Қырғызстанда шамамен 300 медицина қызметкеріне коронавирус жұққан
Өткен тәулікте Қырғызстанда 12 медицина қызметкерінің COVID-19 ауруына шалдыққаны анықталды. Бұл туралы 27 мамырда денсаулық сақтау министрінің орынбасары Нурболот Усенбаев хабарлады.
Оның айтуынша, Бішкекте - 5, Ош облысында 7 қызметкерден коронавирус табылған. Бір күнде 6 дәрігер жазылған.
Елде COVID-19 диагнозы қойылған медицина қызметкерлерінің саны 299 адамға жетті, 243-і жазылып, ауруханадан шыққан.
27 мамыр күнгі ақпарат бойынша, Қырғызстанда 1520 адамға вирус жұққан, жалпы 1043 адам жазылған, 16 адам қайтыс болған.
Испания коронавирустан қайтыс болғандарды еске алып жатыр
Сәрсенбі күні Испанияда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды еске алуға арналған 10 күндік қаралы күн басталды. Ресми мәлімет бойынша, мұнда эмидемия кезінде шамамен 30 мың адам қайтыс болған.
27 мамырда барлық ресми ғимараттар мен кемелерде испан туы түсірілді. Негізгі қаралы шеруге Испания королі Филипп VI қатысады.
Эпидемия басталғалы бері елде 235 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. Қайтыс болғандардың 80 пайызы 70 жастан асқан. "Евроньюстің" жазуынша, оппозиция және қарапайым азаматтар биліктен пандемия кезінде анықталған денсаулық сақтау жүйесіндегі қордаланған мәселелерді шешуді талап етеді.
- Авторы: Нұргүл ТАПАЕВА
Нұр-Сұлтанда 6 адам вирустан қайтыс болған. Бірақ арнайы зиратта 10 қабір тұр
Нұр-Сұлтанда COVID-19 дертінен ресми мәлімет бойынша 6 адам қайтыс болған. Бірақ коронавирустан көз жұмғандарды жерлейтін арнайы орында 10 қабір тұр. Денсаулық сақтау басқармасының өкілі не дейді?
БҚО-да бір ауылда 4 адамнан вирус табылды. Бүкіл ауданда карантин жарияланды
БҚО Сырым ауданы Жымпиты ауылында төрт тұрғыннан коронавирус табылған соң билік бүкіл ауданды карантинге жапты.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, эпидемиологиялық тексеріс кезінде Жымпитының бір тұрғыны облыс орталығы – Орал қаласына барып келген. Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті ауыл тұрғыны қалада 1Теңіз мұнай кенішінен келген адаммен байланыста болғанын1 айтады.
– Ол кісіден екі жақын туысы және аудандық аурухананың бір медқызметкері вирус жұқтырған. Осы жағдайдан кейін Сырым ауданын карантинге жабу шешімі қабылданды, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев.
Жымпиты тұрғыны карантин кезінде қалай ауданнан қалаға шыққаны, блокпостан қалай өткені айтылмады.
– Бұл сауалды басқа ведомстваға қойыңыздар, – деді департаменттің баспасөз хатшысы Әдемі Хасанова Азаттыққа.
Полициядан комментарий алу мүмкін болмады және Азаттықтың ресми сауалына да әзірге жауап келген жоқ.
Облыс әкімі Ғали Исқалиев 26 мамырда "екі аптада облыста коронавирус жұқтырғандар 70 пайызға өскенін" мәлімдеді.
"Аймақта карантин шаралары дұрыс сақталмаса, шектеуді күшейтуге мәжбүр боламыз" деді әкім.
Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті өкілдері карантин шектеулерін жеңілдету эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады дейді. Егер бір аптадағы өсім 7 пайыздан асса, "карантинді қатаңдату мәселесі қарастырылады". Ал вирус тарауы 2 пайызға дейін төмендесе, билік карантин шектеулері алынады.
Ресми мәліметке сай, 26 мамырда облыста вирус жұқтырғандар 4,4 пайызға өсті (20 адамнан вирус табылды)
БҚО коронавирус тарауына байланысты 30 наурыздан бері карантин жарияланып, облыс ішіндегі қозғалысқа шектеу қойылған. Облыстағы карантин шектеулері 12 мамырдан бастап үш кезең бойынша жеңілдету жоспарланған. Үшінші кезең 25 мамырға белгіленген еді, бірақ аймақта вирус жұқтырғандар саны күрт артқандықтан, карантин 15 маусымға дейін созылды.
27 мамырдағы ресми дерекке сай, БҚО-да 472 адамнан коронавирус табылды. Ал елде 9304 адам COVID-19 дертіне шалдыққан. 37 адам қайтыс болды.