Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков COVID-19 дертіне шалдықты
Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков коронавирус жұқтырып, ауруханаға түсті. Бұл туралы РИА Новости және Интерфакс ақпарат агенттігі хабарлады.
Песковтың өзі журналистерге "ауырып қалдым, қазір емделіп жатырмын" деген.
Оның жағдайы жайлы хабарланбады.
Песков - президент Путинге ең жақын шенеуніктің бірі. Ол күнделікті Путиннің және Кремльдің мәлімдемелеріне конференц-колл арқылы журналистерге пікір білдіріп жүрген. Песковтің соңғы рет қашан Путинмен жолыққаны белгісіз. Белгілісі, Путин қазір Ново-Огоревтегі резинденциясында және кездесулерінің көбін қашықтан өткізіп жатыр.
Сәуірде Песков жұрт алдына "вирус өткізбейтін блокатормен" шыққан. Бұл "блокатордың" вирустан қорғай алатыны дәлелденбеген.
Бұған дейін Ресей премьер-министрі Михаил Мишустин мен мәдениет министрі Ольга Любимоваға да вирус жұққан. Олардың да қазіргі жағдайы жайлы хабарланбады.
Ресейде вирус жұқтырғандар саны жөнінен әлемде екінші орынға шықты. Бұл елде 232 мыңнан астам адамнан вирус табылды. Екі мыңнан астам адам қайтыс болды. Бірақ Financial Times басылымы Ресейде COVID-19 вирусынан қаза тапқандар саны ресми мәліметтен әлдеқайда көп деп есептейді.
Қазақстанда бір күнде 149 адам дерттен айықты
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 12 мамыр 23.00-ге дейінгі мәліметіне сай, елде сейсенбіде 149 адам COVID-19 дертінен айықты.
Қазір елде 5279 адамға вирус жұқты. 2223 адам дерттен айықты. 32 адам қайтыс болды.
Билік 11 мамырда елде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай режимін аяқтап, бірақ карантинді қалдырған. ТЖ режимі аяқталғандықтан биліктің табыссыз қалған жұртқа беретін 42500 теңге (95 доллар) көмегі де тоқтады.
Елдің бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың шешіміне сай, карантин әр аймақтағы жағдайға байланысты алынады. Маңғыстау облысы, Шымкент қаласы, Атырау облысы, БҚО, Түркістан облысында карантин 25 мамырға дейін, ШҚО-да 1 маусымға дейін созылды. Ал қалған аймақтарда карантин эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды.
Тәжікстан түрмесінде пневмониядан 4 тұтқын қайтыс болды
Тәжікстанның әділет министрлігінің қылмыстық жазаны атқару басқармасының басшысы түрмеде 4 тұтқынның пневмониядан қайтыс болғанын растады.
"Түрмеде адам өлімі болды. Бірақ қайтыс болғандар санының артуы барлық тұтқындар өліп жатыр дегенді білдірмейді" деді Мансуржон Омаров Sputnik Тәжікстан сайтына.
Оның сөзіне қарағанда пневмониядан қайтыс болған тұтқындарда диабет, жүрек-қантамыр аурулары болған.
"Басым бөлігі 50-ден асқан. Арасында Қылмыстық кодекстің 200-бап - "заңсыз есірткімен айналысу" бабы бойынша айыпталған екі тұтқын барын білемін" деді Омаров.
Бұған дейін №1 түрмеде Абдулфайыз Раджабов есімді 47 жастағы тұтқынның қайтыс болғаны хабарланған еді. Туыстары оның COVID-19 ауруынан қайтыс болғанын айтады. Алайда түрме әкімшілігі мұны жоққа шығарып, тұтқын өліміне пневмония себеп болғанын айтады.
Мансуржон Омаровтың айтуынша, қазір дәрігерлер шамамен 30 тұтқынның жағдайын бақылап отыр. Олардың жағдайы - ауыр.
Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Азаттықтың Тәжік қызметінің жазуынша, азаматтық қоғам қысымынан кейін билік елге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерін шақыруға мәжбүр болған.
ДДСҰ сарапшыларының Тәжікстанға сапары қарсаңында азаматтық қоғам өкілдері халықаралық ұйым өкілдерін түрмедегі жағдайға назар аударуға шақырған. Белсенділердің пікірінше, тәжік түрмелерінде кейбір тұтқындарды босатып, санитарлық-дезинфекция шараларын күшейтіп, коронавирус қаупін азайтуға болады.
Қазақстанда тағы 138 адамнан коронавирус табылды
Денсаулық сақтау министрлігі 13 мамыр таңертеңгі сағат 10.00-де Қазақстанда тағы 138 адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Нұр-Сұлтан қаласында - 15, Батыс Қазақстан облысында - 11, Жамбыл облысында - 6, Қарағанды облысында - 3, Түркістан облысында - 4, Атырау облысында - 92, Шығыс Қазақстан облысында - 1, Алматы қаласында 6 адамға вирус жұққан.
Министрліктің хабарлауынша, бұл 13 мамырға қараған түнгі ақпарат.
Елде барлығы 5417 адамға вирус жұққан. 2223 адам жазылған. 32 адам қайтыс болған.