Маңғыстау, ШҚО, БҚО: Бір күнде ондаған науқас анықталып, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті
Денсаулық сақтау министрлігі өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында - 51, Маңғыстау облысында - 40, Қарағанды облысында - 34, Шығыс Қазақстан облысында 23 адамға вирус жұққаны анықталды деп хабарлаған.
Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары үшін бұл ең жоғары көрсеткіш. Эпидемия басталғалы бері бұл аймақтарда бір күн ішінде осынша көп науқас анықталмаған.
ШҚО-да науқастардың басым бөлігі Семей қаласында тіркелген. 28 мамырда Семей қаласында тағы 19 адамнан коронавирус табылып, барлығы 76 науқас болды. Риддер қаласында - 1, Өскеменде - 3 адамға вирус жұққаны анықталған. Олардың екеуі Ресейден келген. Қалғаны науқастармен байланыста болған. ШҚО-да барлығы 97 адамнан коронавирус табылған. 1 адам қайтыс болған.
Lada.kz сайтының жазуынша, Маңғыстау облысында бейсенбі күні Ақтауда - 3, Жаңаөзенде - 1, Бейнеу ауданында - 16, Қарақия ауданында - 10, Мұнайлы ауданында - 5, Маңғыстау ауданында - 3, Түрқараған ауданында 2 адамнан вирус табылған. Бейнеу ауданында вирус жұққандар арасында 8 жасар бала бар. "Теңізшевройл" компаниясының бірнеше жұмысшысынан да вирус табылған.
Облыста барлығы 217 науқас бар. Ең көбі - Бейнеу ауданында (85) тіркелген. Ақтауда - 39, Қарақия ауданында 42 адамнан вирус анықталған. 116 адам жазылған. 1 адам қайтыс болған.
Ресми орындар әзірге БҚО-дағы жағдайға байланысты ақпарат берген жоқ.
Қарағанды облысында бейсенбі күні 15 науқас - Теміртау қаласында, 13 науқас Қарағанды қаласында тіркелген. Бұқар жырау ауданы, Саран қаласы және Абай ауданында бірнеше тұрғыннан вирус табылған. Облыста барлығы 788 науқас бар. 3 адам қайтыс болған. 217 адам жазылған.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандар санының көбеюін елде тестілеудің жиі өтуімен түсіндірген. Министрліктің ақпараты бойынша, бұған дейін 710 мыңнан астам тест жүргізілген. Күніне 20-мыңнан астам адам коронавирусқа тест тапсырады.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты енгізілген төтенше жағдай 11 мамырда аяқталған, елде карантин шаралары біртіндеп алынып жатыр. Дегенмен блокбекеттер толық алынған жоқ. Қоғамдық орындарға маска тағып бару міндеттелген.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда карантин қалай жалғаспақ? 700 сөзбен түсіндіреміз
БҚО-да аттестат тапсыру шарасы өтпейді
"Уральская неделя" басылымының жазуынша, облыстағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты Батыс Қазақстан облысында мектеп түлектеріне аттестат тапсыру шарасы өтпейді.
Тауар және көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыста коронавирус жұқтырғандар саны артқан. Мектеп оқушылары мен ата-аналар, мұғалімдер қауіпсіздігі үшін шараны өткізбеу туралы шешім қабылданған. Мектеп түлектеріне куәлік беру мәселесі алдағы уақытта анықталады.
"Науқастар саны көбейіп жатқан шақта курьерлер арқылы "Қазпоштаның" көмегімен беруге болатын шығар. Мүмкін, қалалық білім беру бөлімінің қызметкерлері куәлікті өздері тапсырар. Қалай болған жағдайда шешім туралы қосымша хабарлаймыз" деді департаменттің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында мектеп түлектеріне арналған салтанатты рәсім санитарлық-эпидемиологиялық ережелер қатаң сақталған жағдайда өтеді деп айтылған еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Батыс Қазақстан облысында 544 адамнан коронавирус табылған. Өткен тәулікте 51 науқас анықталды. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Алматы облысында вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер көбейді, ал ресми мәлімет өзгермеген
Алматы облысы Іле ауданы Қараой елдімекені маңындағы коронавирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны 6 адамға көбейді. 4 күн бұрын мұнда 32 адамның бейіті болған, 29 мамырда Азаттық тілшісі бейіттер санының 38-ге көбейгенін көрді.
Қазір зираттың мұсылмандық рәсіммен жерленгендер жағында - 18, христиандық рәсіммен жерленгендер жағында 20 адамның бейіті жатыр. Ал ресми дерек бойынша, Алматы қаласында коронавирустан қайтыс болғандар саны өзгермеген. Алматы қаласында 10 адам коронавирустан қайтыс болған. Алматы облысында адам өлімі тіркелмеген.
Азаттық тілшісінің хабарлауынша, зиратқа жаңадан жерленгендердің бейітіне тақтатас та қойылмаған. Тек нумерациялармен тұр. Жұма күні бейіт маңында ешкім болмады. Азаттық тілшісі 29 мамырда түсте ресми органдардан жауап ала алмады.
Қазақстанда ресми дерек бойынша коронавирустан қайтыс болғандар мен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасындағы сәйкессіздік соңғы бірнеше күннен бері айтыла бастаған. Бұған дейін осыған ұқсас жағдай Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында болған.
Осы аптада денсаулық сақтау министрлік өкілдері арнайы зиратқа жерленген кейбір адамдардың өліміне коронавирус инфекциясы себеп болған жоқ деп айтқан еді. Алматы әкімдігі де соған ұқсас жауапты қайталаған.
Оқи отырыңыз: Әкімдік: Алматы іргесінде жерленген 22 адамның өліміне COVID-19 "жанама әсер етті"
Сәуір айының соңында денсаулық сақтау министрлігі әр аймақта коронавирус жұқтырып қайтыс болғандардың өлімін тексеретін комиссия құрған. Олар марқұмның өліміне коронавирус әсер еткенін я басқа созылмалы дерті себеп болғанын анықтауы тиіс. Комиссия "коронавирус марқұмның өліміне жанама түрде әсер еткен, негізгі өлімі созылмалы дерттен болған" деп тапса, қайтыс болған адам ресми статистикаға енбейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) әлем елдеріне қайтыс болған адамнан COVID-19 анықталса, басқа қандай ауруы барына қарамастан марқұмды коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енгізуді ұсынған.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 29 мамырдағы ресми мәліметінше, елде 9932 адамнан коронавирус табылды. 4900 адам дерттен айықты. Ал министрліктің коронавирустан көз жұмғандар статистикасына енген 37 марқұм мына аймақтарда:
- Алматы қаласы – 10
- Шымкент қаласы – 6
- Нұр-Сұлтан қаласы – 6
- Ақмола облысы – 4
- Қарағанды облысы – 3
- Павлодар облысы – 2
- Шығыс Қазақстан облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
- Қостанай облысы – 2
- Маңғыстау облысы – 1
- Түркістан облысы – 1
Оңтүстік Кореяда бірнеше күн бұрын ашылған 200-ден астам мектеп қайта жабылды
BBC сайтының жазуынша, Оңтүстік Корея астанасы Сеулде халық көп шоғырланған бірнеше жерде вирус тарағаннан кейін шенеуніктер мәселеге алаңдай бастаған.
Олар алдағы бірнеше күннің вирустың тарауына тосқауыл қоюда шешуші рөл атқаратынын айтып отыр. Билік тұрғындарды алдағы екі аптада әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтауға шақырды.
Алдағы уақытта Сеул мен маңындағы қалаларда саябақтар, музейлер жабылады. Шенеуніктер бизнес өкілдеріне интернет мүмкіндіктерін барынша қолдануға кеңес беріп жатыр. Тұрғындарға адам көп жиналатын жерлерге бармау қажеттігі айтылып жатыр.
Коронавирус індетін алғашқылардың бірі болып бастан өткерген Оңтүстік Корея сәуір айында карантин шараларын жұмсартқан болатын.