Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандар 283 адамға көбейді
Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар өсімі 4,6% құрап, 6440 адамға жетті. Бұл туралы 18 мамыр күні таңертеңгі сағат 9-да денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Әсіресе, Атырау облысы мен Шымкент, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында ондаған адамнан вирус анықталған.
- Ақмола облысы - 1
- Алматы облысы - 3
- Атырау облысы - 86
- Жамбыл облысы - 2
- Батыс Қазақстан облысы - 13
- Қарағанды облысы - 18
- Қостанай облысы - 1
- Қызылорда облысы - 1
- Маңғыстау облысы - 8
- Павлодар облысы - 3
- Түркістан облысы - 19
- Солтүстік Қазақстан облысы - 2
- Алматы қаласы - 46
- Нұр-Сұлтан қаласы - 20
- Шымкент қаласы - 60.
17 мамырдағы мәліметке сай, 13 наурыздан бері коронавирустан 3256 науқас жазылып, 34 адам қайтыс болған.
Қырғызстанда 80-ге жуық адамнан вирус табылды. Көбі - Ресейден келгендер
Қырғызстанда коронавирус жұқтырған 78 адам анықталды, олардың 46-сы - Ресейден оралғандар. Бұл туралы 18 мамырда елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев мәлімдеді.
"Бұған дейін Соль-Илецкіден (Ресей) оралған 58 адамнан вирус табылған еді, енді тағы 43 адам қосылды. Кеше Санкт-Петербургтен келген он адамның вирус жұқтырғаны анықталса, бүгін тағы үш адамға көбейді. Қазір азаматтарымыз (шетелден) оралып жатыр, бәрін бақылауға алдық. Обсервацияда барлығы 2236 адам бар" деді шенеунік.
Дүйсенбідегі мәлімет бойынша, Қырғызстанда коронавирус жұқтырғандар 1216 адамға жеткен. Оның 101-і - Реседен оралғандар.
Осы кезге дейін елде коронавирустан 14 адам көз жұмған.
Алматы облысында карантин шектеулерін босаңсытты
Алматы облысының бас санитар дәрігерінің қаулысымен 18 мамырдан бастап өңірде коронавирус инфекциясы әлі басылмаған Талдықорған қаласы, Талғар мен Кеген аудандарынан өзге қалалар мен аудандар арасындағы блокпосттар алынды.
Қаулыға сәйкес, супермаркет, азық-түлік дүкендері, дәріханалар мен ветеринарлық дәрі-дәрмек сататын орындармен қоса екінші деңгейдегі банктер, кредит, микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, сауда-логистикалық орталықтар, қоймаларға, сауналар (қоғамдық моншадан басқа), массаж орталықтарына, балабақшаның кезекші тобына жұмыс істеуіне рұқсат беріледі.
Сонымен бірге бас санитар дәрігер қоғамдық орындар мен өнеркәсіп аумақтарын, әуежайларды, көпқабатты үйлер аумағындағы ойын алаңдары мен өзге де орындарды санитарлық-дезинфекциялық шараларды жалғастыруды тапсырған.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирус пандемиясы байланысты жариялаған төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталған. Алайда билік індет басылмай отырған Алматы, Нұр-Сұлтан мен өзге де кейбір қалаларда карантин жалғасатынын мәлімдеп, блокпостарды қалдырған. Облыс аймағында тұратын азаматтар жалдамалы жұмыс істеп, нәпақа табатын Алматы қаласына кіре алмағанына наразылық білдірген.
18 мамырдағы мәліметке сай, Алматы облысында коронавирус жұқтырғандар - 209 адам, оның 10-ы аймақ орталығы Талдықорған қаласында анықталған.
Министрлік вирус жұқтырғандардың көбеюін жаппай скринингпен байланыстырады
Ақтөбе, Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарында өткен аптада вирус жұқтырғандардың өсімі 7 пайыздан асып кеткен. Ал СҚО, Алматы облысы, Павлодар облысы, Қарағанды облысында және Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында вирустың тарауы жеті пайызда сәл аз. ШҚО, Қызылорда және Маңғыстау облысында бес пайыздан төмен. Бұл туралы 18 мамырда Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы онлайн сұхбатта тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау комитетінің басшысы Тимур Сұлтанғазиев хабарлады.
Қазақстанда өткен аптада 1350 адамнан коронавирус табылып, дертке шалдыққандар 6,5 мыңға жуықтады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы елде вирустың тарауы 2-5 пайызды құрайды.
Сұлтанғазиев министрліктің осыған дейінгі «мамыр айына дейін елде 5300 адамнан вирус табылады» деген болжамының дұрыс шықпай қалғанын, вирус жұқтырғандардың өсіп жатқанын жаппай скрининг тестің көбейгенімен байланыстырады. Ресми дерек бойынша, қазір Қазақстан күнгі күндері 20 мыңнан астам адамнан анализ алған.
Кейінгі күні Атырау мен Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында вирус жұқтырғандар күрт көбейді. Мәселен, 17 мамырда Атырау облысында 87 адамнан, Шымкенте 60 адамнан, Түркістан облысында 19 адамнан вирус табылды.
Сұлтанғазиевтің сөзінше, Атырау облысында «Теңізшевройл» мұнай-газ кәсіпорны, Шымкенттегі «Петройл Қазақстан» өндіріс орны вирус ошағына айналған. Ал Түркістан облысында COVID-19 дертіне шалдыққандардың көбі «Теңізшевройлдың» вахтасынан келген. Министрлік өкілі «Теңізшевройл» мен «Петройл Қазақстанның» вирус ошағына айналуына жұмыс берушілердің карантин мен сақтық шараларының сақтамауынан деп санайды.
Министрлік Атырау мен Түркістан облысында, Шымкент қаласында карантин шаралары сақталатынын, егер жағдай дұрысталмаса, шектеу күшейтілетінін мәлімдеді.
Министрлік өкілі қалалар мен елдімекендер арасында көлік және теміржол қозғалысына рұқсат беру әлі ерте деп санайды.
"Егер қалалар мен елдімекендер арасында көлікпен жүруге рұқсат берсек, адамдар жаппай көлігін пайдаланып, бір жерден екінші жерге барады. Бірақ ол адамның осыған дейін қайда болғанын, кіммен байланыс жасағанын ешкім білмейді. Бұл қауіпті" деді Сұлтанғазиев.
18 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда Орталық базар, 50 адамдық орны бар кафелер, жазғы кафелер, балабақшалар жұмысын бастады. Алматыда 25 мамырдан бастап Алматыда аумағы 500 шаршы метрді құрайтын сауда орындары, қонақүйлер мен жазғы террассасы бар кафелер ашылады.
Билік карантин шаралары әр аймақтағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты жеңілдейтінін мәлімдеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің 18 мамыр 17.00-дегі мәліметіне сай, елде 6440 адамнан вирус табылды. 3311 адам дерттен айықты. 34 адам қайтыс болды. Министрлік жанындағы комиссия коронавирус жұқтырған кемінде үш адамның өліміне басқа дерт себеп болды деген шешім шығарып, оны ресми статистикаға қоспады.