ХВҚ Өзбекстанға пандемияның әсерін азайтуға 375 млн доллар көлемінде қаржы бөлді
Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 18 мамырда Өзбекстанға коронавирус пандемиясының экономикаға кері әсерін азайту үшін 375 млн доллар көлемінде жеңілдікпен несие беруді мақұлдады. Бұл туралы қаржы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
125 млн доллар көлемінде несие 10 жылға пайызсыз беріледі. Алғашқы бес жылында жеңілдік жасалады. 250 млн доллар 1,05 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға үш жылдық жеңілдікпен беріледі.
Бұл қаражат коронавирус пандемиясы мен ғаламдық дағдарыстың кері әсерін азайту мақсатында құрылған қаржы министрлігі жанындағы қор есепшотына аударылады.
Министрлік есеп палатасының аудит жүргізетінін айтып, қаражатты жұмсауда ашықтық сақтауға уәде берді.
Алматыда 25 мамырдан бастап мәдени нысандарға карантин ережелері жұмсарады
Бұл туралы 20 мамырда қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, қалада келесі аптадан бастап топ болып репетиция жасауға рұқсат етілмек. Бір жерге 30 адамға дейін жиналуға болады. Бірақ көрермендер кіргізілмейді.
Қала билігі мәдени ұйымдарға қызметкерлерін мүмкіндігінше қашықтан жұмыс істеуге көшіруге кеңес берген. Ғимаратқа кіреберісте қолды антисептикпен тазалау, бір реттік маска тағу, қолғап кию, үстел, орындық, сөрелерді жиі жуу, вентиляция жүйесінің жұмысын жақсарту сияқты ережелерді сақтау қажет болады.
Қалада 1 шілдеге дейін қоғамдық-мәдени шаралар өткізуге тыйым салынған.
Алматы қаласында 134 мәдени ұйым тіркелген.
Ресейден Тәжікстанға 220 мигрант депортацияланды
20 мамырда таңертең Tajik air әуе компаниясы Ресейден сот шешімімен депортацияланған 220 тәжік азаматын Душанбеге жеткізді. Ресейде қаза болған еңбек мигранттарының да сүйегі осы рейспен әкелінген. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметі хабарлады. Наурыз айының басынан бері коронавирусқа байланысты Ресейде әуе қатынасы үзіліп, жүздеген тәжік мигранты еліне жете алмай қалған еді.
Ережеге сәйкес, шетелден келгендер екі апта карантинде болады. Азаттықтың Тәжік қызметі үкіметтегі құпия дереккөзге сүйеніп, келгендер арасында әйелдер мен балалар барын хабарлады.
Бұған дейін Tajik air әуе компаниясының басшылығы тәжік азаматтарын еліне қайтару үшін 19 мамырда кешке әуе компаниясы лайнерінің Мәскеуге ұшып кеткенін хабарлаған болатын. Компания қызметкерлерінің айтуынша, Тәжікстанның Мәскеудегі елшілігінде алдын ала тіркелгендер ғана чартерлік рейс арқылы еліне қайта алады.
"Бұл рейске билеттер ашық сатылмайды" деді компания өкілдері.
Құқық қорғаушы Иззат Амон Азаттық тілшісіне 19 мамырда Tajik air әуе компаниясының чартерлік рейсімен мигранттардың да сүйегі елге жеткізіледі деп айтқан.
"Олар түрлі себеппен қайтыс болған және осы уақыт бойы мәйітханада болған" деді ол.
Үкіметтегі құпия дереккөз ақпаратты растамады, жоққа шығарған да жоқ.
Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген "Таджинфо" сайты чартерлік рейспен Мәскеуден Душанбеге 28 азаматтың денесі жеткізілетінін хабарлаған. Сайттың жазуынша, осы ұшақпен Сахарово елді мекеніне жақын жерде қамау мекемесінде болған 200-ден астам мигрант келеді.
Осыған дейін Ресейден бөлек, Түркия, БАӘ, Үндістан, Германия, Қазақстан және өзге елдерде қалған тәжік азаматтары биліктің оларды елге қайтаруға күш салмай жатқанын айтып, шағымданған болатын.
Тәжікстанның СІМ хабарлауынша, коронавирустың таралуын ескерту жөніндегі республикалық штаб індетке байланысты шетелде қалып қалған тәжіктердің тізімін жасап, елге қайтару жағын қарастырып жатыр. Дегенмен олардың әзірге қашан қайтатыны белгісіз.
Қазақстанда 51 адам коронавирустан жазылды
Елде барлығы 3649 адам COVID-19 ауруынан айыққан. Алматы қаласында - 1037, Нұр-Сұлтан қаласында 628 адам жазылған.
20 мамыр күнгі онлайн брифингте бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова барған сайын жазылғандар саны көбейіп бара жатыр деді.