Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

07:27 30.5.2020

Қазақстанда бір күнде 450 адамнан вирус табылды, бұл - ең жоғары көрсеткіш

Өткен тәулікте Қазақстанда 450 адамнан коронавирус табылды. Бұл - эпидемия басталғалы бері бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада алдыңғы орындарда тұрған Нұр-Сұлтан қаласында - 89, Шымкентте - 51 адамға вирус жұққан. Алматы қаласы, Атырау және Қарағанды облыстарында ондаған адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы 30 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқастар өсімі 4,5 пайызды құраған.

Медицина қызметкерлері.
Медицина қызметкерлері.

Елде барлығы 10 382 адамға вирус жұққан:

  • Алматы қаласы – 37 (Барлығы 2499)
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 89 (Барлығы 1957)
  • Атырау облысы – 44 (Барлығы 1024)
  • Шымкент қаласы – 51 (Барлығы 813)
  • Қарағанды облысы – 41 (Барлығы 829)
  • БҚО – 36 (Барлығы 580)
  • Жамбыл облысы – 5 (Барлығы 370)
  • Түркістан облысы – 10 (Барлығы 364)
  • Алматы облысы – 23 (Барлығы 349)
  • Қызылорда облысы – 16 (Барлығы 346)
  • Ақтөбе облысы – 34 (Барлығы 338)
  • Павлодар облысы – 8 (Барлығы 205)
  • Маңғыстау облысы – 7 (Барлығы 224)
  • Ақмола облысы – 0 (Барлығы 151)
  • Қостанай облысы – 29 (Барлығы 165)
  • ШҚО – 17 (Барлығы 114)
  • СҚО – 3 (Барлығы 54)

Бір күнде 157 адам жазылған. Барлығы 5057 адам айыққан. 37 адам қайтыс болған.

11:40 30.5.2020

Алматыда коронавирус жұқтырғандар 2,5 мыңға жуықтады

Алматыда вирус жұқтырғандар 2500 адамға жуықтады. Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб мәліметінше, өткен тәулікте мұнда тағы 37 жаңа науқас анықталған. Оның 15-іне коронавирус бұрынғы науқастардан жұққан. Профилактикалық тексеру кезінде - 11 адам, кәсіпорын жұмысшыларын тексеру кезінде - 7 адам, ауруханаға түскен кезде 4 адамға вирус жұққаны анықталған. Алматыда барлығы 2499 адамнан коронавирус табылған. 1451 жазылған. 10 адам қайтыс болған. Қазақстандағы ең ірі қала коронавирус жұқтырғандар мен одан қайтыс болғандар саны жағынан да республикада алда тұр.

Медицина қызметкерлері жолаушыларды тексеріп жатыр. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.
Медицина қызметкерлері жолаушыларды тексеріп жатыр. Алматы, 14 мамыр 2020 жыл.

Алматы облысында жұма күні 23 жаңа науқас анықталды. Талдықорғанда - 10, Қапшағай қаласында - 8, Қарасай, Панфилов, Алакөл аудандарының әрқайсысында бір-бір адамнан коронавирус табылған. Текелі қаласында вирус жұққан 2 адам анықталған. 14-і бұрын ауырғандармен байланыста болған. 9 профилактикалық мақсатта тексеруден өтіп, диагнозы расталған. Алматы облысында барлығы 349 науқас бар.

Өткен тәулікте Шымкентте 51 адамнан коронавирус табылды. 29 адам - коронавируспен ауырғандармен жақын араласқан. Бұған дейін жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері бойынша аурухаға түскен 3 адамнан вирус табылған. 8 науқаста ауруханаға түскен кезде вирус бары анықталған, скринингтен өткен 8 адамнан коронавирус инфекциясы табылған. Тағы үшеуі ақылы түрде тексеруден өтіп, оларға COVID-19 диагнозы қойылған. Бәрі инфекциялық ауруханаға жатқызылған. Халық саны жағынан республика бойынша үшінші орында тұрған Шымкентте барлығы 813 адамнан коронавирус табылған. Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада Алматы, Нұр-Сұлтан, Атырау облысы, Қарағанды облысынан кейін бесінші орында тұр.

Қарағанды облысында жұма күні 41 адамнан коронавирус табылған. Қарағанды қаласында - 25, Теміртауда - 12, Шахтинск қаласында - 2, Бұқар жырау ауданында - 2 адамнан вирус анықталған. Облыста барлығы 829 адамнан коронавирус табылған. 3 адам қайтыс болған. 221 пациент жазылған.

Қостанай облысында 29 адамнан коронавирус табылған. Жітіқара қаласында тұратын бір отбасының 8 мүшесінен коронавирус инфекциясы анықталған. Олар бұрын ауырған пациентпен жақын араласқан. 5 адам науқастармен араласқан адам ретінде тексерілген кезде диагноздары расталған. Үш адам профилактикалық тексеруден өтіп, COVID-19 ауруына шалдыққаны анықталған. Бұған қоса, тағы Жітіқара және Денисов ауданының 13 тұрғынынан коронавирус табылған. Облыста барлығы 165 науқас бар.

Жұма күні Түркістан облысында 10 адамнан коронавирус табылған. Скринингтік тексеру кезінде Түлкібас ауданында - 1, Сайрам ауданында - 3, Төле би ауданында - 1, Арыс қаласында - 2, Түркістан қаласында 1 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бұған қоса, облыстың тағы бір тұрғыны және астананың 1975 жылғы азаматынан вирус табылған.

Жамбыл облысында Тараздың үш тұрғынына COVID-19 диагнозы қойылған. Олардың біреуінің жасы - 12-де, біреуінікі - 9-да. Олар жедел респираторлық вирустық инфекция белгілерімен ауруханаға түскен. Науқастармен байланыста болған тағы бір Тараз тұрғынынан коронавирус анықталған. Бір адам жедел респираторлық вирустық инфекция белгілері байқалғандықтан ауруханаға барып, тексеру кезінде диагнозы расталған. Жұма күні мұнда коронавирус жұқтырғандар саны 5 адамға көбейіп, барлығы 370 адамға жетті.

12:21 30.5.2020

Трамп: АҚШ ДДСҰ-ны қаржыландырмайды

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күнгі баспасөз мәслихаты кезінде АҚШ Дүниежүзілік денсаулық сақтау (ДДСҰ) ұйымын қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда "ДДСҰ коронавируспен тиімді күресе алмаған, себебі Қытайдың ықпалына ұшыраған".

АҚШ президенті Дональд Трамп. 29 мамыр 2020 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп. 29 мамыр 2020 жыл.

Трамптың сөзіне қарағанда қытай билігі өздерінің жауапкершілігін толық мойындамай, ДДСҰ-ға қысым жасап, соның кесірінен ұйым бүкіл әлемге жаңа коронавирустың қаупін дұрыс ескертпей, жаңылыстырған.

Трамптың айтуынша, АҚШ ДДСҰ-ға 450 млн доллар көлемінде жарна құяды, ал Қытай құятын жарна көлемі шамамен 40 млн доллардан құралған.

АҚШ - ДДСҰ-ға ең көп жарна құятын мемлекет. Вашингтон шешімі ұйымның жұмысын әлсіретеді деп айтылады. Трамптың сөзіне қарағанда, ұйымға бөлінетін қаржы әлемнің денсаулық сақтау саласындағы өзге де маңызды мәселелерді шешуге жұмсалмақ.

Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан АҚШ әлемде бірінші орында тұр. Мұнда 1,7 млн адамға вирус жұққан. 102 мыңнан астам адам қайтыс болған.

14:36 30.5.2020

Ресейде коронавирус жұқтырғандар қайта көбейе бастады

Ресейде коронавирус жұқтырғандар екі күн қатарынан артып келеді. Өткен тәулікте мұнда 8952 адамнан коронавирус табылған. 8212 адам жазылған. 181 адам қайтыс болған. Бұл туралы 30 мамырда коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.

Қорғаныш киім киген медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Қорғаныш киім киген медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Эпидемия басталғалы бері Ресейде ресми мәлімет бойынша, 393 575 адамға вирус жұққан. 167 469 адам жазылған. Қазір 224 551 науқас бар. Барлығы 4555 адам қайтыс болған.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 10 млн 300 мың тест жүргізілген. Сарапшылардың айтуынша, тестің басым бөлігі коронавирус табылған науқастардың денсаулығын бақылауға жұмсалуы тиіс. Үкімет мұны жоққа шығарып, негізінен жаңа науқастардың тест тапсыратынын айтады.

30 мамыр күнгі мәлімет бойынша, әлемде 5,9 млн адамға вирус жұққан. 365 мың адам қайтыс болған. 2,4 млн адам жазылған.

Тағы

XS
SM
MD
LG