Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылмады
Биыл Ораза айт мерекесі 24 мамырға түсті. Жексенбі күні таңертең Қазақстан мешіттерінде Ораза айт намазы оқылмады. Үш күн бұрын Қазақстанның Мұсылмандар діни басқармасы пандемияға байланысты мешіттерде Ораза айт намазы оқылмайтынын хабарлап, айт мерекесін үйде отбасымен бірге қарсы алуға шақырған еді.
Жыл сайын мұсылмандарға қасиетті саналатын Рамазан айы біткеннен кейін Қазақстандағы мешіттердің барлығында айт намазы оқылып, түрлі қоғамдық шаралар ұйымдастырылатын. Айт кезінде әр отбасында дастарқан жайылып, адамдар бір-бірін мерекемен құттықтап, игі тілек тілеп, үйіне айттап келген мейманға арнайы әзірленген дәм ұсыну дәстүрге айналған.
Жексенбі күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев елді Ораза айт мерекесімен құттықтады деп хабарлады Ақорда.
"Рамазан айында сабыр сақтап, төзімділік танытқанымыздың арқасында індетке байланысты қалыптасқан ахуал біршама тұрақтанды. Халқымыздың парасаты мол, бірлігі бекем болса, бұл сынақтан да сүрінбей өтеміз деп сенемін" делінген құттықтауда.
Биыл пандемияға байланысты әлем елдерінде Айт мерекесі күні өтетін фестивальдар, түрлі шараларға тыйым салынған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 8322 адамнан коронавирус табылған. 4214 адам жазылған. 35 адам қайтыс болған.
Коронавирустың бар-жоғын бір сағат ішінде анықтайтын тест Лондондағы ауруханаларда сынақтан өтіп жатыр.
Қазір Ұлыбританияда нәтижесі шамамен 48 сағат ішінде дайын болатын тестер қолданылып жүр.
Жаңа тестің жұмысы Лондонның Империал колледжінде жасалған, сәуір айынан бастап қолданыла бастаған ДНҚ тесті негізінде жұмыс істейтін схемаға негізделген.
Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 1403 адамға жетті
Қырғызстанда соңғы тәулікте тағы 38 адамнан коронавирус табылған. Бұл туралы 24 мамырда денсаулық сақтау вице-министрі Нурболот Усенбаев хабарлады.
Оның сөзіне қарағанда, жаңадан коронавирус табылған науқастардың басым бөлігі Нарын облысында тұрады. Мұнда сенбі күні 25 науқас анықталған. Бішкекте - 5, Ош облысында - 2, Жалалабад облысында - 1, Баткен облысында 1 адамға вирус жұққан.
Ресейдің Орынбор облысынан оралғандар арасында тағы үш адамнан коронавирус табылған. Санкт-Петербургтен келген бір адамнан вирус анықталған.
"Эпидемиологиялық ахуал әлі тұрақталған жоқ, сол себепті барлық азаматтарды араласуды азайтып, гигиена ережелерін сақтауға шақырғым келеді" деді министр.
Қырғызстанда бір күнде 23 пациент жазылып, жазылған науқастар саны 980 адамға жеткен.
Қырғызстанда вирус жұқтырғандар 1403 адамға жетті. 14 адам қайтыс болған.
Нұр-Сұлтанда қосымша карантин шаралары енгізіледі
25 мамырдан бастап Нұр-Сұлтанда қосымша карантин шаралары енгізілетінін қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиева хабарлады.
Астанада екі және одан да көп адам серуендеген кезде маска тағу міндет. Дегенмен қала тұрғындарының үйден шығуына тыйым салынбайды. Аулаға шығып, бірнеше адам болып саябақ, алаңдарға баруға рұқсат етіледі. Бірақ әлеуметтік арақашықтық сақталуы тиіс. Қала тұрғындары сонымен бірге саяжайларға да бара алады.
"Қоғамдық орындарға барған кезде, қоғамдық көліктерге мінген кезде маска тағып, қолғап кию, антисептик қолдану талаптарын қатаң сақтау керек" делінген Пірәлиеваның хабарламасында.
Дегенмен қала тұрғындарына отбасылық, еске алу, ғұрыптық және өзге де шараларды өткізуге, той жасауға тыйым салынған. Бас санитар дәрігердің айтуынша, қалада 25 мамырдан бастап бизнес нысандары қалыпты режимге көшеді, бірақ санитарлық-дезинфекциялық ережелерді сақтауы керек.
Астанада ауласында 50-ден астам орын бар дәмханалар мен мейрамханалардың жұмыс істеуіне рұқсат етілмек. Мешіт, шіркеу және өзге де діни нысандарға бір мезгілде 50-ден астам адам кіруге болмайды және кіру-шығу есіктері бөлек болуы керек.
Астанада бұрынғыдай қоғамдық шара өткізуге тыйым күшінде қалмақ. Мұнда мектеп бітіру кештері, соңғы қоңырау өтпейді. Көше саудасына да тыйым салынған. Банкет залдары, түнгі клубтар, массаж, спа-салондар, спорт кешендері, мектепке дейінгі білім беру орындары жабық.
Соңғы мәлімет бойынша, астанада 1598 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Соңғы тәулікте 58 адамнан коронавирус табылған. Эпидемия басталғалы бері 5 адам қайтыс болған.