Ресейде коронавирус жұқтырғандар азая бастады
Ресейде соңғы бір күнде коронавирус жұқтырғандар 10 мыңға жетпеген. Мұнда қатарынан екінші күн жаңа науқастардың азайғаны байқалған.
Ресми мәлімет бойынша, 16 мамырда елде 9709 адамнан коронавирус табылған. Оның 3855-і Мәскеу қаласында тіркелген. Бір күнде 94 адам қайтыс болған.
Елде жалпы вирус жұқтырғандар 281 мыңнан (АҚШ-тан кейін екінші орында тұр) асқан, 2631 адам қайтыс болған. Ресми мәлімет бойынша 67 мыңнан астам адам жазылған.
Ресей коронавирусқа байланысты карантин шараларын наурыз айының соңында енгізе бастаған. Эпидемия шарықтау шегіне жеткен кез - мамыр айының басында күн сайын 10-11 мыңнан астам адамнан коронавирус табылып жүрді.
11 мамырда Ресей президенті Владимир Путин аймақта эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқшаулану режимінің күші біртіндеп жойылады деп мәлімдеген. Коронавирус жұқтырғандар көптігі жағынан бірінші орында тұрған Мәскеуде әзірге шектеу шаралары алынған жоқ, қазір адамдар үйден шығып, көшеде еркін жүре алмайды. Бірақ құрылыс пен өнеркәсіп орындары жұмыс істей бастады. Мәскеу билігі келесі аптаның аяғында шектеу шаралары жұмсаруы мүмкін екенін айтқан.
Қарағанды облысында Ботақара ауылы карантинге жабылады
Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара ауылында 10 адамнан коронавирус табылды. Билік ауылда санитарлық-эпидемиологиялық ахуал нашарлағандықтан 18 мамырдан бастап карантинге жабылады деп хабарлады.
Қарағанды облысының бас санитар дәрігері Қанат Асқаров тұрғындардың ары-бері жүруіне тыйым салынатынын айтты.
"Ауылда карантин аумағының периметрі анықталып, кіріп-шығу пункті, блокпостар қойылады. Ауыл ішінде арнайы қызмет көліктерінен басқа барлық көлік түрлерінің қозғалысына тыйым салынады. Қоғамдық көлік тоқтайды. Жұмыс істеуге рұқсат етілген нысандар санитарлық ережелерді сақтауы керек" деді Қанат Асқаров.
Биліктің бағалауынша, Қарағанды облысында әлі қауіп сейілмеген. "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Нұрқазған" кәсіпорнында 15 жұмысшыдан коронавирус табылған. Алғаш рет жұмысшылар арасында коронавирус 6 мамырда анықталған.
Дегенмен 18 мамырдан бастап Қарағанды облысында Теміртау қаласы мен Ботақара ауылынан басқа барлық елдімекендерде карантин шаралары келесі кезең бойынша жұмсара бастайды. Облыс әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыровтың сөзіне қарағанда автовокзалдар мен автостанциялар ашылады, қалааралық маршруттар жүре бастайды. Бассейннен басқа спорт нысандары жұмысқа кіріседі. Бірақ көрермендер қатысатын қоғамдық шара өткізуге рұқсат етілмеген. 25 мамырдан бастап балабақшаларда кезекші топтар жұмыс істей бастайды.
17 мамыр күнгі ақпарат бойынша, Қарағанды облысында 245 адамнан коронавирус табылған, 146 адам жазылған. Үш адам қайтыс болған.
Өзбекстанда министрлік "вирус жұқтырды" деп айыпталған дәрігерді қорғады
Өзбекстан денсаулық сақтау министрлігі 30-дан астам адамға вирус жұқтырды деп айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған самарқандтық дәрігерді қорғады. Бұған дейін Самарқанд облыстық прокуратурасы жергілікті ауруханалардың бірінде бөлім басшысы болып істейтін дәрігердің үстінен қылмыстық іс қозғаған болатын. Коронавирус жұққандар арасында дәрігердің жұбайы, жақындары, әріптестері мен ауруханада жатқан науқастар бар.
Прокуратура дәрігерді "COVID-19 вирус белгілерін біліп тұрып, медициналық көмекке жүгінбей, үйде емделген" деп айыптады.
Денсаулық сақтау министрі Әлішер Шадманов бас прокурорға өтініш жолдап, дәрігердің үстінен негізсіз қозғалған қылмыстық істі жабуды сұрады.
Денсаулық сақтау министрлігінің заңгері Руслан Мухаммадиев Telegram парақшасында Өзбекстан заңнамасына сәйкес, коронавирусқа анализ тапсырмаған адам дене қызуы көтерілгені үшін жауапқа тартылмауы тиіс деп жазды.
Министр: Дағыстанда 650-ден астам адам пневмониядан қайтыс болды
Дағыстанның денсаулық сақтау министрі республикада 650-ден астам адамның "пневмониядан" қайтыс болғанын хабарлады. Олардың арасында 40 дәрігер бар. Бұл туралы блогер Руслан Курбановқа берген сұхбатында министр Жамалудин Гажибрагимов хабарлады. Бұл сұхбат Instagram-да жарияланды.
Министрдің сөзіне қарағанда Дағыстанда соңғы ақпарат бойынша, 12 мыңнан астам адам ауруханадан тыс жерде "пневмонияға" шалдыққан.
Ресми мәлімет бойынша, республикада 3280 адамнан коронавирус табылған, 27 адам қайтыс болған. Яғни ресми түрде "пневмониядан" көз жұмғандар саны COVID-19 ауруынан қайтыс болғандардан әлдеқайда көп.
Министр сұхбат кезінде пневмониямен ауырғандарды коронавирус инфекциясы жұққандар сияқты емдейтінін растады.
Бұған дейін Ресейдің өзге аймақтарында да осыған ұқсас оқиға болғаны хабарланған.
Ресейде ресми мәлімет бойынша, коронавирус инфекциясынан 2500-ден астам адам қайтыс болған, 270 мыңнан астам адамнан вирус табылған. Ресми түрде коронавирустан қайтыс болғандар саны өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда аз.
Жақында британдық Financial Times және америкалық New York Times басылымы Ресейдің ресми дерегін талдай отырып, Мәскеу мен Санкт-Петербургте коронавирустан қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен 70 пайызға артық болуы мүмкін деп хабарлаған. Ресей СІМ ақпаратты жоққа шығаруды талап еткен.
Дегенмен Ресейдің денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірмесіне сәйкес, егер дәрігерлер коронавирус жұққан науқастың өлімінің негізгі себебі басқа ауру деп таныса, онда науқас коронавирустан қайтыс болды деп саналмайды.