Қырғызстан: Соңғы бір күнде 7 адам COVID-19 ауруына шалдыққан, 17 адам жазылған
13 мамыр күнгі мәліметке сәйкес, Қырғызстанда тағы 7 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Вирус жұқтырғандар 1044 адам болды.
"Бір күнде 1424 зерттеу жүргізілді, соның нәтижесінде жеті адамға вирус жұққаны анықталды. Олар негізінен коронавирус жұққан науқастармен байланыста болған, вирус ошағы анықталды. Осылайша жалпы вирус жұқтырғандар 1044 адам болды" деді денсаулық сақтау вице-министрі Нурболот Усенбаев.
Бір күнде 17 науқас жазылған. Олардың басым бөлігі - Бішкекте. Барлығы 726 адам жазылған.
Науқастар төмендегі қалалар мен облыстардан:
- Бішкек қаласы – 282
- Ош қаласы – 113
- Ош облысы – 181
- Баткен облысы – 24
- Жалалабад облысы – 147
- Шу облысы – 92 (министрлік Ресейдің Орынбор облысынан келген қырғыз азаматтары арасында 56 адамға вирус жұққаны анықталғанын жеке атап өтті, барлығы бақылауға алынған);
- Ыстықкөл облысы – 12
- Нарын облысы – 137
- Талас облысы - 0
Қырғызстанда коронавирустан барлығы 12 адам қайтыс болған.
Помпео Израиль билігімен пандемия және Иран мәселесін талқылайды
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео 13 мамырда Израильге барды. Сапар барысында премьер-министр Биньямин Нетаньяху және үкіметтің өзге де мүшелерімен келіссөз жүргізеді, Таяу Шығыстағы Иран әрекеті мен COVID-19 пандемиясы мәселесін де талқылайды деп айтылады.
Өткен аптада АҚШ мемлекеттік хатшысының Таяу Шығыс елдері бойынша көмекшісі Дэвид Шенкер келіссөз барысында Иранның аймақтағы "ахуалды тұрақсыздандыратын әрекеттері", Сириядағы жағдай, Ливандағы "Хезболла" тобының қимылы сияқты мәселелер талқыланады деп айтқан болатын.
Шенкердің айтуынша, АҚШ қаңтар айында Трамп жариялаған Таяу Шығыстағы бейбіт жоспарын әрі қарай жүзеге асыруға күш салады. Нетаньяху бұл жоспарды жылы қарсы алғанмен палестиналықтар оған түбегейлі қарсы шыққан.
Оқи отырыңыз: Еуроодақ Трамптың Таяу Шығыстағы жағдайды реттеу жоспарын қолдамады
Шенкердің сөзіне қарағанда, Помпео жоспарында Палестинаның лауазымды тұлғаларымен кездесу қарастырылмаған. Ол израильдік БАҚ-та жақында жарияланған ирандық күштер Сириядан кете бастады деген ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартқан.
АҚШ-та ресейлік жасанды тыныс алу аппараттарын қолданудан бас тартты
Америка Құрама Штатының билігі Ресейден әкелінген "Авента-М" маркалы жасанды тыныс алу аппараттарын қайтарып жатыр. Аппараттар қолданылмаған, қоймаларда құр жатқан. Бұл туралы АҚШ-тағы төтенше жағдайды реттеу жөніндегі федералдық агенттікке (FEMA) сілтеме жасаған BuzzFeed хабарлады.
Соңғы аптада Ресейде коронавирус жұққандарды емдейтін екі ауруханада өрт болған. Мәскеу мен Санкт-Петербург ауруханаларында болған өрттен алты науқас қайтыс болды. Әзірге қолда бар ақпарат бойынша, өрттің шығуына "Авента-М" аппараттарында пайда болған ақау себеп болған.
Қауіпсіздік мақсатында Нью-Йорк және Нью-Джерси штаттары ресейлік жасанды тыныс алу аппараттарын FEMA-ға қайтарып жатыр. Агенттік өкілдерінің айтуынша, Петербург ауруханасындағы өрттің себебі анықталғаннан кейін ресейлік аппараттар бойынша түбегейлі шешім қабылданады.
"Авента-М" аппараттары ресейлік Орал құрастыру зауытында (УПЗ) шығарылған. FEMA өкілі ТАСС агенттігіне аппараттардың сәуір айының басында АҚШ-қа жеткізілгенін растаған.
Құрамына Орал құрастыру зауыты кіретін радиоэлектронды технология корцерні (КРЭТ) "Авента-М" аппараттарының қажетті сынақтан өткенін және Ресейде 2012 жылдан бері медициналық мекемелерде қолданылғанын, бұған дейін ешқандай ақау шықпағанын айтқан.
Қазір жасанды тыныс алу аппараттарын АҚШ-қа жеткізу мәселесі де қызу талқыланып жатыр, себебі КРЭТ АҚШ санкциясына ілінген компаниялар тізімінде бар.
Ақпарат бойынша, жасанды тыныс алу аппараттары өзге жабдықтармен бірге штаттарға жеткізілген. Кремль оның гуманитарлық көмек ретінде берілгенін айтқан. Бұған дейін АҚШ-қа жеткізілген жүк тауарының басым бөлігіне ақша төленгені белгілі болған.
Twitter қызметкерлеріне карантиннен кейін де үйден жұмыс істеуге рұқсат берді
Twitter компаниясы қыркүйекке дейін кеңселерін ашпайтынын, көп қызметкерлеріне індет тоқтағаннан кейін де үйден жұмыс істеуге рұқсат беретінін айтты.
Twitter өкілінің айтуынша, соңғы айларда компания қызметкерлерінің карантинге байланысты үйден жұмыс істеуі өндіріс процесіне әсер етпеген. Ол кеңселердің біртіндеп жұмысқа оралатынын айтты.
Google және Facebook компаниялары да жақында қызметкерлерінің басым бөлігі жыл соңына дейін үйден жұмыс істеуі мүмкін деп мәлімдеген.