New York Times-тің алғашқы бетінде коронавирустан қайтыс болғандардың аты-жөні жарияланды
New York Times басылымы жексенбі күні алғашқы бетінде коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдардың аты-жөндері мен некрологтар үзіндісін жариялады. Басылым осылайша індеттен қайтыс болғандарды еске алған.
"АҚШ-та адам өлімі 100 мыңға жуықтады, орны толмас қасірет" делінген алғашқы бетте.
Газеттің алғашқы бетінде басылым дерегі, тақырып және қайтыс болғандардың аты-жөні және некрологтар үзіндісінен басқа ешқандай мақала жарияланбаған. Газет қызметкерлерінің айтуынша, олар қайтыс болғандардың аты-жөндерін жариялап қана қоймай, некрологтардың жазғандарын да басуды жөн көрген. New York Times редакторлары оларды аймақтық басылымдардан тапқан.
Соңғы ақпарат бойынша, АҚШ-та 98 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясынан қайтыс болған. Бұл - әлемдегі ең жоғары көрсеткіш. Шамамен 30 мың өлім Нью-Йорк штатында тіркелген.
Соңғы кезде бірқатар штаттарда (арасында Нью-Йорк те бар) коронавирус жұқтырғандар мен вируспен байланысты адам өлімі азайып, билік кейбір карантин шектеулерін алған.
Нью-Йорк штатында сенбі күні 84 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл соңғы апталармен салыстырғанда ең төмен көрсеткіш. Эпидемияның шарықтау шегіне жеткен кезде - сәуір айының басында Нью-Йоркте күніне 800-ге жуық адам қайтыс болған.
Қырғызстанда парламенттің бұрынғы спикері коронавирустан қайтыс болды
24 мамырда қырғыз қоғам қайраткері, парламенттің бұрынғы спикері Мукар Чолпонбаев коронавирустан қайтыс болды.
Ол ауруханаға 4 мамырда түскен, 12 мамырда реанимация бөліміне ауыстырылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
"Коронавирус індеті кезінде аурулары асқынған, онда екіжақты пневмония және тыныс алу жетіспеушілігі болған. Бұған қоса, жүрек, бүйрек және қантамыр жүйесі ауруларымен ауырған" деді республикалық штаб өкілдері.
Чолпонбаев - Қырғызстанда коронавирустан қайтыс болған 15-адам.
70 жастағы Мукар Чолпонбаев Жогорку Кенешінде 1995-96 жылдары спикер болған, Қырғызстан парламентінің экс-спикерлері қоғамдық кеңесінің мүшесі болған.
COVID-19 жұқтырғандар 8531 адамға жетті
Өткен тәулікте Қазақстанда коронавирус жұқтырған 209 адам анықталды, оның 37-і Алматы қаласында тіркелген. Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында ондаған адамнан COVID-19 табылған. Бір күндегі өсім 2,5 пайыз болды деп хабарлады 25 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі.
- Алматы қаласы - 37
- Қарағанды облысы - 33
- Жамбыл облысы - 33
- Нұр-Сұлтан қаласы - 32
- Батыс Қазақстан облысы - 28
- Атырау облысы - 12
- Павлодар облысы - 10
- Ақтөбе облысы - 6
- Қызылорда облысы - 6
- Алматы облысы - 4
- Шығыс Қазақстан облысы - 4
- Қостанай облысы - 2
- Ақмола облысы - 1
- Маңғыстау облысы - 1.
Дерттен жазылғандар - 253 адам.
13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жиынтығы - 8531 адам. 4352 науқас дерттен айығып, 35 адам қайтыс болды.
Қырғызстанда коронавирустан тағы екі адам қайтыс болды
Қырғызстанда өткен тәулікте COVID-19 салдарынан екі адам көз жұмды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.
Қырғызстан денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаевтың 25 мамырда берген мәліметіне сай, қазірге дейін елде коронавирустан өлгендер 16 адамға жеткен. Жексенбі, 24 мамырда Бішкектегі республикалық клиникалық ауруханада Қырғызстан парламентінің бұрынғы спикері Мукар Чолпонбаевтың коронавирустан қайтыс болғаны хабарланған.
Қырғызстанда COVID-19 жұқтырғандар - 1433 адам, оның 992-і дерттен айыққан.