Өзбекстан карантин мерзімін тағы екі аптаға ұзартты
Өзбекстан коронавирусқа байланысты енгізген карантин мерзімін тағы 15 күнге ұзартты. Дегенмен елде бірқатар шектеу шаралары алынған.
Үкіметтің арнайы комиссиясы 14 мамырда карантин мерзімі кемінде 1 маусымға дейін күшінде қалатынын мәлімдеді. Бірақ кейбір кәсіпорындарға жұмысын жалғастыруға рұқсат етілмек.
Орталық Азиядағы халқы ең көп мемлекетте ресми мәлімет бойынша, 2652 адамнан коронавирус табылған, 11 адам қайтыс болған.
Көрші Қазақстанда 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғанмен билік карантин шаралары эпидемиологиялық ахуалға қарай біртіндеп алынатынын айтқан. Елде барлығы 5850 адамнан коронавирус табылған, 34 адам қайтыс болған.
Тәжікстанда вирус жұқтырғандар 1118 адамға жетті, 33 адам қайтыс болған. Қырғызстанда 1117 адамға вирус жұққан, 14 адам қайтыс болған.
Түркіменстан - Орталық Азия аймағында ресми түрде коронавирус табылмаған жалғыз мемлекет. Бірақ тәуелсіз БАҚ пен ашықтықтың жоғын алға тартқан сарапшылар бұған күмәнмен қарайды. Елде дәрігерлердің коронавирус туралы айтуына тыйым салынған, медициналық маскалар тағуға рұқсат етілмеген, ғаламдық індет жайлы айтқан азаматтар жазаланады.
Алматыда коронавирус жұққан орталық аурухана қызметкері қайтыс болды
Алматыда коронавирус жұққан орталық қалалық клиникалық аурухананың қызметкері қайтыс болды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған жергілікті ақпарат агенттіктері хабарлады.
"Ол ауруханада лифтер болып жұмыс істеген. 16 сәуірде одан SARS CoV-2 ПТР анализі алынған болатын. Тест оң нәтиже көрсеткен соң науқас инфекциялық стационарға ауыстырылған. Хаттамаға сәйкес, жан сақтау бөліміне жатқызылған болатын" деді басқарма өкілдері.
Олардың айтуынша, қазір адам өлімін зерттеу бойынша комиссия науқас өлімінің негізгі себебін анықтап жатыр.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққан науқастардың өлімін арнайы комиссия зерттейтінін хабарлаған. Егер комиссия "науқастың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болғанын анықтаса", онда бұл адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар статистикасына енгізілмейді.
Алматы қаласы (1709) коронавирус жұқтырғандар саны бойынша республикада алда тұр. Мамырдың 10-ы күнгі дерек бойынша, қалада 607 медициналық қызметкерге коронавирус жұққан. Олар Алматыда коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған науқастардың шамамен 36 пайызын құрайды.
Комиссия шешімі: Нұр-Сұлтандағы науқас коронавирустан қайтыс болған жоқ
Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы комиссия "13 мамырда коронавирустан қайтыс болды деп хабарланған 62 жастағы Нұр-Сұлтан тұрғынының өлімінің себебі COVID-19 емес" деген шешім қабылдаған. Бұл ақпаратты 16 мамырда Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің сайты хабарлады. Хабарламада науқастың жүрек-қантамыр аурулары асқынып кеткені жазылған.
Бұған дейін қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы әйел адамның он шақты күн үйде өзін емдеуге тырысқанын хабарлаған еді. Ақпарат бойынша, науқас жеке медициналық ұйымда дәрігер болып істеген.
Осылайша Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, 33 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұған дейін комиссия Арқалық пен Нұр-Сұлтанда қайтыс болған екі адамның өлімін де коронавируспен байланыстырмаған еді.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұққан науқастардың өлімін арнайы комиссия зерттейтінін хабарлаған. Егер комиссия "науқастың өліміне коронавирус емес, басқа ауру себеп болғанын анықтаса", онда бұл адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандар статистикасына енгізілмейді.
Тәжікстан парламенті төменгі палатасының спикері "пневмониядан" жазылып шықты
Бұл ақпаратты Тәжікстанның денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның ресми хабарламасында спикер Махмадтоир Зокирзоданың 15 мамырда қалалық инфекциялық ауруханадан шыққаны жазылған. Министрліктің алдыңғы жіберген хабарламасында Зокирзоданың 5 мамырда ауруханаға түскені жазылған болатын. Бірақ бұл хабарлама кейінірек өшірілді. Онда шенеунікке қандай диагноз қойылғаны айтылмайды.
Бұған дейін бұл ақпарат спикерге коронавирус жұқты деген сыбысты өршіткен, бірақ бірнеше депутат бұл ақпаратты жоққа шығарған. 63 депутаттан құралған парламенттің төменгі палатасында президент Эмомали Рахмонның ұлттық-демократиялық партия өкілдері басым.
Тәжікстан билігінің мәліметінше, елде 1322 адамнан коронавирус табылған, 36 адам COVID-19 ауруынан қайтыс болған. 30 сәуірге дейін билік елде коронавирус барын мойындамай келген. Алғашқы науқастар туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Тәжікстанға сапары қарасаңында ғана белгілі болды. Елде көптеген тұрғын ресми дерекке сенбейді. Олар үкімет науқастар саны туралы статистиканы төмендетіп көрсетеді деп санайды.