Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

15:29 26.5.2020

Тәжікстанда күнібұрын қазып, бетін жауып қойған қабірлер бар

Ресми дерек бойынша, Тәжікстанда үш мыңға жуық адамға коронавирус жұғып, 46 адам қайтыс болған. Мыңнан астам науқас айыққан. Бірақ бұл мәліметке жұрт күмән келтіреді. Тұрғындар туыс-таныстарының пластик қапқа салып жерленгені және алдын ала қазып, бетін целлофанмен жауып қойған қабірлер туралы видеоларды интернетте жиі жариялайды.

"Настоящее время" арнасының видеосы (орысша):

15:44 26.5.2020

Аймақтарда карантин мерзімі ұзартылды

Коронавирусқа байланысты карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберістегі блокпостта тұрған полиция қызметкері мен азаматтар. 11 мамыр 2020 жыл.
Коронавирусқа байланысты карантинге жабылған Алматы қаласына кіреберістегі блокпостта тұрған полиция қызметкері мен азаматтар. 11 мамыр 2020 жыл.

Мемлекеттік комиссияның жедел штабының хабарлауынша, Маңғыстау облысында коронавирусқа байланысты карантин мерзімі аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін ұзартылды. Шығыс Қазақстан облысында – 1 маусымға, Шымкентте, Түркістан мен Атырау облыстарында – 8 маусымға, Батыс Қазақстан облысында – 15 маусымға дейін карантин жалғасады.

"Өзге аймақтарда карантин эпидемиологиялық жағдай тұрақтанғанға дейін ұзартылды", - деп хабарлады штаб.

Ресми мәлімет бойынша, 25 мамырда Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 438 адам анықталды. Бұған дейін елде бір күнде мұндай көрсеткіш болмаған. Өткен тәулікте 163 науқас дерттен айыққан.

15:51 26.5.2020

Қазақстандағы қазіргі ахуал қандай?

Азаттықтың жазбаша Live парақшасына енді ғана қосылсаңыз, бүгінгі негізгі ақпаратты қысқа-нұсқа шолып шығыңыз:

  • 25 мамырда елде коронавирус жұққан 438 адамның 88 пайызынан вирус профилактикалық тексеріс кезінде табылды. 10 пайызы симптомдармен дәрігерлерге қайырылғанда вирус анықталған. 8 пайыздан астамы шетелден келген. Бұл туралы 26 мамырда бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасындағы сұхбатта айтты. Билік вирус жұқтырғандар санының өсуін профилактикалық тексерістің көбеюімен байланыстырады.
  • Есмағамбетованың сөзінше, Қазақстанда маска жеткілікті. Бірақ дәріханаларда бір адамға 10 маска ғана сатылады. Жұрттың маска тағу я тақпауын әр қаланың санитарлық дәрігері өзі шешеді.
  • Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Күлгінов онлайн брифингте карантин басталғалы қалада "карантин ережесін бұзған" бес мың адамға айыппұл салынғанын, үш жүз адам қамалғанын, мың адам ескерту алғанын айтты. Әкім жазаланғандардың нақты қандай ережелерді бұзғанын ашып айтпады. Осыған дейін халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігі пандемия мен карантинді пайдаланып, адам құқықтарын бұзып жатыр деген. Мәселен, Human Rights Watch халықаралық адам құқығын қорғау ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон Азаттыққа берген сұхбатында "Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, Қазақстан үкіметі карантин ережелерін бұзғандарды жауапқа тартатын заңды қолдануда ерекше белсенділік танытты" деді.
  • Қарағанды облысындағы Қазақмыс кенішіне тиесілі "Нұрқазған" кен-байыту орнында 300-ден аса адамнан коронавирус табылды. Олардың 163-і – кен жұмысшысы, қалғаны – олардың туыстары, байланыста болғандар. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады. Қазір кен орны карантинге жабылған. Облыста 26 мамырдағы мәліметке сай, 662 адамнан вирус табылған. 191 адам дерттен айықты. 3 адам қайтыс болды.
  • Қазір елде, ресми дерек бойынша, 8969 адамнан вирус табылды. 4560 адам дерттен айықты. 35 адам қайтыс болды. Коронавирус жұқтырып, бірақ ресми статистикаға енбеген марқұмдар да бар. Денсаулық сақтау министрлігі "олардың өліміне коронавирус жанама түрде әсер еткен" деп санайды. Министрлік вирус табылса да, ресми тізімге енбеген марқұмдар санын жарияламай отыр.

Қазақстанда карантин қалай жалғасады? Мына сілтемеден оқи аласыз.

16:19 26.5.2020

ДДСҰ коронавирусты гидроксихлорохинмен емдеу сынағын уақытша тоқтатты

Дәріханада сатылатын гидроксихлорохинді көрсетіп тұрған адам. Бельгия, 2020 жылғы сәуір айы.
Дәріханада сатылатын гидроксихлорохинді көрсетіп тұрған адам. Бельгия, 2020 жылғы сәуір айы.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаңа коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуге гидроксихлорохин мен хлорохинді қолдану мақсатында жүргізіліп жатқан клиникалық сынақты уақытша тоқтатты. Бұл туралы ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус хабарлады.

Оның сөзінше, мұндай шешім жақында Lancet атты медициналық басылым зерттеу мақала жариялағаннан кейін қабылданған. Зерттеу нәтижесі аталған дәрі COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеуге тиімсіз болуы ықтимал екенін, науқастар арасында өлім жиі болғанын көрсеткен.

Ғалымдар әлем бойынша 700-ге жуық ауруханада емделген ондаған мың науқастың деректерін талдай келе, гидроксихлорохиннің денсаулыққа теріс әсер етеді, соның ішінде жүрек аритмиясы да бар деген қорытынды жасаған.

Гебрейесус жалпы алғанда гидроксихлорохин мен хлорохин аутоиммундік дертпен немесе безгекпен ауыратындарға қауіпсіз деп мәлімдеді.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің нұсқаулығында COVID-19 жұқтырғандарды емдеу үшін гидроксихлорохинді вирусқа қарсы басқа дәрі-дәрмекпен қосып пайдалану жайлы кеңес берілген.

Жақында АҚШ президенті Дональд Трамп коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында екі апта бойы гидроксихлорохин ішкенін мәлімдеген.

ДДСҰ коронавирус індетінің қайталануы мүмкін екенін ескертіп, эпидемиологиялық ахуал жақсарғаны байқалған елдерді босаңсымауға шақырды. ДДСҰ әлеуметтік қашықтықты сақтап, тест алуды кеңірек қолдану қажет екенін айтады.

26 мамырдағы дерек бойыншша, әлемде бес жарым миллионнан аса адамға вирус жұғып, 346 мыңнан астам адам қайтыс болған. Дүниежүзі бойынша екі жарым миллионға жуық адам дерттен айыққан.

Тағы

XS
SM
MD
LG