Бас санитар дәрігер науқастардың арту себебін түсіндірді
20 мамыр күнгі онлайн-брифинг кезінде бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда COVID-19 ауруына шалдыққан науқастардың арту себептерін түсіндірді.
Қазақстанда соңғы аптада республика бойынша өсім 2-5 пайыз аралығында сақталған. Соңғы бір күнде науқастар 3,2 пайызға көбейген. Жалпы алғанда соңғы бір аптада науқастар 15 пайызға артқан.
Айжан Есмағамбетованың ойынша, Қазақстанда науқастар санының артуының бірнеше себебі бар.
Біріншіден коронавирусты анықтайтын тесттер жиі жүргізілеп жатыр. Соңғы ақпарат бойынша, коронавирус анықталғалы бері елде 559 мыңнан астам тест жүргізілген. Күніне 23 мыңға дейін тест жүргізіледі.
Екіншіден, топ болып ауруға шалдығу жиілеген. Мысалы, Атырау облысы Теңіз кенішінде 24 жұмысшылар кентінде 935 адамнан коронавирус анықталған. Шымкентте PetroKazakhstan oil production ЖШС қызметкерлері арасында - 101, мердігер компаниясының - 23 қызметкері, үй жағдайында 69 адамнан коронавирус табылған. "Қазақмыс" корпорациясына қарайтын кеніштерде 34 адам COVID-19 ауруына шалдыққан.
Айжан Есмағамбетованың айтуынша, адамдардың өздерінің ауруханаға баруы жиілеген.
Қазақстанда соңғы мәлімет бойынша, 6959 адамнан коронавирус табылған. 3649 адам жазылған. 35 адам қайтыс болған.
Короновирус бойынша Қазақстандағы қазіргі ахуал қандай?
20 мамырда Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова брифинг өткізіп, елдегі коронавируске байланысты қазіргі жағдай туралы хабарлады. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі жиында айтқан ақпараттарын қысқа шолып шығыңыз.
- Елдегі ауруханаларда инфекциялық бес мыңға жуық орынның қазір 58 пайызында вирус жұқтырған адамдар емделіп жатыр.
- Денсаулық сақтау министрлігінің 25 мамыр 16.00-дегі мәліметіне сай, елде 6969 адамға коронавирус жұқты. 9 адам жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. 3649 адам емделіп шықты. 35 адам қайтыс болды. Кейінгі аптада елде дертке шалдыққандар саны 15 пайызға өсті.
- Министрлік өкілі вирус жұқтырғандар санының өсуін анализдің көбейгенімен, карантин шараларының сақталмауымен және ірі кәсіпорындарында вирус ошақтарының шығуымен түсіндіреді.
- Атырау облысындағы Теңіз мұнай кенішінде 935 адамнан вирус табылған. Қазір билік бұл кен орнына мемлекеттік комиссия жіберген. Бұдан бөлек, Шымкенттегі «Петройл Қазақстан» мұнай кенішінде жүзден астам адамға вирус жұққан. Мұнайшылармен байланыста болған 69 адамнан да вирус табылған.
- Қарағанды облысында «Қазақмыс» кен орнында 34 адам COVID-19 дертіне шалдықты.
- Кейінгі аптада коронавирус симптомдарымен дәрігерге өз бетінше қайырылған адамдардың мөлшері Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында, Павлодар облысы, Ақтөбе облысы, Қостанай облысында 15 пайыздан 40 пайызға өскенін айтады. Ол симптомдармен дәрігерге қайырылғандардың көбеюін карантин шараларының сақталмағанымен байланыстырады.
- Қарағанды облысында вирус жұқтырған бір адам 18 вирус ошағына себеп болды. Яғни, 29 адам коллективте, 11 адам үйдегі вирус ошағында дертке шалдыққан.
- Түркістан облысында вирус жұқтырған бір адамнан 18 вирус ошағы пайда болып, ол жерде 20 адамнан коронавирус табылған. Олардың екеуі – 60 жастан асқан егде адам, жетеуі – бала. Нұр-Сұлтанда бір отбасындағы бес адамнан вирус табылған.
- Елде Ораза кезінде ауызашар жасағандар арасында да вирус жұқтырғандар бар.
- Ақмола облысындағы Қосшы ауылында туысқандар арасында 15 адамға вирус жұққан. Олардың сегізі туған күн кешінде болған.
Бас санитарлық дәрігер халықты карантин шарттарын сақтауға, той жасамауға, қонақ шақырмауға, арақашықтықты сақтап, қолды жиі жуып, гигиена талаптарын сақтауға шақырды.
Әлемде коронавирус жұқтырғандар 5 миллионға жуықтады
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлемде бір күнде 106 мыңнан астам адамнан коронавирус табылғанын хабарлады. Бұл - бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Әлемде вирус жұқтырғандар 5 миллион адамға жуықтады. 325 мыңнан астам адам коронавирустан қайтыс болған.
Еуропа елдері індеттің беті қайтқанын хабарлап, шектеу шараларын біртіндеп жұмсартса, дамушы елдерде вирус өршіген.
ДДСҰ-ның мәліметі бойынша, Латын Америка елдері, Үндістан және өзге аймақтарда инфекция жылдам тарап, тесттер жиі жүргізіле бастаған.
"Пандемия әлі ұзаққа созылады. Біз табысы орташа және төмен елдерде коронавирус жұқтырғандардың артуына алаңдап отырмыз" деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жетекшісі Тедрос Гебрейесус.
Бразилияда коронавирустан қайтыс болғандар саны артып, 18 мыңнан асқан. Латын Америкадағы ең ірі ел әлемде коронавирус жұқтырғандар саны (275 мың адам) бойынша үшінші орынға шықты. Үндістанда бір күнде 100 мыңнан астам тест жүргізіліп, бір күнде 5 611 адамнан коронавирус табылды.
Қазақстанда бір күнде 265 адамнан коронавирус табылды
Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 265 адам анықталды, оның 84-і Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау облысында ондаған адамнан COVID-19 табылған. Бір күнде өсім 3,8 пайызды құраған. Бұл туралы 21 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Нұр-Сұлтан қаласы - 84
Алматы қаласы - 57
Шымкент қаласы - 23
Атырау облысы - 24
Алматы облысы - 19
Батыс Қазақстан облысы -13
Қарағанды облысы - 13
Қызылорда облысы - 11
Павлодар облысы - 9
Жамбыл облысы - 5
Ақтөбе облысы - 2
Түркістан облысы - 2
Ақмола облысы - 1
Шығыс Қазақстан облысы - 1
Маңғыстау облысы - 1
Бір күнде 136 адам жазылған.
13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы 7234 адам жетті. 3734 науқас жазылып, 35 адам қайтыс болды.