Әлемде коронавирустан 300 мыңнан астам адам қайтыс болды
Америкалық Джон Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар 300 мың адамнан асты. Эпидемия тарағалы бері 4 миллионнан астам адамнан коронавирус табылған. Шамамен 1 млн 700 мыңнан астам адам жазылған.
Науқастар саны жағынан АҚШ әлем бойынша алда тұр. Мұнда 1 млн 400 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 86 мыңнан астам адам қайтыс болған.
АҚШ-тан кейін тұрған Ресейде ресми мәлімет бойынша, 250 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 2 мыңнан астам адам қайтыс болған.
Үшінші орында тұрған Ұлыбританияда 230 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Шамамен 33,5 мың науқас қайтыс болған.
Жақында британдық Financial Times және америкалық New York Times басылымы Ресейдің ресми дерегін талдай отырып, Мәскеу мен Санкт-Петербургте коронавирустан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен 70 пайызға артық болуы мүмкін деп хабарлаған. Ресей СІМ ақпаратты жоққа шығаруды талап етті.
Оқи отырыңыз: Ресей батыс басылымдарын вирустан қайтыс болғандар саны туралы мақалаларды жоққа шығаруға шақырды
Коронавирустың жаңа түрі былтыр желтоқсан айының соңында Қытайда тарай бастаған. Инфекция біртіндеп әлем елдеріне жайылды. АҚШ Қытайды індет қаупі туралы дер кезінде ескертпеді деп айыптайды. Пекин барлық айыпты жоққа шығарады.
Қырғызстанда екі адам коронавирустан қайтыс болды
Денсаулық сақтау вице-министрі Нурболот Усенбаевтың айтуынша, 15 мамырда таңертең Нарын облысында - 84 жастағы әйел адам, Бішкекте 55 жастағы ер адам қайтыс болған.
"Әйел адам ұзақ ауырды. Наурыз-сәуір айларында созылмалы аурулары асқынған. Кеше (14 мамырда) тағы ауруы асқынып, реанимацияға ауыстырылды. Емдеу шараларына қарамастан ауруханада көз жұмды. ПЦР-анализ коронавирус жұққанын анықтады. Жерлеу кезінде барлық санитарлық ережелер сақталған. Ер адам ауруханаға 28 сәуірде түскен. Аурулары асқынғандықтан реанимацияда жатты. Емдеу шараларына қарамастан ол да бүгін таңертең қайтыс болды" деді вице-министр.
Қырғызстанда барлығы 1111 адамнан коронавирус табылған. 14 адам қайтыс болған. 745 адам жазылған.
Нұр-Сұлтанда коронавирустан екі адам қайтыс болды
Коронавируспен күрес жөніндегі штаб Нұр-Сұлтанда коронавирустан екі адамның қайтыс болғанын хабарлады. 13 мамырда 1958 жылғы әйел адам және 1977 жылғы ер адам қайтыс болған. Науқастар жайлы басқа ақпарат айтылмайды. Елде COVID-19 ауруынан қайтыс болғандар 34 адамға жетті.
Штабтың мәліметі бойынша, соңғы бір күнде Қазақстанда 118 адамға коронавирус жұққаны анықталған. Ең көбі Ақтөбе облысында (29 адам) тіркелген. Елде барлығы 5689 адамға вирус жұққан.
Бір күнде 123 адам жазылған. Барлығы 2531 адам COVID-19 ауруынан айыққан.
ПАСЕ Бакуды эпидемиямен күресті пайдаланып, оппозицияға қысым жасамауға шақырды
Еуропа Кеңесі парламенттік ассамблеясы сарапшыларының айтуынша, 15-тен астам әзербайжан журналисі мен белсендісі "карантин ережелерін бұзды" және "полицияға бағынбады" деп айыпталып, 30 күнге дейін қамалған. Ассамблея өкілдері індет тарап жатқан шақта Бакуде қамауда отырғандардың өміріне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды.
ПАСЕ Әзербайжан билігін пікір айту құқығын сақтап, COVID-19 пандемиясымен күрес шараларын саяси оппоненттерін қудалау мақсатында пайдаланбауға шақырды.
"Шекарасыз тілшілер" ұйымының "Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі индексінде" Әзербайжан 180 елдің арасында 168-орында тұр. Бір жыл бұрын оның рейтингісі 166-орында болған.