабарлады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, Қаратау ауданының тұрғыны 2 мамырда ЖРВИ диагнозымен Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Алғашында одан коронавирус табылмаған. 6 мамырда жағдайы нашарлап, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Қайта анализ алғанда COVID-19 диагнозы анықталған.

Басқарманың ақпаратынша, марқұм бұған дейін өкпе, артериалды гипертензия, созылмалы панкреатит дертіне шалдыққан.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда коронавирустан 32 адам қайтыс болды. Ал жалпы бұл вирус елде 5160 адамға жұқты (дүйсенбі 70 адам). 2020 адам дерттен айықты (дүйсенбі 79 адам жазылды).

11 мамырда Қазақстанда екі айға созылған төтенше жағдай аяқталды. Бірақ елде карантин шаралары әлі жалғасады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин қалай жалғасады? 400 сөзбен түсіндіреміз

21:50 11.5.2020

Қазақстанда тағы 47 адамнан вирус табылды

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 11 мамыр 22:45-тегі мәліметіне сай, елде 47 адам вирус жұқтырды. Олардың басым бөлігі - Атырау (21) мен Нұр-Сұлтанда (15). Қостанай облысында - төрт, Түркістан облысында - үш, БҚО - екі, Ақтөбе облысы мен Қарағанды облысында бір-бір адам дертке шалдықты.

Елде вирус жұқтырғандар 5207 адамға (дүйсенбіде 117 адам қосылды) жетті. 2074 адам (дүйсенбіде 133 адам жазылды) жазылды. 32 науқас қайтыс (дүйсенбіде бір адам көз жұмды) болды.

Тағы

XS
SM
MD
LG