Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

21:31 25.5.2020

Вирус құрбандары ресми деректе – 10 адам. Ал коронавирус зиратында 32 марқұм жерленген

Алматы облысы Қараой ауылының маңындағы коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зиратқа 32 адам жерленген. Ресми дерек бойынша, Алматы қаласында COVID-19 жұғып, көз жұмғандар саны 10 адам. Ал Алматы облысы аумағында өлім тіркелмеген. Қабір саны мен билік таратқан ақпараттағы дерек сәйкеспейді. Азаттық тілшісі Алматыдан 50 шақырым қашықтықта орналасқан зиратқа барып, жерлеу рәсіміне куә болып қайтты.

Алматыда вирустан қайтыс болғандар - 10 адам. Қалған 22 қабір қайдан келді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:13 0:00

08:22 26.5.2020

Жаңа антирекорд: Қазақстанда вирус жұқтырғандар 438 адамға көбейді

Өткен тәулікте Қазақстанда 438 адамнан коронавирус анықталды деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі. Бұл осы кезге дейін бір күндегі ең көп көрсеткіш.

  • Алматы қаласы - 75
  • Шымкент қаласы - 69
  • Қарағанды облысы - 67
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 56
  • Жамбыл облысы - 51
  • Батыс Қазақстан облысы - 38
  • Атырау облысы - 32
  • Түркістан облысы - 17
  • Алматы облысы - 12
  • Қызылорда облысы - 8
  • Қостанай облысы - 5
  • Маңғыстау облысы - 5
  • Ақтөбе облысы - 2
  • Ақмола облысы - 1.

Өткен тәулікте 163 адам дерттен айыққан.

13 наурыздан бері Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 8969 адамға жетті. 4515 науқас жазылып, 35 адам қайтыс болды.

14:12 26.5.2020

Черногория COVID-19 вирусынан толық арылғанын мәлімдеді

Черногория астанасының көшесіндегі адамдар. Подгорица, 25 мамыр 2020 жыл.
Черногория астанасының көшесіндегі адамдар. Подгорица, 25 мамыр 2020 жыл.

Черногория Еуропада COVID-19 вирусынан емделіп жатқан науқасы жоқ алғашқы мемлекет атанды. Бұл туралы 25 мамырда елдің премьер-министрі Душко Маркович мәлімдеді.

Бұл мемлекетте алғашқы науқас Еуропаның өзге елдеріне қарағанда кештеу - 17 наурызда тіркелген. Екі айдан аса уақыт ішінде елде 324 адам вирус жұқтырған. Оның тоғызы қайтыс болып, 315 адам жазылып шыққан. Вирус жұқтырған ең соңғы науқас 24 мамырда айыққан. Кейінгі екі аптадан бері Черногорияда вирус ешкімге жұқпаған.

Черногория қоғамдық денсаулық институты өкілінің Азат Еуропа/Азаттық радиосына хабарлауынша, егер вирусты жаңадан жұқтырғандар 28 күнге дейін тіркелмесе елде эпидемия аяқталды деуге болады.

Черногория Еуропаның Оңтүстік-Шығысында орналасқан 630 мыңға жуық халқы бар мемлекет.

Бұған дейін Данияға қарасты Фарер аралдарының билігі де өз аумағында вирус жұқтырғандар қалмағанын мәлімдеген. Фарерде вирус жұқтырған 187 адамның барлығы жазылып шыққан, ешкім қайтыс болмаған. Француз Полинезиясы мен Жаңа Каледония елді мекендерінде де вирустан қайтыс болғандар жоқ.

15:13 26.5.2020

Алматы әкімдігі "коронавирус зиратына" жерленген 22 адамның неден қайтыс болғанын айтты

Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.
Коронавирустан қайтыс болғандардың зираты. Алматы облысы, Қараой ауылы маңы. 25 мамыр 2020 жыл.

Алматы облысы Қараой ауылының маңындағы коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін арнайы зиратқа 32 адам жерленгені туралы Азаттық хабарлаған. Бірақ ресми мәліметте Алматы қаласында COVID-19 жұғып, көз жұмғандар - 10 адам, Алматы облысында коронавирустан ешкім қайтыс болмаған деп жазылған.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов 26 мамырда Tengrinews.kz сайтына берген түсініктемесінде вирустан қайтыс болғандар мен жерленгендер арасындағы айырмашылық жайлы: "Қалада қазір COVID-19 жұғып, қайтыс болғандар – 10 адам, ал қалған 22 адамға коронавирус жанама түрде әсер еткен, бірақ олардың ажалы созылмалы дерттен болған", - деген.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырып қайтыс болғандардың өлімін тексеретін комиссия құрған. Олар марқұмның өліміне коронавирус әсер еткенін я басқа созылмалы дерт себеп болғанын анықтауы тиіс. Комиссия "коронавирус марқұмның өліміне жанама түрде әсер еткен, бірақ негізі созылмалы дерттен қайтыс болған" деп тапса, ол адамды коронавирустан өлгендердің ресми статистикасына қоспайды.

Министрліктің ресми мәліметінше, Қазақстанда 35 адам COVID-19 инфекциясынан көз жұмған. Ведомство коронавирус жұқтырған, алайда бұл тізімге енбеген адамдардың санын ашып айтпай отыр. Бірақ "коронавирус жұқтырса да, өліміне басқа дерт себеп болғандар" жайлы статистиканы карантин аяқталған соң жариялауға уәде еткен.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізуді ұсынған.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 26 мамырдағы ресми мәліметінше, елде 8969 адамнан коронавирус табылды. 4515 адам дерттен айығып, 35 адам көз жұмған.

Тағы

XS
SM
MD
LG