Министр "Қазмедиа орталығындағы" жағдайға байланысты түсініктеме берді
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Қазмедиа орталығындағы" жағдайға байланысты түсініктеме беріп, екі қызметкерінен коронавирус анықталған ғимараттың қатаң карантин режиміне көшкенін хабарлады.
"Телеарна басшылығының бастамасы бойынша жүргізілген тесттің қорытындысы оң болып шықты. Қазір "Еуразия+ОРТ" ЖШС орналасқан "Қазмедиа орталығы" ғимаратында жұмыс эпидемияға қарсы қатаң режимге ауыстырылды. Коронавирус жұққандармен араласқан адамдар анықталып жатыр. Олармен жақын араласқан адамдар 14 күнге үй карантиніне жіберіледі" деп жазды Балаева Instagram-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, ғимаратта жұмыс істеген барлық қызметкерлер коронавирусқа тест тапсырады.
Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, "Қазмедиа орталығы" ғимаратында төтенше жағдай кезінде және қазір шамамен 500 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін "Еуразия " бірінші арнасының екі тілшісінен коронавирус анықталғаны хабарланған еді.
Қазақстанда бір күнде 363 адамнан коронавирус табылды
Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 363 адам анықталды, оның 130-ы Қарағанды облысында тіркелген. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында ондаған адамнан COVID-19 табылған. Бір күнде өсім 5 пайызды құраған. Бұл туралы 22 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Қарағанды облысы - 130
Нұр-Сұлтан қаласы - 54
Алматы қаласы - 35
Шымкент қаласы - 31
Атырау облысы - 25
Алматы облысы - 24
Түркістан облысы - 20
Ақтөбе облысы - 9
Қызылорда облысы - 9
Батыс Қазақстан облысы - 8
Ақмола облысы - 7
Жамбыл облысы - 7
Қостанай облысы - 3
Солтүстік Қазақстан облысы - 1
Бір күнде 109 адам жазылған.
13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы 7597 адам жетті. 3843 науқас жазылып, 35 адам қайтыс болды.
AP: Ресейде кемінде 9479 дәрігерге коронавирус жұққан
Ресейде соңғы айда кемінде 9479 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан. Елдің 70-тен астам аймағынан жарияланған ақпаратқа сүйенген Associated Press агенттігі осындай мәлімет жариялады.
Агенттіктің жазуынша, 70-тен астам дәрігер коронавирустан қайтыс болған және кейбір медицина қызметкерлері олардың саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін айтқан.
AP агенттігі жариялаған мақалада COVID-19 індеті кезінде ресейлік дәрігерлер ұшырасқан мәселелер туралы айтылған. Мақалада ауруханаларда қорғаныш құралдарының тапшылығы, мәселелерді ашық айтқан қызметкерлердің қылмыстық қудалауға немесе қоқан-лоқыға кезіккені айтылады.
Агенттік өзге медицина қызметкерлерімен бірге Мәскеу маңындағы Реутов қалалық орталық ауруханасының дәрігері Ирина Васькянинаның сөзін келтіреді. Оның айтуынша, ауруханада 40-тан астам қызметкерге коронавирус жұққан. "Новая газета" басылымы сәуір айында Реутов ауруханасындағы қызметкерлердің президент Владимир Путиннен көмек сұрап, мәлімдеме жолдағанын жазған еді.
"Медиазона" басылымы екі күн бұрын Ресейде коронавирустан кемінде 186 медицина қызметкері қайтыс болған деп хабарлаған. Басылым зерттеуінде ресейлік дәрігерлер ұйымдастырған коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің аты-жөні жазылған мемориалдық жоба дерегіне сүйенген.
Түркіменстанда мектеп бітіру кештеріне тыйым салды
Ресми түрде коронавирус табылмаған Түркіменстанда оқу жылының аяқталуына байланысты өтетін салтанатты кештер өтпейтін болды. Әлемде коронавирус індеті өршіген шақта енгізілген жаңа өзгерістерге байланысты билік түсініктеме бермеді. Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлык радиосы) хабарлады.
Азаттықтың жазуынша, мектеп бітіру кештерін өткізбеу туралы шешім 20 мамырда қалалық білім беру департаментінің отырысында жарияланған.
Ашғабат мектептерінің бірінде жоғары сыныпта оқитын бірнеше оқушы Азаттық тілшісіне "мұғалімдер бітіру кештері өтпейді деді, бірақ себебін түсіндірмеді" деп айтқан.
Азаттықтың жазуынша, Ашғабатта медициналық тексеруден өту үшін емдеу мекемелерінде кезекке тұрған адамдар көбейген. Мұның алдында үкімет халықты жаппай тексеруден өткізу туралы жоспарын жариялаған.
Түркіменстан - Орталық Азияда ресми түрде коронавирус тіркелмеген жалғыз мемлекет. Бірақ тәуелсіз БАҚ пен ашықтықтың жоғын алға тартқан сарапшылар бұған күмәнмен қарайды.