Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

14:48 23.5.2020

Ақтөбеде COVID-19 диагнозы қойылған, ауруханада қайтыс болған науқас қалалық зиратқа жерленді

Ақтөбеде COVID-19 диагнозы қойылған, ауруханаға түскеннен кейін бір күннен соң қайтыс болған 71 жастағы әйел 22 мамырда жерленді. Арнайы комиссия науқас өлімінің себебіне байланысты әзірге шешім шығарған жоқ. Осыған дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырғандардың қайтыс болу дерегі тіркелген емес.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, вирус жұқтырған әйел инфекциялық ауруханада 21 мамырда жан тапсырған.

- Пациенттің коронавирустан да өзге бірнеше созылмалы ауруы болған. Жүрек-қантамыр ауруларына шалдыққандардың арнайы есебінде тұрған. Өкпе артериясы эмболиясының да асқынып кеткені анықталды. Науқастың өліміне нақты не себеп болғанын арнайы құрылған комиссия анықтауы тиіс, - деді Әсет Қалиев.

Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

Тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның сөзіне қарағанда, Ақтөбе облысында коронавирустан қаза болғандарды жерлейтін арнайы орын бөлінбеген. Сол себепті марқұм қалалық зиратқа жерленген.

-Марқұм христиандардың жөн-жоралғысымен қалалық зиратқа жерленді. Сүйек туыстарына берілген жоқ. Жерлеу кезінде күшейтілген дезинфекциялық режим сақталды. Жерлеу рәсіміне марқұмның бір-екі туысы мен біздің департамент мамандары қатысты, - дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

Осы кезге дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтыру дерегі (Ресеймен шекаралас Мартук ауданын есепке алмағанда) негізінен облыс орталығында ғана тіркелген болатын. Жұма күні Ақтөбенің Ойыл, Мұғалжар ауданының екі тұрғыны коронавирус жұқтырған болуы мүмкін деген күдікке ілінген.

Тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаеваның айтуынша, Ойылдың тұрғыны індет жайыла бастағалы бері ауылынан ұзап шықпаған. Ал екінші пациент, Мұғалжар ауданының тұрғыны - медицина қызметкері. Ол да аудан орталығы Қандыағаштан шықпағанын айтқан.

Осы кезге дейін Ақтөбенің медицина мекемелерінде қызметкерлердің коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген емес.

- Ойыл мен Қандыағаш тұрғынының коронавирус жұқтырған-жұқтырмағаны дүйсенбі күні анықталады. Күдіктеніп отырғанымыз рас. Әзірге нақты диагноз қойылған жоқ. Сондықтан індет облыс аудандарын да жайлай бастады деуге әлі ерте, - дейді Нұрсұлу Беркімбаева.

Ресми дерек бойынша, қазір Ақтөбе облысында 252 адамға COVID-19 диагнозы қойылған.

16:12 23.5.2020

Ресейде бір күнде 9 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды

Ресейде соңғы тәулікте 9434 адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы коронавируспен күрес жөніндегі шұғыл штаб хабарлады. Эпидемия басталғалы бері мұнда 335 мыңнан астам адамға вирус жұққан.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

107 936 адам жазылған. 3388 адам қайтыс болған. Дәл қазір 224 мыңнан астам адам коронавирустан емделіп жатыр.

Мәскеуде бір күнде жазылғандар саны ауруға шалдыққандардан көп шыққан. Қалада жұма күні коронавирус жұққан 3190 адам анықталған.

Роспотребнадзор мәліметі бойынша, Ресейде бір күнде 276,1 мың адам коронавирустан тексерілген.

18:08 23.5.2020

Аягөздегі қайғылы оқиғадан кейін HRW билікті мүгедектігі бар балаларды қорғауға шақырды

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстан билігін пандемияға байланысты мүгедектігі бар балаларды арнайы интернаттардан қауіпсіз жаққа көшіру амалын "шұғыл қарастыруға" шақырды.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысы Аягөздегі арнайы қызмет көрсететін балалар орталығында кәмелет жасқа толмаған төрт баланың қайтыс болғаны хабарланған еді. Мүгедектігі бар балалар тұратын интернатта 2-29 сәуір аралығында 2006, 2008, 2009 және 2012 жылғы үш ұл және бір қыз бала қайтыс болған.

HRW ұйымының айтуынша, ресми мәліметке сәйкес, бұл ауыр оқиғалардың коронавирус пандемиясына қатысы жоқ болғанмен жұқпалы ауру тараған кезде осындай институттарға бірінші кезекте қауіп төнетінін дәлелдеген. Ұйымның пікірінше, мұндай жағдайда балалар отбасында болуы керек және Қазақстан үкіметі "балаларды институттан отбасыларға немесе отбасыға ұқсас формада жұмыс істейтін бірлестіктерге көшіру үшін шұғыл қаражат бөлуі тиіс".

"Балалар қауіпсіз жаққа көшірілгенге дейін билік интернаттар ішінде инфекциялық бақылау шараларын қолға алып, күшейтуі тиіс, әлеуметтік арақашықтықты сақтап, интернатта тұратын адамдар мен қызметкерлердің медициналық көмек алуына жағдай жасауы керек. Тек осылай ғана Шығыс Қазақстанда болған қайғылы оқиғаның қайталанбауына жол бермеуге болады" делінген хабарламада.

Балалар үйі. Көрнекі сурет.
Балалар үйі. Көрнекі сурет.

Ұйым бұған қоса, өткен жылы шілде айында жариялаған баяндамаға сүйене отырып, Қазақстанда мұндай мекемелерде тұратын балалардың әлімжеттікке жиі ұшырайтынын, оқшауланып, дұрыс күтім көрмейтінін айтады.

Бастапқыда Аягөздегі балалар өліміне "қызылша індеті себеп болды" деп айтылды. Кейінірек бұл ақпарат жоққа шығарылды. 20 мамырда зерттеу нәтижесімен таныстырған ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат "балалар туғаннан пайда болғаннан аурудың асқынуына байланысты бір ай ішінде әр уақытта қайтыс болды" деп мәлімдеді.

Жақында бұған қоса осы интернатта тұрған 10 баланың "қызылша" диагнозымен инфекциялық ауруханаға түскені белгілі болды. Кейбірінен ішек инфекциясы табылған.

Бұл арнайы мекеменің мемлекеттік сатып алу арқылы ақсерке, бекіре уылдырықтары, жылқы еті, майшабақ, сиыр еті сияқты азық-түлік түрлерін сатып алғаны белгілі болды. Мекеменің бұрынғы қызметкерлері мұндай азық-түлік балалардың ас мәзіріне кірмеген деді. ШҚО жемқорлықпен күрес қызметі "бұл фактіні назарға алғанын" хабарлады.

Қазір Қылмыстық кодекстің 317-БАБЫ ("Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсiби мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. ІІМ істі "бақылауға алғанын" хабарлады.

08:40 24.5.2020

Қазақстанда бір күнде 403 адамнан коронавирус табылды, бұл - рекордтық көрсеткіш

Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 403 адам анықталды, бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Науқастардың 97-і Алматы қаласында тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласында, Қарағанды облысында ондаған адамнан COVID-19 табылған. Бір күнде өсім 5,1 пайызды құраған. Бұл туралы 24 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласы - 58 (Барлығы - 1598)

Алматы қаласы - 97 (Барлығы - 2169)

Шымкент қаласы - 33 (Барлығы - 606)

Қарағанды облысы - 90 (Барлығы - 562)

Жамбыл облысы - 10 (Барлығы - 259)

Алматы облысы - 6 (Барлығы - 284)

Түркістан облысы - 33 (Барлығы - 315)

Ақтөбе облысы - 18 (Барлығы - 270)

Батыс Қазақстан облысы - 16 (Барлығы - 386)

Ақмола облысы - 0 (Барлығы - 145)

Атырау облысы - 22 (Барлығы - 879)

Қостанай облысы - 5 (Барлығы - 120)

Шығыс Қазақстан облысы - 2 (Барлығы - 62)

Қызылорда облысы - 5 (Барлығы - 283)

Павлодар облысы - 0 (Барлығы - 177)

Солтүстік Қазақстан облысы - 6 (Барлығы - 46)

Маңғыстау облысы - 2 (Барлығы - 166)

Бір күнде 118 адам жазылған.

13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы 8322 адам жетті. 4214 науқас жазылып, 35 адам қайтыс болды.

Тағы

XS
SM
MD
LG