Accessibility links

"Тергеу құпиясын жарияламау" жайлы қолхат қысым құралы ма?


Төтенше жағдай режимі кезінде көшеде жас азаматты тоқтатқан полиция өкілдері. Алматы, 25 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен істі болған ондаған адамның арасында журналистер мен азаматтық белсенділер де бар. Оларды тергеу мәліметін жарияламау жайлы қолхат беруге мәжбүрлеу өздерін жария түрде қорғау мүмкіндігінен айырады дейді құқық қорғаушылар. Тергеу орындары заңды құзыретін пайдаланып отырғанын алға тартады.

ЖУРНАЛИСКЕ МАҚАЛАСЫ ҮШІН ІС ҚОЗҒАДЫ

Шымкентте полиция жергілікті журналист Зәуреш Мирзаходжаеваның жазған мақаласына байланысты Қылмыстық кодекстің "Көрінеу жалған ақпарат тарату" деп аталатын 274-бабымен іс қозғаған. Журналисті сәуірдің 23-24 күндері тергеушіге шақырған.

"Достар, 36 сағаттан бері жазуға енді ғана қолым тиді. Үйдемін. Кейінгі мақалаларымның біріне байланысты маған 274-баптың 2-бөлігінің 2-тармағы [қызмет бабын пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату – ред.] бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі қозғалған. Менен тергеу материалдарын жарияламау туралы қолхат алды. Бұл маған шектеу қоятынын түсінетін шығарсыздар" деп жазды Мирзаходжаева сәуірдің 24-і күні Facebook парақшасына. Ол өзіне қолдау танытқан құқық қорғаушылар мен адвокаттарға алғыс білдірді.

Мирзаходжаева атаған Қылмыстық кодекстегі бапта "қызмет бабын пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратқандарға" үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмысына я сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмысқа тарту не үш жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу немесе сол мерзімге қамау жазасы берілетіні жазылған.

Ал 274-баптың 4-тармағы бойынша, "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқандарға" үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге қамау я бостандығын шектеу жазасы берілуі мүмкін.

"ҚОЛХАТ БЕРУІҢ КЕРЕК"

Сотқа дейінгі тергеу ісіне қорғалуға құқығы бар куәгер статусында қатысып жүрген журналист Зәуре Мирзаходжаева өзін тергеуші "іс материалдарын жарияламау" туралы қолхат беруге мәжбүрлеп көндіргенін айтады.

Тергеуші қолхатқа қол қоюды талап етіп тұрып алды.

- Тергеуші қолхатқа қол қоюды талап етіп тұрып алды. Басында қарсыласып едім, соңында көніп, қол қоюға мәжбүр болдым. Өзгелерге бұл істің мән-жайын айта алмауым – өзімді қорғауда іс-әрекетімді шектейді. Журналист ретінде маған тағылған айып бұрын-соңды Шымкентте болмаған. Бұл - прецедент. Біздегі адвокаттар да бұрын мұндай іспен айналыспаған. Сондықтан заңгерлер мен журналистер құқығын қорғаушы ұйым мамандарының кеңес-көмегіне мұқтажбын. Алайда оларға істің мән-жайын айта алмай, қолым байланып отыр, - дейді Зәуре Мирзаходжаева.

Журналистің айтуынша, оның екі адвокаты да "тергеу ісі жайлы мәліметтерді жарияламау" туралы қолхат берген. Алайда бұл іске кейін кіріскен адвокат Шымырбай Ағабеков ондай қолхатқа қол қоюдан бас тартқанын айтады.

- Олай қол қоюға міндеттеу заңда көрсетілмеген. Тек мемлекеттік құпия саналатын, жасөспірімдерге қатысты я зорлау қылмысы бойынша қозғалған істерде немесе азаматтың жеке басының мәліметтері жария болып кетуі мүмкін болған жағдайда ғана тергеу орындарының қолхат алуына негіз бар. Ал Зәуре Мирзаходжаеваның ісінде ондай факт жоқ. Сондықтан мен бұл қолхатты жоюды талап етіп, прокуратураға арыз түсірдім, - деді ол.

Адвокат сотқа дейінгі тергеу ісіне қатысы бар адамдардан тергеушінің "іс жайлы деректерді жария етпеу" туралы қолхат алатыны туралы жазылған Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабында шикілік бар деп санайды.

- Мысалы, тергеуші қолхатқа қол қоюды міндеттеу үшін себебін көрсетіп, уәж келтіріп, тиісті қаулы шығаруы керек. Бірақ қазіргі заңда ондай қаулы шығару керек деп көрсетілмегендіктен, тергеушілер оның себебін түсіндірмейді, - дейді Шымырбай Ағабеков.

Адвокат сотқа дейінгі тергеу ісі Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының арызы бойынша қозғалғанын айтты. Басқарманың баспасөз хатшысы осы іс жайлы сұраған Азаттық тілшісіне "оны тергеу органынан анықтауға" кеңес берумен шектелді.

274-БАППЕН ІС ҚОЗҒАУ ЖИІЛЕДІ

Құқық қорғаушылар Қазақстанда биыл наурыздың 16-сынан бастап коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін билік орындары 274-бапты желеу етіп азаматтық белсенділерді қудалауды жиілеткенін айтады.

Билікті сынаушылар карантин кезінде ұсталып жатыр. 20 сәуір 2020 ж.

Билікті сынаушылар карантин кезінде ұсталып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:02 0:00

Сәуірдің 18-іне Алматы қаласының тергеу соты "төтенше жағдай режимі кезінде жалған ақпарат таратқан" деген күдікпен ұсталған азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевті екі айға қамады. Адвокат Нұрлан Рахманов карантинге байланысты белсендіні үйқамаққа жіберуді сұрағанымен, сот оған келіспеді. Тергеу ісіне Ильяшевтің әлеуметтік желіде биліктегі Nur Otan партиясына сынаған жазбалары себеп болған.

Полиция Қарағанды қаласында ұстап, Алматыға жеткізген бұрынғы медиаменеджер Арман Шораевқа да әлеуметтік желіде "төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін жалған ақпарат таратқаны" үшін 274-баптың 4-тармағы бойынша іс қозғалған. Билік оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатты.

Қазақстанның адам құқықтарын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының хабарлауынша, наурыздың соңында билік өкілдеріне сұрақ қойған видеосын жариялағаны үшін алматылық Диас Молдалимовтың үстінен де 274-баптың 4-тармағы бойынша іс қозғалғаны мәлім болды.

Оралдық журналист Мария Мельникова.
Оралдық журналист Мария Мельникова.

Наурыздың 25-і күні Орал полициясы Азаттық тілшісі Мария Мельникованы екі сағат тергеп, "жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған істе куәгер екенін айтқан. Іске журналистің Оралдың орталық алаңындағы Абай ескерткішінің "жоғалып кеткені" туралы Instagram желісінен алған фото скриншотын Facebook парақшасына жариялағаны ілік болған.

"СОТҚА ДЕЙІНГІ ТЕРГЕУДІ ҚҰПИЯҒА АЙНАЛДЫРАДЫ"

274-бап бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеу істеріне куәгер статусында қатысатын бірқатар азаматтық белсенділер, журналист, блогерлер мен олардың адвокаттарынан "тергеу мәліметтерін жарияламау туралы" қолхат алынған. Қазақстан заңында қолхат бере тұра тергеу ісі жайлы деректерді жария еткен адамға екі мың айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не екі жылға дейінгі мерзімге бостандығын шектеу немесе сол мерзімге қамау жазасы қолданылатыны жазылған.

Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі, құқық қорғаушы Евгений Жовтис заңдағы "Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етуге жол бермеу" туралы бап іс қозғалған азаматтың құқығын шектейді деп санайды.

Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.
Қазақстандық адам құқығы жөніндегі бюроның жетекшісі Евгений Жовтис.

- Тергеуші Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сүйеніп қолхат алып отыр. Яғни заңды әрекет. Ал бірақ процеске қатысушы тараптардың құқығының теңдігі, қылмыстық процестің ашықтығы мен халықаралық құқық стандартына сәйкестігі тұрғысынан алғанда оны заңды деуге келмейді. Ол халықаралық стандартқа сай емес, оның қолдану аясы өте кең. Онда алдын ала тергеу амалдары кезінде алынған нақты қандай деректер тергеу құпиясына жатқызылатыны айтылмаған. Осы бапты пайдаланып бүкіл тергеу процесін, тексеру-тінтуді басынан аяғына дейін құпияға айналдырып, оған қатысы барлардың бәрінен қолхат алады. Бұл халықаралық стандарттар мен қарапайым логикаға қайшы, - дейді ол.

Құқық қорғаушының пікірінше, егер әңгіме мемлекеттік құпия, балалар және азаматтың жеке өмірі туралы болса, онда қолхат алуға негіз бар деп айтуға болады.

- Одан өзгесінің барлығы құпия болмауы керек. Ал бізде сотта бізде сотта осы аталған үш жайттан өзге істердің барлығы ашық, оны жария етуге болады да, бірақ сотқа дейінгі тергеу ісінен толық "тергеу құпиясын" жасап алады. Әсіресе экономикалық және саяси істер солай жүргізіледі. Оның себебі – қоғамдық пікірді қалыптастыруға шектеу қою және өздерінің не бүлдіріп жатқанына назарды мейлінше азайту, - дейді Евгений Жовтис.

Қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының президенті Тамара Калеева "Жалған ақпарат тарату" бабымен қозғалған істерде тергеу мәліметін жария етпеу туралы мәжбүрлеп қолхат алу – кінәсі әлі дәлелденбеген азаматқа жасалған қысым және оның заңсыз іс-әрекеттерден қорғануына тосқауыл қою деп бағалайды.

"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.
"Әділ сөз" қоғамдық қорының президенті Тамара Калеева.

- Тергеу кезінде заңсыздықтар болған жағдайда оны ешкім сынамауы үшін қол қойдыртады. Озбырлық не соның белгісі болғанын қоғамнан жасыру үшін қолдан келген барлық шараны қабылдайды. Сотта ол жайлы айтуға болады. Қайсыбір құпия жайттар болса, жұртты дереу залдан шығарып жібереді, бітті. Егер тексеру, тергеу, тінту, жауап алу кезінде заңсыз іс-әрекеттер болса, олар назардан тыс қалады. Қылмыстық бапты негізсіз қолданып іс қозғаудың өзі айыпкерге қысым жасауға жатады. Ол тіпті көпшілікке жария түрде өзін қорғай алмайды. Өйткені тергеушілер жалған ақпаратты әдейі тарату мен тексерілмеген ақпаратты таратудың ара-жігін айыра алмайды. Әдетте тергеу кезінде куәгер статусы берілген адамнан тергеуге кедергі келтірмесін деген уәжбен қолхат алынады. Бірақ күдікті және айып тағылған азаматтар ондай қолхат бермеуі керек, - дейді Калеева.

Алматы көшесінде жүрген полиция қызметкерлері. 1 мамыр 2020 жыл.
Алматы көшесінде жүрген полиция қызметкерлері. 1 мамыр 2020 жыл.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек бұл пікірмен келіспейді. Оның сөзінше, кез-келген қылмыстық істі тергеп-тексеру кезінде осы іске қатысы бар азаматтардан оның барысын жария етпеу туралы қолхат алу - тергеушінің құзыретіндегі заңды іс.

- Кез-келген істі тергеу кезінде қатысушылардан қолхат алынады. Қылмыстық іске қатысушы әр тұлға: айыпталушы, жәбірленуші, адвокаттардың әрқайсысы өзі үшін жеке-жеке қол қояды. Қол қою немесе қоймау туралы шешімді тергеуші өзі қабылдайды, ешкімнің оған араласуға құқығы жоқ. Ал айыпталушының өз-өзін қорғаудың жария ету, пост жазу және сұхбат беруден басқа да заңда қарастырылған амалдары жетерлік. Дәйектерді жинасын, қорғаушы тауып, оны тергеу органына ұсынса, олары міндетті түрде назарға алынады, - дейді полиция өкілі.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР РЕАКЦИЯСЫ

Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні қарсаңында халықаралық "Әділ сөз" қоры жариялаған есепте Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы үш айында "Жала жабу" және "Ар-намысқа тию" бабы бойынша алты іс, "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бабымен төрт іс және "Араздық қоздыру" бабымен бір іс қозғалғаны көрсетілген.

Мамырдың 2-і күні БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш видеоүндеуінде әлем елдері үкіметтерін пандемия кезінде "БАҚ қызметкерлерін қорғауға, сонымен бірге бейбітшілік пен әділеттік орнатып, барша адамның құқығын қамтамасыз етуді көздейтін болашақ үшін аса маңызды баспасөз еркіндігін нығайтып, қолдауға" шақырды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

"Пандемия басталғалы бері өз жұмысын атқарғанына бола шектеу мен жазаға ұшыраған журналист көбейді. Қозғалыс еркіндігін уақытша шектеу COVID-19 індетін жеңу үшін қажет. Бірақ оны журналистердің кәсіби қызметін атқару мүмкіндігін шектеуге ілік етіп пайдалануға болмайды" деді ол.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, Қазақстан билігі коронавирусқа байланысты наурыздың 16-сында жарияланған төтенше жағдай режимін сылтауратып, журналистер, блогерлер мен өз ой-пікірін ашық білдіріп, билікті сынап жүрген белсенді азаматтарға қысымды күшейткен. Соның бір мысалы ретінде билікке жақпағандарға Қылмыстық кодекстегі "Жалған ақпарат тарату" және өзге де баптарды жиі қолданатынын келтірген.

Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" құқық қорғау ұйымы (RSF) сәуірдің 30-ы күнгі мәлімдемесінде Қазақстан полициясы шымкенттік журналист әрі блогер Зәуре Мирзаходжаеваны жеті сағат бойы тергегенін атап көрсеткен.

"Қазақстан билігі қоғамда дүрбелең тудырмауды желеу етіп, індет жайлы ресми ақпаратпен сәйкес келмейтін хабар таратқан журналистер мен блогерлерді қудалап жатыр" деп мәлімдеді RSF ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бюро жетекшісі Жанна Кавелье.

Бұған дейін Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы билікті төтенше жағдайды белсенділерді қудалау құралы ретінде пайдаланбауға шақырып, БҰҰ-ның берген ұсыныстарын бұзбауды талап еткен.

"Соңғы айларда әртүрлі аймақтарда ондаған азаматтық белсенді, блогер және болып жатқан дүниеге бейжай қарамайтын азаматтардың үстінен жаппай әкімшілік, қылмыстық істер қозғау науқаны басталды. Саяси қудалаулар ресурсындағы әкімшілік және қылмыстық баптардың қатарына 478-бап (Төтенше жағдай кезінде құқық бұзуға итермелеу әрекеттері), 476-бап (Төтенше жағдай режимін бұзу), 274-бап (Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сияқты жаңалары қосылды" делінген бюро мәлімдемесінде.

Ресми мәліметке сай, Қазақстан қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша былтыр 72 іс қозғалып, оның тоғызы сотқа жеткен.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG