Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

16:09 25.5.2020

Батыс Қазақстан облысында коронавирус карантині күшейтілді

Көшеде коронавирусқа қарсы дезинфекция жасап жүрген адамдар. Орал, 18 сәуір 2020 жыл.
Көшеде коронавирусқа қарсы дезинфекция жасап жүрген адамдар. Орал, 18 сәуір 2020 жыл.

Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қаулысымен коронавирус инфекциясына байланысты өңірде карантин күшейтілді. Қарашығанақ кеніші қызметкерлерінің бірі короновирус жұқтырғаны анықталған соң кен орны маусымның бесіне дейін карантинге жабылды. Науқас инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Кеніш аумағында және вахталық ауылдар арасында сағат 19-дан таңертеңгі 7-ге дейін адамдардың жүруіне тыйым салынды. Ауысымды жұмысына сырттан келгендердің денсаулығын тексеріп, вирустан аман екені анықталғанда ғана кеніш аумағына кіруіне рұқсат береді.

25 мамырда Оралда бір апта бұрын ғана жұмысын жалғастырған бала бақшалар мен білім орталықтары қайта жабылды. Қалада білім беру мекемелерінің алты қызметкерінен вирус табылған. Ал облыс көлемінде өзге балабақшалар жұмыс істеп жатыр деп хабарлады өңірдің бас санитар дәрігерінің орынбасары Нұрлыбек Мұстафин.

COVID-19 жұқтырған науқастар дәрігерге қаралуға барған Оралдағы алты емхананың төртеуі жабылған. Осы мекемелердегі медицина қызметкерлерінің денсаулық жағдайын тексеріп жатыр.

25 мамырдағы мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында коронавирус жұқтырғандар саны - 414 адам, арасында жасы 14-ке толмаған 15 бала бар. Қазір 342 адам - стационарда, тағы 1134 адам үйінде карантинде жатыр.

16:19 25.5.2020

Ресейде бір тәулікте тоғыз мыңға жуық адамнан COVID-19 анықталды

Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастың өкпесінің рентген суретін қарап отырған дәрігер. Ресей, Мәскеу, 23 мамыр 2020 жыл.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастың өкпесінің рентген суретін қарап отырған дәрігер. Ресей, Мәскеу, 23 мамыр 2020 жыл.

Ресейде өткен тәулікте коронавирус жұқтырғандар 8946 адамға көбейді. Бұл соның алдындағы тәулікпен салыстырғанда бірнеше жүз адамға көп. Елде кейінгі бір тәулікте 92 науқас қайтыс болып, 5499 адам дерттен айыққан.

Ресейде коронавирус індеті басталғалы бері 350 мыңнан астам адамнан коронавирус анықталған. Ресми мәліметке сай, қазір елде 230 мыңға жуық адам емделіп жатыр.

Биліктің дерегі бойынша, Мәскеуде коронавирус салдарынан көз жұмғандар екі мыңнан асқан. Кейінгі бір тәулікте Ресей астанасында 41 адам бақилық болған.

Жалпы Ресей бойынша вирустан қайтыс болғандар - 3633 адам.

16:50 25.5.2020

Ақтөбеде карантинге жабылған базар сатушылары наразылық білдірді

Ақтөбедегі орталық базар саудагерлері биліктен базарды ашуды талап етіп тұр. 25 мамыр 2020 жыл.
Ақтөбедегі орталық базар саудагерлері биліктен базарды ашуды талап етіп тұр. 25 мамыр 2020 жыл.

25 мамырда Ақтөбедегі коронавирус карантиніне байланысты жабылған орталық базар сатушылары жергілікті биліктен жұмыс орнын ашуды талап етті. Олар базар жұмысы тоқтағалы бері өткен екі айдан аса уақыт ішінде үш мыңға жуық адамның күн көрісі қиындағанын айтып, наразылық білдірді.

- Вирус барын, инфекционистер жұмыс істеп жатқанын да білеміз, мойынсұнамыз, бірақ халыққа қиын болды. Базармызды ашуға көмектесіңіздер. Базар маңына саудаға шықсақ полиция қуады, амалсыздан қашып жұмыс істеп жүрміз. Ұстап алса – айыппұл төлейміз, - дейді жергілікті тұрғын Диляфруз Мамеджанова.

Орталық базар маңын біраздан бері жайма базарға айналдырған сатушылар отбасы табысынан айырылып, банктегі несие қарызын төлейтін уақыт келгенін айтып шағынды.

- Біз енді осылай отыра берсек коронавирустан емес, аштан өлеміз. Сонда үкімет халықты қандай деңгейге дейін жеткізбекші? - дейді наразылардың бірі Шолпан Есенова.

Наразылармен кездескен жергілікті әкімдік өкілі жағдайды түсіндірмек болды. Алайда наразылар «жұмыс істеудің амалын тауып бермесе жолды жабамыз» деп ескертті. Осыдан кейін оқиға орнына полиция келіп, сатушылардың біразы тарап кетті.

- Облыстық бас санитар дәрігердің қаулысымен базарды 18 мамыр немесе 25 мамырда ашпақ болған едік. Бірақ өткен аптада науқас саны 15 пайызға, осы аптада 25 пайызға көбейіп кетті. Респубикамыздың бас санитар дәрігерінің қаулысымен науқас саны 7 пайыздан асса, мұндай адам көп шоғырланатын орынды ашуға рұқсат жоқ, - деді наразы азаматтармен кездескен Ақтөбе қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Аманжол Өтеғалиев.

Наразылар оның жауабына қанағаттанбай, қала әкімі Асхат Шахаровпен кездесуді талап етті.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 25 мамырдағы мәліметіне сай, Ақтөбе облысында 276 адамнан коронавирус табылған. 172 адам дерттен айыққан. Қазақстан бойынша коронавирус жұқтырғандар 8531 адамға жеткен. 4352 адам жазылып, 35 адам қайтыс болды.

18:25 25.5.2020

42 500 теңге тағайындалмаған азаматтардың өтініші қайта қаралмақ

Алматы облысы аумағында тұратын адамдар коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталатын күні Алматыға кіреберістегі блокпоста тұр. 11 мамыр 2020 жыл.
Алматы облысы аумағында тұратын адамдар коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай режимі аяқталатын күні Алматыға кіреберістегі блокпоста тұр. 11 мамыр 2020 жыл.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға берілетін “42 500 теңге” төлемі тағайындалмаған азаматтардың өтінішін қайта қарау тәртібі бекітілді. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Билік бастапқыда теріс жауап алғандар аудандық я қалалық штабқа төлемге лайық екенін растайтын құжаттар мен өтінішін өткізуі қажет екенін айтты. Өтінішті бұрынғыша не жұмыс беруші не үміткердің өзі тапсыра алады.

Төлемді тағайындауды не тағайындамауды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) шешеді. Өтініші қанағаттанбаған үміткер облыстық штабқа жүгіне алады.

Үкімет 16 наурызда елде төтенше жағдай жариялағанда табысынан айырылғандарға 42 500 теңге (қазіргі бағаммен 103 доллар) көлемінде жәрдемақы берілетінін айтты. Ресми деректерге сәйкес, жәрдемақыға 8 миллион 32 мың адам өтініш өткізсе, төлемақы соның 4,5 миллионына тағайындалған.

Биліктің айтуынша, жәрдемақыны беруге республикалық бюджеттен 193 млрд теңге бөлінген. Өтінішін 16 сәуірге дейін өткізгендер жәрдемақыны екінші айға да ала алады. Өтінішін аталған күнге дейін өткізгендер саны - 3 млн 735 мың адам.

Тағы

XS
SM
MD
LG