Ресейде коронавирус жұқтырғандар саны қайта өсті
Ресейде соңғы бір күнде коронавирус жұқтырғандар саны қайта 10 мыңнан асқан. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі штаб хабарлады.
Эпидемия басталғалы бері Ресейде ресми статистика бойынша, 262 843 адамнан коронавирус табылған. 2418 адам қайтыс болған. (Бұл мәліметке күмән келтірген зерттеулер де бар). 58 226 адам жазылған.
3 мамырдан бастап елде күніне шамамен 10-11 мың адамнан коронавирус табылып, жақында науқастар саны 10 мыңнан төмендеген болатын.
Қазақстанда 161 адамнан коронавирус табылды, 176 адам жазылды
Қазақстанда соңғы бір күнде коронавирус жұққан 161 адам анықталды, 176 адам жазылды. Бұл туралы 16 мамырда таңертең коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.
Жұма күні ең көп науқас Атырау облысы (32), Нұр-Сұлтан (26) және Алматы қаласында (20) анықталған. Республика бойынша жалпы "өсім 2,8 пайызды құраған".
Елде барлығы 5850 адамға коронавирус жұққан. 2707 адам жазылған. 34 адам қайтыс болған.
Еуропада бірінші болып Словения індетті жеңгенін мәлімдеді
Еуропада бірінші болып Словения коронавирус індетін жеңгенін ресми түрде мәлімдеді. Соңғы екі аптада мұнда тек 35 адамнан коронавирус табылған.
Словения - індетке байланысты қатаң шаралар енгізген Еуропадағы алғашқы мемлекет. Наурыз айында енгізілген шектеулер сәуір айының ортасында алына бастады. Қазір билік бірнеше көрші мемлекетпен шекарасын ашқан. Ол жақтан келгендердің карантиннен өтуі шарт емес. Дегенмен басқа елдерден келген азаматтар екі апта карантинде болуы керек.
"Эпидемияны жеңдік" деп мәлімдеген Словения билігі барлық шектеу шаралары алынатынын хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, Словенияда 1,5 мыңға жуық адамнан коронавирус табылған. 103 адам қайтыс болған.
- 15 мамырда Эстонияның әлеуметтік істер жөніндегі министрі Таниель Кийк COVID-19 эпидемиясы елде уақытша аяқталды деп айтуға болады деген еді. 15 мамырдан бастап Литва, Латвия және Эстония өзара шекараларын ашқан. Балтық елдері аумағынан 14 күн ішінде ешқайда шықпаған тұрғындар үш мемлекет арасында еркін жүре алады. Өзге мемлекеттен келгендер бұрынғыдай екі аптаға созылатын карантиннен өтуі тиіс.
- Еуроодақ елдері коронавирусқа байланысты наурыз айының ортасынан бастап елге кіруге шектеу қойып, шекараларын жаба бастаған. Бірақ одақ аумағында жүк тасымалдау тыйылмаған. Қазір Австрия, Швейцария сияқты бірқатар мемлекеттер көрші елдермен шекараларын ашуға тырысып жатыр. Дегенмен Шенген аймағына кіретін елдерге үшінші елден келген (арасында Ресей де бар) азаматтардың кіруіне тыйым салынған. Бұл тыйым 15 маусымға дейін күшінде қалады.
Тәжікстанда бір күнде 211 адамнан коронавирус табылды, 4 адам қайтыс болды
15 мамыр кешкі сағат 17.00-дегі ақпарат бойынша Тәжікстанда бір күнде 211 адамнан коронавирус анықталған. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. 4 адам қайтыс болған. Бір күнде 477 адам жазылған.
Денсаулық сақтау министрлігінің айтуынша, елде барлығы 1118 адамға вирус жұққан, 33 адам қайтыс болған.
Дегенмен тұрғындар ресми статистикаға күмән келтіреді. Олардың пікірінше, науқастар саны бұдан да көп болуы мүмкін. Әлеуметтік желіде коронавирустан көз жұмған таныстары мен жақындары, достары туралы пост жазғандар көбейген.
12 мамырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Патрик О'Коннор Душанбедегі баспасөз мәслихаты кезінде Тәжікстанда эпидемиологиялық ахуал нашарлап, вирус тез тарап жатқанын, профилактикалық шаралардың маңызын атап өткен.
Тәжікстан билігі бұған дейін ұзақ уақыт елде коронавирус барын мойындамай келген. Бірақ "пневмониямен ауырып, қайтыс болғандар саны" күрт көбейген. Әлем елдері пандемиямен күресіп, шектеу шараларын енгізіп жатқан кезде Тәжікстанда қоғамдық шаралар ұйымдастырылып, көпшілік баратын орындар ашық болған.
ДДСҰ ұйымының сарапшысы Патрик О'Коннор алдағы күндері қолданылатын шаралар адам өмірін сақтап қалуда шешуші рөл атқарады деді.