Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:03 12.5.2020

Вирус билік болжағаннан да тез тарап келеді

Көшеде кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.
Көшеде кетіп бара жатқан жедел жәрдем көлігі. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова болжаған 5300 адамға мамырдың ортасында жетіп қалуы мүмкін. 12 мамырда таңертеңгі сағат 9:25-те денсаулық сақтау министрлігі елде вирус жұқтырған тағы 33 адам анықталғанын хабарлады. Атырау облысында вирус 17 адамға жұққан. Алматы қаласы - 3, Нұр-Сұлтан қаласы - 5, Батыс Қазақстан облысы - 1, Жамбыл облысы - 3, Қостанай облысы - 2, Қызылорда облысы - 1, Маңғыстау облысы - 1 адам.

Қазіргі мәлімет бойынша, індет тарағалы Қазақстанда жиынтығы 5240 адамға коронавирус жұққан. 2074 адам дерттен жазылып, 32 адам қайтыс болды.

10:37 12.5.2020

Ресейлік дәрігер: 160-қа жуық медқызметкер індеттен қайтыс болды

Ресейлік дәрігерлер COVID-19 жұққан науқасқа аурухананың интенсивті терпаия бөлімінде көмек көрсетіп жатыр. Мәскеу, 28 сәуір 2020 жыл.
Ресейлік дәрігерлер COVID-19 жұққан науқасқа аурухананың интенсивті терпаия бөлімінде көмек көрсетіп жатыр. Мәскеу, 28 сәуір 2020 жыл.

Ресейде коронавирус пандемиясы кезінде вирус жұқтырған 160-қа жуық дәрігер қайтыс болды деп хабарлады ресейлік нейрохирург, "Ординаторская" подкастының авторы Алексей Кащеев. Ол - коронавирустан көз жұмған медицина қызметкерлерінің аты-жөні енгізілген арнайы тізімді ("Список памяти") құрастырушылардың бірі.

Кащеев бейресми тізімдегі адамдардың вирусты қалай, қандай жағдайда жұқтырып алғанын оны құрастырушылар бүге-шігесіне дейін толық білмейтінін мойындайды. Алайда ол Ресей денсаулық сақтау министрлігінің қайтыс болған дәрігерлер туралы айтқанына сенбейтінін тағы да мәлімдеді. Кащеев дәрігерлер [деректерді] "әдейі ауыстыру, өтіріп беру" сияқты істерге кезіккенін айтады.

Сәуірдің соңында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Боткин атындағы инфекциялық ауруханадағы 120 медицина қызметкеріне, ал сол қаладағы Мариинск ауруханасында елу шақты дәрігерге коронавирус жұққаны анықталған.

Ресейде COVID-19 вирусын жұқтырып қайтыс болған медицина қызметкерлері жайлы ресми жеке статистика жоқ. 12 мамырдағы мәліметке сай, бұл елде коронавирус жұқтырғандар 221 344 адамға жеткен.

Қазір Ресей әлемде бұл көрсеткіш жағынан 4-орында тұр. Елде 40 мыңға жуық адам жазылып, 2 мыңнан аса адам қайтыс болған.

11:09 12.5.2020

Уханьда бірнеше адамға коронавирус жұққаны анықталды

Янцзы өзені үстіндегі көпірге жақын маңда көшеде кетіп бара жатқан маска таққан адам. Ухань қаласы, Қытай.
Янцзы өзені үстіндегі көпірге жақын маңда көшеде кетіп бара жатқан маска таққан адам. Ухань қаласы, Қытай.

COVID-19 коронавирусы осыдан бірнеше ай бұрын алғаш рет тараған Қытайдың Ухань қаласында бес адам және елдің солтүстік-шығысындағы Шулань қаласында 16 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған.

Уханьдағы жергілікті билік "кішігірім вирус ошағы" қаладағы бір тұрғын кварталда анықталды деп хабарлаған.

Қытайда коронавирус індетінің беті қайтқан соң, кейінгі апталарда билік қатаң карантин шараларын босаңсытқан. Ухань қаласында сәуірдің басында карантинді тоқтатқан.

Бұған дейін Қытайдың медицина мекемелерінің жетекшілері мен сарапшылар карантин шектеулері алынып, елдің жүрісі көбейгеннен кейін вирус жұқтырғандар тағы көбеюі мүмкін деп ескерткен еді.

11:47 12.5.2020

Алматыда вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр

COVID-19 коронавирусына жедел тест тапсыратын орын ашылатын жерде тұрған адамдар. Алматы, 11 мамыр 2020 жыл.
COVID-19 коронавирусына жедел тест тапсыратын орын ашылатын жерде тұрған адамдар. Алматы, 11 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанның ең ірі қаласында коронавирус жұқтырғандар тағы 26 адамға көбейді деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі сейсенбі, 12 мамырда түс мезгілінде. Сонымен бірге Шымкент қаласында - 6, Жамбыл облысында 7 адамнан вирус табылған.

Қазір, ресми мәліметке сай, Қазақстан бойынша вирус жұқтырғандар 5279 адамға жетті. Барлығы 2108 адам дерттен жазылып, 32 адам қайтыс болды.

Тағы

XS
SM
MD
LG