Ауруханаға жатқызылған Шешенстан басшысының жағдайы белгісіз
Шешенстан және Ресейдің ресми тұлғалары Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың қайда екенін айтпады, жағдайына байланысты түсініктеме берген жоқ. Бұған дейін оның коронавирус инфекциясына байланысты ауруханаға жатқызылғаны туралы хабар тараған.
Қадыровқа коронавирус жұққаны расталса, Ресейде COVID-19 ауруына шалдыққан шенеуніктер тағы бір адамға көбейеді. Коронавирус анықталған шенеуніктер арасында премьер-министр Михаил Мишустин, Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бар.
Аты-жөнін атамаған дереккөзге сілтеген "Интерфакс" және РИА "Новости" агенттіктері 21 мамырда 43 жастағы Қадыровтың Мәскеудегі емханаға жеткізілгенін және дәрігерлер бақылауына алынғанын хабарлаған.
"База" телеграм-арнасы 21 мамырда жедел респираторлық вирус инфекциясы белгілері анықталған Қадыровтың Мәскеудегі "ең мықты емханалардың біріне" арнайы ұшақпен жеткізілгенін жазған.
Ресми мәлімет бойынша, Шешенстанда мыңнан астам адамға вирус жұққан, 11 адам қайтыс болған.
Жақында Қадыров коронавирус жұққан науқастарды емдеген дәрігерлер қорғаныш құралдары жетіспейді деп шағымданған кезде оларды сөгіп, басшыларын қызметтен қууды талап еткен.
Зерттеу: Ресейлік дәрігерлердің үштен бір бөлігі COVID-19 статистикасын бұрмалау туралы нұсқаулық алған
Ресейде коронавирус жұққан науқастарды емдеген дәрігерлердің шамамен үштен бір бөлігі COVID-19 індетіне байланысты статистиканы бұрмалау туралы “нұсқаулық” алған. Жаңа зерттеу қорытындысы осыны көрсеткен.
Сауалнама қорытындысына сәйкес, зерттеуге қатысқан дәрігерлердің 35,8 пайызы "шифрлау жүйесінің" көмегімен коронавирус жұққан науқастар саны мен адам өлімі көрсеткішін түзету туралы "нұсқаулық" алғанын растаған. Шифрлау жүйесі әдетте науқас өлімінің себебін анықтау үшін қолданылады.
1-15 мамыр аралығында жүргізілген сауалнамаға 509 респондент қатысқан. Зерттеу Ресей коронавирустан қайтыс болғандар санын төмендетіп көрсетеді (атап айтқанда вирустан қайтыс болғандарды өзге аурудан, оның ішінде пневмониядан қайтыс болды деп көрсетуі мүмкін) деген болжам пайда болған кезде өткізіліп отыр.
Сауалнама орысша сөйлейтін дәрігерлер арасында танымал "Дәрігер нұсқаулығы" (Руководство врача) смартфон қосымшасы арқылы жүргізілген. Қосымша иесі, "Медицинские информационные решения" компаниясының бас директоры Константин Комановтың айтуынша, тіркелген қолданушылар қосымшадағы ақпаратты қолдану үшін және зерттеуге қатысу үшін медицина қызметкері екенін дәлелдеуі тиіс.
Соңғы ақпарат бойынша, Ресейде 326 мыңнан астам адамға вирус жұққан, 3249 адам қайтыс болған. Ресейде адам өлімі көрсеткіші ғаламдық індеттен қатты зардап шеккен елдермен салыстырғанда төмен.
БАҚ: Ақтөбеде коронавирус жұққан әйел қайтыс болды
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиев қалада коронавирус жұққан әйелдің қайтыс болғанын хабарлады. Бұл туралы Қазақстанның батыс аймағынан ақпарат таратын "Мой город" сайты жазды.
- Әйел инфекциялық ауруханада небәрі бір күн болған. Палатада кенет жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер реанимациялық емдеу шараларын жүргізгенмен жүрегі тоқтады. Клиникалық бақылау өкпе артериясы эмболиясының асқынғанын көрсеткен. Бұл коронавирус инфекциясымен байланысты емес. Науқас ПЦР тексеруден өтіп, коронавирус инфекциясы анықталған. Бірақ науқаста коронавируспен қатар көп ауру табылған. Жүрек-қантамыр ауруына шалдыққандар есебінде тұрған. Вирус науқастың жағдайының нашарлауына әсер етті ме, жоқ па, оны комиссия шешеді, - деді басқарма жетекшісі.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында 252 адамға вирус жұққан. Әсет Қалиевтің сөзіне қарағанда, 63 науқас стационарда жатыр. Екеуі - реанимация бөлімінде. Біреуінің жағдайы - өте ауыр, жасанды тыныс алу аппаратымен демалып жатыр. Екінші науқастың жағдайы - ауыр. Науқастар арасында 17 бала бар, 10-ы жазылып шыққан.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін аймақтарда коронавирус жұққан адамдардың өлімін зерттеу бойынша арнайы комиссия құрылып, науқастардың өлімінің себебін анықтайды деп хабарлаған. Егер комиссия науқас коронавирустан емес, басқа ауру түрінен қайтыс болды деп қорытынды шығарса, онда науқас өлімі коронавирусқа байланысты ресми статистикаға енгізілмейді.
Дегенмен ресми орындар әзірге ресми статистикаға енгізілмеген қанша оқиға барын айтпады.
Бұған дейін комиссия өкілдері Арқалық, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында қайтыс болған науқастардың өліміне "коронавирус себеп болмады" деген шешім шығарған.
Осы аптада жарық көрген "31 арна" зерттеуінде Алматыда коронавирустан қайтыс болғандар зиратында жерленген мәйіттер саны ресми деректен үш есе көп екені айтылады.
АҚШ және Канададан Қырғызстанға 146 азамат жеткізілді
Қырғызстанға қайтқандардың басым бөлігі - 109 студент білім алмасу бағдарламасы бойынша АҚШ-та оқыған. Қалған 37 студент және азамат АҚШ пен Канаданың түрлі қалаларында болған.
Елге оралғандар арасында денсаулығына байланысты шұғыл эвакуацияны қажетсінген егде адамдар да бар. Коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штабтың хабарлауынша, барлығы коронавирусқа тест тапсырып, карантинге жіберіледі.
23 мамыр күнгі ақпарат бойынша Қырғызстанда 1365 адамнан коронавирус табылған, 957 адам жазылған, 14 адам қайтыс болған.