Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:10 19.5.2020

АҚШ-та коронавирус вакцинасының адамға жасалған сынағы сәтті аяқталғаны хабарланды

Коронавирусқа қарсы вакцинаны зертханада сынақтан өткізіп жатқан маман. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны зертханада сынақтан өткізіп жатқан маман. Көрнекі сурет.

Америкалық Moderna Inc компаниясы әзірлеген COVID-19 вирусына қарсы вакцинасы адамға сыналып, оң нәтиже бергені мәлім болды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Компанияның 18 мамыр күні жариялаған сынақ нәтижелеріне сәйкес, наурыз айында вакцина егілген дені сау 8 еріктінің бойында вирусқа қарсы антидене пайда болған.

Сынақ нәтижесі көрсеткендей, вакцинаны 100 микрограм және 25 микрограм мөлшерінде қабылдағандардың денесінде пайда болған вирустан қорғаушы антидене саны COVID-19 ауруынан жазылып шыққандардың ағзасындағы антидене санынан жоғары болған.

Денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік жөніндегі Джонс Хопкинс орталығының жұқпалы аурулар маманы доктор Амеш Адалжа вакцинаның жарамды деп табуға әлі ерте деп айтты. “Бұл маңызды нәтиже, бірақ бұл клиникалық сынақтың бар болғаны сегіз адамнан тұратын бірінші кезеңі ғана. Ол тиімділік үшін емес, қауіпсіздік үшін жасалған”, деді ол.

Адалжаның айтуынша, сынақтың қазіргі кезеңі мен тиімділікті анықтаушы мыңдаған адамға жасалатын кезеңі арасында неше түрлі ақау болуы мүмкін. Алайда ол компания сынағын ынталандыратын нәтиже деп бағалады.

Moderna сынақтың екіншіі немесе аралық кезеңде вакцинаның тиімділігі тексеріліп, қабылдауға қажетті мөлшерді анықтамақ.

Жаңа коронавирустан тиімді қорғауға қажетті антидене көлемі қандай болуы керектігі және қорғаудың қанша уақытқа созылатыны әлі белгісіз. Ғалымдар осы екі сұрақтың жауабын табуға тырысып жатыр.

Moderna компаниясының бұл вакцинасы әлемде коронавирусқа қарсы қолдану мақсатында әзірленіп жатқан жүзден астам сынақтың бірі ғана. Бүгінге дейін COVID-19 вирусын әлем бойынша 4.8 млн адам жұқтырып, 320 мыңға жуық адам қайтыс болған.

11:44 19.5.2020

АҚШ-та COVID-19 жұқтырғандар 1,5 млн адамнан асты

Медицина қызметкерлері COVID-19 белгілері байқалған адамды ауруханаға апара жатыр. Челси, Массачусетс, АҚШ.
Медицина қызметкерлері COVID-19 белгілері байқалған адамды ауруханаға апара жатыр. Челси, Массачусетс, АҚШ.

Америкалық Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, АҚШ-та коронавирус инфекциясын жұқтырғандар 1,5 миллион адамнан асқан, 90 мыңнан аса адам қайтыс болған.

Эпидемия тарағалы бері дүниежүзінде 4,8 миллионға жуық адамнан коронавирус табылған. 320 мыңға жуық адам қайтыс болып, шамамен 1,8 миллионнан астам адам дерттен жазылған.

Ресейде вирус жұқтырғандар 290 мыңнан асты, 2,7 мың адам қайтыс болды. Әлемде вирус жұқтырғандар саны жағынан екінші орынға шыққан Бразилияда 255 мың адамға вирус жұғып, 17 мыңға жуық адам көз жұмды.

Үшінші орында тұрған Ұлыбританияда вирус жұқтырғандар – 248 мыңға тақап қалды. 35 мыңға жуық адам қайтыс болды.

Испанияда коронавирус 231 мың адамға жұғып, 28 мыңға жуық адамның ажалына себеп болды. Италияда коронавирустан қайтыс болғандар 32 мыңнан асып кетті, 225 мың адам вирус жұқтырған.

Францияда 180 мыңнан астам адамнан COVID-19 анықталған. 28 мыңнан аса адам қайтыс болды. Германияда вирус 176 мың адамға жұқты, 8 мыңнан аса адам көз жұмды.

Түркияда вирус жұқтырғандар 150 мыңнан асқан, 4 мың адам бақилық болды. Иранда коронавирус 122 мыңнан аса адамға жұғып, 7 мыңнан астам адам қаза болды.

Вирустан айыққандар тізімін де АҚШ бастап тұр – 283 мың адам.

Германияда - 155 мың, Испанияда - 150 мың, Италияда - 127 мың, Түркияда - 111 мың, Бразилияда - 100 мың, Иранда - 95 мың, Ресейде - 70 мың, Францияда - 62 мыңға жуық, ал Ұлыбританияда 1090 адам дерттен жазылған.

14:47 19.5.2020

Жітіқарадағы түрмеден коронавирус табылды

Қостанай облысы Жітіқара қаласы маңындағы "Қара бүркіт" түрмесінде кем дегенде 25 қызметкерге коронавирус жұққан. Бұл туралы санитарлық дәрігерлер хабарлады.

19 мамыр таңертең Қостанай облысы тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменті УК-161/3 мекемесінің 19 қызметкерінің (сегізі – әйел) қан анализінен коронавирус табылғанын мәлімдеді. Дертке шалдыққандар 21-54 жаста.

19 мамыр түске таман скрининг тексерісі кезінде осы түрменің тағы алты қызметкерінің вирус жұқтырғаны анықталған.

Ресми мәліметке сай, түрме қызметкерлері бұрын вирус жұқтырған адаммен байланыста болған. Департаменттің мәлімдеуінше, қызметкерлер "казармада болған, түрмеден шықпаған". Санитарлық дәрігерлер вирус жұқтырғандар Жітіқарадағы ауруханаға жеткізіліп, емделіп жатқанын айтты.

Түрмеде отырғандардан анализ алынған-алынбағаны, вирус жұқтырғандар арасында сотталғандар бар-жоғы нақты айтылмады.

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, қатаң режимдегі колонияда 87 адам жұмыс істейді, 287 адам қамауда отыр.

Жітіқарадағы бұл колонияда өмір бойына сотталған 27 жастағы Владислав Челах отыр. Ол 2012 жылы Алматы облысы Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деп сотталған. 2017 жылы қараша айында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстанның Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабын бұзып, Челахты өз ісін "әділ және бейтарап сотта қарау құқығынан айырды" деген ұйғарым шығарған. 2019 жылы қаңтарда Қазақстан жоғарғы соты Челахтың сот үкімін жоққа шығаруды сұрап жазған арызын кері қайтарған.

19 мамырдағы ресми мәліметке сай, Қостанай облысында 98 адамнан короанвирус табылды. 47 адам емделіп шықты. Осы Жітіқара қаласында бір адам қайтыс болған.

17:17 19.5.2020

Қазақстанда коронавирус бойынша ахуал қандай?

19 мамырда Қазақстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Бюрабекова министрліктің Facebook парақшасында «вирус жұқтырғандар саны өскендіктен карантин шараларын жеңілдету жоспары бір аптаға шегерілді» хабарлады.

Министрлік өкілі вирус жұқтырғандар санының өсуін жаппай анализ алумен байланыстырады. Сөзінше, кейінгі күні 28 мың адамнан тест алынған. Денсаулық сақтау министрлігінің 19 мамырдағы мәліметіне сай, елде 6751 адамға вирус жұқтырды. 3515 адам дерттен емделіп шықты. 35 адам қайтыс болды.

Бұйрабекова Қазақстанда коронавирустан емделіп шыққандардың қан плазмасын ауырып жатқандарға қолдануға шешім қабылданған, бірнеше плазма дайындалғанын айтты.

«Республикалық қан орталығы плазмаларды дайындап қойды. Егер қажет болған жағдайда қолданамыз. Бірақ медицина мекемелері қазірге дейін қан плазмасы қажет деген өтініш түскен жоқ» деді ол.

Министрлік өкілі елде коронавирустан емделіп шыққан адамдарға екінші рет жұққан жағдай тіркелмеген.

19 мамырда білім және ғылым министрлігі денсаулық сақтау министрлігімен ақылдаса келе соңғы қоңырауды 25 мамырда 1-10 сынып оқушыларына онлайн-режимде өткізуге шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Ал 3-4 маусымда 11-сынып оқушыларына аттестат тапсыру өтеді.

Қазақстанда карантин шаралары толық қашан аяқталатыны белгісіз. Министр орынбасары күзде коронавирустың екінші толқыны келсе қайта карантин жариялануы мүмкін екенін айтты.

Тағы

XS
SM
MD
LG