Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:45 15.5.2020

Нұр-Сұлтанда қоғамдық көліктің жұмыс істеу уақыты ұзартылды

15 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік таңертеңгі сағат 6.00 мен түнгі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл туралы жұма күні City Transportation Systems компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін автобустар таңертеңгі сағат 7.00 мен кешкі 21.00 аралығында жүрген.

Наурыз айының соңында Нұр-Сұлтанда қоғамдық көлік карантинге байланысты тоқтап қалған. болатын. 11 мамырда елде төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ертесінде қала ішінде автобустар жүре бастаған. Әзірге қала сыртындағы елдімекендерге баратын автобустар тоқтап тұр.

13:44 15.5.2020

Блокпосттардан ақпарат таратып, жауапқа тартылған белсенді пикет өткізді

Бүгін, 15 мамырда Алматыда азаматтық белсенді Юрий Маленьких әкімшілік сот ғимараты алдында жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол өзіне қатысты сәуір айында шыққан сот қаулысына қарсылығын білдіріп, апелляциялық шағым түсіргенімен, бір айдан аса уақыттан бері оны тіркемей отырған сотқа наразылығын жеткізді.

«Сот жүйесіндегі бассыздыққа қарсымын» (Протестую против произвола судебной системы РК) деген жазуы бар плакатты ашқаны сол еді, белсендіге жергілікті әкімдік өкілі Бекжан Сәрсенбаев келіп, бұл әрекеттің рұқсат етілмегенін ескертті.

- Мен бейбіт пикет жасау үшін келдім. Мәселемнің шешілгенін қалаймын. Геннадий Крестьянский екеуімізді «билік өкілінің талабына қасақана түрде бағынбады» деп, заңсыз әкімшілік жазаға тартты. Ондай жайт болған жоқ, біздің атымыздан жалған шағым түсірген, - дейді Маленьких.

Азаматтық белсенді Юрий Маленькихтің әкімшілік сот алдындағы бір адамдық пикеті. 15 мамыр 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Юрий Маленькихтің әкімшілік сот алдындағы бір адамдық пикеті. 15 мамыр 2020 жыл.

Наурыз айының ортасында коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін белсенділер Юрий Маленьких пен Геннадий Крестьянский Алматыдағы блокпосттарды аралап, оның жұмысын баяндап, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан. Видеода белсенділер қалаға шығаберісте қойылған блокпосттардан тыйым салынғанына қарамастан өтуге мүмкіндік барын, полицейлер жетіспейтінін айтып, бұл жерге бейнекамералар орнату қажеттігін айтқан. Посттағы кей қызметкерлердің өздері қауіпсіздік ережелерін сақтамай жүр деп сынаған.

Үш күннен соң, 29 сәуірде Юрий Мальенькихке «Билiк өкілінің талабына қасақана бағынбау» (478-бап) бабы бойынша айып тағылып, оны екі тәулікке қамау туралы қаулы шыққан.

- Менде адвокат болмағандықтан сол күні апелляциялық шағым түсіре алмадым. Изолятордан шыққаннан кейін шағым түсіру үшін сотқа келіп едім, мұндағылар карантин деп шағымды онлайн түсіру керектігін айтты. Мен онлайн түсіре алмаймын, сондықтан пошта арқылы жібергем. Курьер сотқа барғанмен одан шағымды қабылдамаған. Енді міне, бір жарым айдан аса уақыт өтті, шағымым әлі тіркелген жоқ, - деді белсенді.

Сәлден соң сот ғимаратының алдында тұрған Юрий Маленьких шағымды жіберген курьерге хабарласып, шағымын соттың канцеляриясы қабылдап алғанын білді. Бірақ шағым уақыты өтіп кеткендіктен енді сот төрағасының атына арыз жазып, шағымын қарауды сұрауы тиіс екен. Бір жарым сағаттан аса уақыт өткеннен кейін белсенді шағымын жазып, канцелярияға тастап кетті.

14:13 15.5.2020

Ақтөбеде жедел жәрдем қызметкерлері үстемақының толық төленбегеніне наразы

15 мамыр күні Ақтөбе облыстық жедел жәрдем бекетінің қызметкерлері «үстемақы толық төленбеді» деп наразылық жиынын өткізді. Олардың айтуынша, бекет басшылары уәде етілген 100 мың теңге үстемақының орнына 34 мың теңгеден төлеген.

- Сәуірдің соңында қолымызға 34 мың теңгеден үстемақы тиді. Құжаттарда әрқайсымызға 43 мыңнан берілді деп көрсетіліпті. Он мыңға жуығын міндетті төлемдер үшін ұстаған. Сыйақыдан салық ұсталушы ма еді?! Қалған төлемді «11 мамырға дейін береміз» деп алдарқатып келді. Бүгін - 15 мамыр. Күн сайын басымызды қатерге тігіп жүргендіктен үстемақыны толық төлеуді талап етеміз, - дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Бауыржан Исмаилов.

Наразылық кезінде шағымын айтып тұрған жедел жәрдем қызметкерлері. Ақтөбе, 15 мамыр 2020 жыл.
Наразылық кезінде шағымын айтып тұрған жедел жәрдем қызметкерлері. Ақтөбе, 15 мамыр 2020 жыл.

Тағы бір жүргізуші Арман Құлымбетов «арнайы жасақталған бригадалардың жүктемесі көбейіп кеткен күндері коронавируспен күреске біз де жұмыламыз» дейді.

- Арнайы жасақталған бригадалар ғана емес, біз де күн сайын қауіп-қатер ортасында жүрміз. Оның үстіне бізге қорғаныш костюмі берілмейді. Алатынымыз - тәулігіне төрт маска. Мына костюмнің сыртында «одноразовый» (бір реттік) деп жазылған. Бір айдан бері берілгені осы бір түйір костюм ғана, - дейді Арман Құлымбетов.

Облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов қызметкерлерінің сөзін жоққа шығарып, «күніне әр адамға 8 маска беріледі, қорғаныш костюмдерін де жиі ауыстырамыз» деген еді. Наразы топ «олай емес» деп бас дәрігерді сөйлетпей қойды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, медицина мекемелерінде костюм мен маска тапшылығы жоқ. «Жедел жәрдем қызметкерлерінің неліктен тәулігіне төрт маскамен шектеліп отырғанын тексереміз» деді.

- Облыста коронавируспен күрес үшін арнайы жабдықталған 24 бригада бар. Олар тиісті төлемді республика бюджетінен үзбей алып отыр. Қалған 28 бригадаға ауру жұқтыру қаупі жоқ дей алмаймыз. Сондықтан оларды қолдап, облыс бюджетінен 100 мың теңгеден береміз дегеніміз рас. Бірақ бірден емес, бөліп береміз. Өйткені, елдегі экономикалық ахуал күрделі, – дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиев.

Жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығын полиция сырттай бақылап тұрды. Бірнеше рет "тараңдар" деп ескерту жасады. Шамамен бір-екі сағаттан соң жиналған топ тарады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, наурыз айының соңында жедел жәрдем бекеті қызметкерлерін қолдау үшін облыс бюджетінен 24 млн теңге бөлінген. Жуырда тағы 31 млн теңге бөлінуі керек.

15:21 15.5.2020

БАҚ: Нұр-Сұлтанда коронавирустан қайтыс болған әйел дәрігер болып жұмыс істеген

Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, 13 мамырда қалада коронавирустан қайтыс болған әйел адам үйде өзін емдеген, ер адам карантинде болған.

"Өкінішке қарай, 13 мамырда екі адам қайтыс болды. 1958 жылғы әйел адам және 1977 жылғы ер адам. Екеуі де Нұр-Сұлтан тұрғындары. Әйел адам он шақты күн үйде болып, өзін емдеуге тырысқан. 31 наурызда жағдайы нашарлаған. Науқасты хаттамаға сәйкес емдеген. Реанимация шараларына қарамастан қайтыс болды" деді Сәуле Қисықова 15 мамыр күнгі онлайн-брифингте.

Аурухана палатасы. Көрнекі сурет.
Аурухана палатасы. Көрнекі сурет.

Sputnik Kazakhstan сайтының жазуынша, вирустан қайтыс болған әйел адам зейнетке шықса да Нұр-Сұлтанда жеке медициналық ұйымда дәрігер болып істеген. Оған вирус қайдан жұққаны айтылмайды.

Сәуле Қисықованың айтуынша, ер адамға коронавирус жақындарынан жұққан. Төрт күн бойы үйде карантинде болған. 17 сәуірде жедел жәрдем көлігімен инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Жағдайы нашарлаған соң 22 сәуірде реанимацияға ауыстырылған.

"Науқас соңғы екі жыл бойы өзге аурулармен ауырған" деді Қисықова.

Нұр-Сұлтанда барлығы бес адам коронавирустан қайтыс болған.

Денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметі бойынша, астанада 1173 адамнан коронавирус табылған. 588 адам жазылған. Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан Нұр-Сұлтан республика бойынша Алматыдан кейін екінші орында тұр. 14 мамырда мұнда науқастар қатарына 25 адам қосылған.

Басқарма өкілінің айтуынша, науқастардың 4 пайызының жағдайы ауыр, 17 пайызының ахуалы орташа, 79 пайызында ауру жеңіл өтіп жатыр. Стационарда 661 адам емделіп жатыр. Бір адам жасанды аппаратпен тыныс алып жатыр.

Қазақстанда барлығы 5689 адамнан коронавирус табылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG