Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

15:14 22.5.2020

Коронавирусқа байланысты Қарағанды облысында "Нұрқазған" кенішінің жұмысы тоқтатылды

"Қазақмыс" корпорациясы бөлімшесіне қарайтын "Нұрқазған" кенішінде өндіріс 1 маусымға дейін тоқтады. Қарағанды облыстық бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, кәсіпорында карантин енгізілген. Қарағанды, Теміртау қалалары, Бұқар жырау ауданынан кенішке барған жұмысшылар арасында 133 адамнан коронавирус табылған.

Коронавирусты анықтайтын тест орталығының қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығының қызметкері. Көрнекі сурет.

Өткен тәулікте аймақта коронавирус жұққан 130 адам анықталған еді. Дегенмен билік облыста қайтадан карантин жарияланбайтынын, бірақ шектеу шаралары күшейетінін хабарлады. Жабылғанына екі ай болған Теміртау қаласында вирус жұқтырғандар көбейіп жатыр, моноқалада карантин шараларын әлсірету мәселесі әзірге қарастырылмайды.

"Нысандарда тәртіп орнату мен халықпен жұмыс істеу бойынша [шаралар] күшейтіледі. Бұған қоса, коронавирус жұқтыру ықтималдығы жоғары топ өкілдерін тексеріп, науқастармен байланыста болған барлық адамдарды анықтап бітеміз. Теміртауда жағдайдың тұрақталғанына көзіміз жетпей шараларды жұмсарту мәселесі қаралмайды. Теміртау карантинге жабылған, блокпосттар қойылған, сол себепті мамыр соңына дейін Теміртау - Қарағанды арасында жүретін қоғамдық көліктердің жұмысын қалпына келтіру мәселесі қаралмайды" деді облыстың бас санитар дәрігері Қанат Асқаров.

Қарағанды облысында коронавирус жұққан барлық 455 адам анықталған. 3 адам қайтыс болған. 170 адам жазылған.

Облыс аумағында 9 қала және ауданнан коронавирус табылған. Қарағандыда - 172, Теміртауда - 186, Бұқар жырау ауданында - 26 науқас тіркелген. Бұған қоса, Сарань, Абай, Жезқазған, Сәтпаев қалалары, Шет ауданындағы ауылдан вирус анықталған.

Осы апта басынан бері аймақ билігі шектеу шараларын біртіндеп жұмсарта бастаған еді. Тек Теміртау қаласы мен 18 мамырда карантинге жабылған Ботақара ауылында ғана бақылау күшейген.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда 7597 адамнан коронавирус табылған. 35 адам қайтыс болған. Соңғы бір күнде 363 адамнан вирус табылған.

16:04 22.5.2020

БҚО-да дәрігерлер науқастардың коронавирусты қайдан жұқтырғанын зерттейді

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында коронавирус жұққан үш адам анықталды. Санитар дәрігерлер вирустың қайдан жұққанын әзірге анықтай алмай отыр. Облыста карантин күшінде қалған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тексеру кезінде Сырым ауданындағы аурухана қызметкерлерінен коронавирус табылған.

"Эпидемиологиялық зерттеу кезінде COVID-19 ауруына шалдыққан тағы екі адам анықталды. Қазір зерттеу жүргізіліп жатыр, біз ауданға вирус қайдан келгенін анықтаймыз" деді брифинг кезінде тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау жөніндегі облыстық департамент жетекшісінің орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков Facebook-тағы парақшасында "статистика коронавирус жұқтырғандар санының артқанын бояусыз көрсетіп отыр" деп жазған.

"Қазір аймақта 360 адамнан коронавирус табылған: 214-і - қалада тұрады, Ресейден - 81, Атыраудан 55 адам келген. Төртеуінің жағдайы ауыр. Науқастар арасында 14 жасқа толмаған 9 бала бар, бір жасқа толмаған сәби де бар. 2 полиция қызметкері, 56 медицина қызметкері, 5 зейнеткер, 3 студент бар" деді Шыныбеков.

Қала әкімі тұрғындарды карантин шараларын сақтауға шақырды.

Соңғы ақпарат бойынша, Батыс Қазақстан облысында 360 адамнан коронавирус табылған. Науқастардың 70 пайызын Ресей немесе Қазақстанның өзге аймақтарынан келгендер құрайды.

Қазір инфекциялық ауруханада COVID-19 диагнозы қойылған 150 адам емделіп жатыр. 210 адам жазылған. Карантиндік стационарда 165 адам бар, провизорлық орталықта 17 адам бақылауға алынған. 1189 адам үй карантиніне жіберілген.

08:25 23.5.2020

Қазақстанда бір күнде 322 адамнан коронавирус табылды

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 322 адам анықталды, оның 83-і Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысында ондаған адамнан COVID-19 табылған. Бір күнде өсім 4,2 пайызды құраған. Бұл туралы 23 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.

Нұр-Сұлтан қаласы - 83 (Барлығы - 1540)

Алматы қаласы - 66 (Барлығы - 2067)

Шымкент қаласы - 34 (Барлығы - 573)

Қарағанды облысы - 42 (Барлығы - 472)

Жамбыл облысы - 20 (Барлығы - 249)

Алматы облысы - 16 (Барлығы - 278)

Түркістан облысы - 15 (Барлығы - 282)

Ақтөбе облысы - 10 (Барлығы - 252)

Батыс Қазақстан облысы - 10 (Барлығы - 370)

Ақмола облысы - 3 (Барлығы - 145)

Атырау облысы - 16 (Барлығы - 857)

Қостанай облысы - 2 (Барлығы - 115)

Шығыс Қазақстан облысы - 1 (Барлығы - 60)

Қызылорда облысы - 3 (Барлығы - 278)

Павлодар облысы - 1 (Барлығы - 177)

Солтүстік Қазақстан облысы - 0 (Барлығы - 40)

Маңғыстау облысы - 0 (Барлығы - 164)

Бір күнде 253 адам жазылған.

13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы 7919 адам жетті. 4096 науқас жазылып, 35 адам қайтыс болды.

09:22 23.5.2020

Вирус жұқтырғандар саны жағынан Бразилия екінші орынға шықты

Вирус жылдам тарап жатқан Бразилия науқастар саны жағынан Ресейден озып, екінші орынға шықты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Оңтүстік Американы пандемияның "жаңа ошағы" деп атады.

Бразилияда 330 890 адамнан коронавирус анықталған, 21 048 адам қайтыс болған. Сарапшылар науқастар бұдан да көп болуы мүмкін деп болжайды. Қазір Латын Америка елі індеттің таралу ауқымы жағынан АҚШ-тан кейін екінші орында тұр. Мұнда бірнеше күн ішінде мыңнан астам адам қайтыс болған. Адам өлімі жағынан әлемде 6-шы орында тұр.

Наразылық кезінде коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің аты-жөнін жазып, жерде жатқан медицина қызметкерлері. Бразилия, 12 мамыр 2020 жыл.
Наразылық кезінде коронавирустан қайтыс болған дәрігерлердің аты-жөнін жазып, жерде жатқан медицина қызметкерлері. Бразилия, 12 мамыр 2020 жыл.

ДДСҰ-ның төтенше жағдай жөніндегі директоры Майк Райан "көптеген елде жағдай тұрақты емес, бірақ дәл қазір Бразилия індеттен қатты зардап шегіп жатыр" деді.

Латын Америка елдері арасында Мексика 22 мамырда бір күнде 479 адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады.

Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, АҚШ-та 1,6 млн адамға вирус жұққан, 96 мың адам қайтыс болған. Ресей 326 мыңнан астам адамға вирус жұққанын, 3200 адам қайтыс болғанын хабарлады.

Қытай алғаш рет коронавирус тіркелмегенін мәлімдеді. Оңтүстік Кореяда 23 адамнан коронавирус табылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG