Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

18:23 30.5.2020

ТЖ кезінде журналистің үстінен қозғалған іс "қылмыс құрамы" болмағандықтан тоқтатылды

30 мамырда Шымкенттің Абай аудандық полиция басқармасы журналист, фрилансер Зәуре Мырзақожаеваның үстінен «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен (Қылмыстық кодекстің 274-бабы) қозғалған қылмыстық істі тоқтатты. Бұл туралы сенбі күні журналист хабарлады.

Блокбекеттердің бірі. Мамыр айы, 2020 жыл.
Блокбекеттердің бірі. Мамыр айы, 2020 жыл.

Зәуре Мырзақожаева тергеу амалдары басталған кезде тергеуге қатысты ақпаратты таратпау туралы қолхат жазған. Сондықтан іс бойынша толық ақпарат бере алмайды. 30 мамыр күні Facebook-тағы парақшасында тергеушінің қаулысынан үзінді келтірген журналист "қылмыстық құрам болмағандықтан істің тоқтағанын" жазды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, полицияға арызды Шымкенттегі мемлекеттік органдардың бірі түсірген. Бұған дейін журналистің үйінде тінту жүргізіліп, ноутбугы мен ұялы телефоны тәркіленген. Жақында журналиске заттарын қайтарған.

- Тергеу 1,5 айға созылды. Мен бар болғаны кәсіби міндетімді атқардым. Қоғамға зиян келтіретін жағдай болған соң жазба жарияладым. Қолымда барлық дәлелдерім болды, - деді сенбі күні журналист Азаттыққа.

Шымкент қалалық полиция басқармасы Азаттыққа журналистке қатысты қылмыстық істің тоқтатуылуына байланысты қандай да бір ақпарат алу үшін сұраныс хат жіберуді сұрады.

Сәуір айында коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай режимі күшінде болған кезде өзге бірқатар белсенділермен қатар шымкенттік журналист Зәуре Мырзақожаеваның да үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Сотқа дейінгі тергеу ісіне қорғалуға құқығы бар куәгер статусында қатысқан журналист бұған дейін өзін тергеуші "іс материалдарын жарияламау" туралы қолхат беруге мәжбүрлеп көндіргенін айтқан.

Оқи отырыңыз: "Тергеу құпиясын жарияламау" жайлы қолхат қысым құралы ма?

Ол төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желідегі парақшасында бірнеше пост жариялаған. Олардың арасында төтенше жағдайға байланысты белсенді Руслан Жанпейісов (шын аты – Бейбарыс Райымбеков) пен оның серіктерінің сотталуы, ауруханалардағы қорғаныш заттар тапшылығы, блокбекеттердің жұмысы, карантин талаптарының сақталмауы туралы жазбалар да болған.

Сәуір айында қазақстандық және халықаралық құқық қорғаушылар билік төтенше жағдай кезіндегі шектеу шараларын пікірін ашық айтып жүрген белсенділер мен сыни мақала жазған журналистерді қуғындаудың құралы ретінде пайдалануы мүмкін екенін айтып, мәселеге алаңдаған болатын.

Оқи отырыңыз: Коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандық белсенділерге қысым күшейді

Бұған дейін "Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікке ілінген ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевтың ісі тоқтаған. Сәуір айының ортасында "жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген белсенді Әлнұр Ильяшев әлі тергеу изоляторында қамауда отыр. Ол желіде "Нұр Отан" партиясын сынайтын жазбалар жариялаған.

22:23 30.5.2020

Шымкентте коронавирустан бір адам қайтыс болды

Шымкент қаласында 75 жастағы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Биліктің хабарлауынша, адам өлімін зерттеу комиссиясы әйелдің өліміне коронавирус себеп болғанын анықтаған.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда барлығы 38 науқас қайтыс болған. Жетеуі Шымкентте тіркелген. Бірақ COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болғандар саны ресми көрсеткіштен көп.

Осы аптада Азаттық тілшілері Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкентте коронавирустан көз жұмған адамдар туралы ресми дерек пен вирус жұқтырғандар зиратына жерленгендер саны арасында айырмашылық барын анықтады. Билік коронавирус инфекциясы диагнозы қойылып, көз жұмған науқастардың бәрін бірдей COVID-19 вирусынан қайтыс болды деп тіркей бермейтінін айтады.

Қазақстанда барлығы 10382 адамнан коронавирус табылған. 5 мыңнан астам адам жазылған.

07:24 31.5.2020

Қазақстанда тағы антирекорд: Бір күнде 476 адамнан вирус табылды, бұл - ең жоғары көрсеткіш

Өткен тәулікте Қазақстанда 476 адамнан коронавирус табылды. Бұл - эпидемия басталғалы бері бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш. Елде қатарынан екі күн коронавирус жұқтырғандар саны бұрын-соңды болмаған жоғары көрсеткішке жетті.

Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, мамыр айы, 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын тест орталығы. Алматы, мамыр айы, 2020 жыл.

Коронавирус жұқтырғандар саны жағынан республикада алдыңғы орындарда тұрған Нұр-Сұлтан қаласында - 149, Алматы қаласында - 117 адамға вирус жұққан. Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында ондаған адамнан коронавирус табылды. Бұл туралы 31 мамырда таңертең денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Науқастар өсімі 4,6 пайызды құраған.

Елде барлығы 10 858 адамға вирус жұққан:

  • Алматы қаласы – 117 (Барлығы 2616)
  • Нұр-Сұлтан қаласы - 149 (Барлығы 2106)
  • Атырау облысы – 12 (Барлығы 1036)
  • Шымкент қаласы – 22 (Барлығы 835)
  • Қарағанды облысы – 44 (Барлығы 873)
  • БҚО – 41 (Барлығы 621)
  • Жамбыл облысы – 7 (Барлығы 377)
  • Түркістан облысы – 6 (Барлығы 370)
  • Алматы облысы – 4 (Барлығы 353)
  • Қызылорда облысы – 25 (Барлығы 371)
  • Ақтөбе облысы – 0 (Барлығы 338)
  • Павлодар облысы – 0 (Барлығы 205)
  • Маңғыстау облысы – 31 (Барлығы 255)
  • Ақмола облысы – 1 (Барлығы 152)
  • Қостанай облысы – 12 (Барлығы 177)
  • ШҚО – 5 (Барлығы 119)
  • СҚО – 0 (Барлығы 54)

Бір күнде 163 адам жазылған. Барлығы 5220 адам айыққан. 38 адам қайтыс болған. 30 мамырда министрлік Шымкентте 1945 жылғы әйел адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады.

10:06 31.5.2020

Өзбекстанда карантин 15 маусымға дейін ұзартылды

Коронавируспен күрес жөніндегі арнайы республикалық комиссия 15 маусымға дейін карантинді ұзарту туралы шешім қабылдады.

Оған сәйкес, 1 маусымнан бастап "сары аймақта" риэлтор, жүргізушілер дайындаумен айналысатын ұйымдар, қоғамдық тамақтану орындары, мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелер жұмысқа қайта оралады.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

"Жасыл аймақта" спорт, фитнес клубтары, пансионаттар, шипажайлар, балалар лагері, қонақ үйлер (хостелдерден басқасы) жұмысын бастайды. 1 маусымнан бастап мұнда той және өзге де мерекелік-думан кештерін өткізуге болады. Бірақ санитарлық талаптар сақталуы тиіс.

"Бірақ тек тұрақты мекенжай бойынша ғана мұндай шара өткізуге рұқсат және қонақтар саны 30 адамнан аспауы тиіс" делінген хабарламада.

Ташкентте оқшаулау режимі 1 сәуір мен 1 маусым аралығында енгізілген. 30 сәуірден бастап елде карантин шаралары жұмсартыла бастаған.

8 мамырдан бастап Өзбекстан вирустың тарауына қарай аймақтарды - "қызыл" яғни ең қауіпті, "сары" және "жасыл" аймаққа бөлген. 15 мамырдан бастап елде саябақтар, музейлер, стадиондар ашылған. 18 мамырда Ташкент пен өзге аймақтар арасында жолаушылар қатынасы қалпына келді.

Өзбекстанда соңғы мәлімет бойынша 3546 адамнан коронавирус табылған, 2783 адам жазылған. 14 адам қайтыс болған.

Тағы

XS
SM
MD
LG