Шымкент, БҚО және Павлодар облысында коронавирустан үш науқас қайтыс болды
Шымкент қаласында - 1944 жылы туған ер адам, Батыс Қазақстан облысында - 1938 жылы туған ер адам, Павлодар облысында 1942 жылы туған әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 13 маусымда кешке денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған. Науқастар туралы басқа ақпарат айтылмайды.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 73 адам қайтыс болған. Адам өлімі көп тіркелген облыстар мен қалалар қатарына Нұр-Сұлтан (14), Шымкент, (11) Алматы қаласы (10) және Павлодар облысы (11) кіреді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді. COVID-19 анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болды" делінген науқастар елде негізгі статистикаға енгізілмейді. Егер оларды қоса есептесе, елде "коронавирус құрбандары" жүзден асып кетеді.
Елде соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. 11 маусымда бір күнде - 944, 12 маусымда 989 адамнан коронавирус табылды. Бұл бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
13 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Facebook-тағы парақшасында елде карантин шаралары әлсірегеннен кейін вирус жұқтырғандар саны бірден көбейді деп мәлімдеді. "Әрбір адамның "жеке карантин" ережелеріне саналы түрде бейімделетін мезгіл жетті" деді министр. Оның айтуынша, Қазақстанда 12-14 мамыр аралығында індеттің "екінші толқыны" басталған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 18 020 адамға жеткен. 14 238 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 3782-і - "симптомсыз" тасымалдаушылар. 9 мыңға жуық адам жазылған.
Қазақстанда бір күнде 878 адамнан коронавирус табылды
Өткен тәулікте Қазақстанда 878 адамнан коронавирус табылған. Олардың 258-і - "симптомы бар" науқас, 620-ы - симптомы жоқ "тасымалдаушы". Бұл туралы 14 маусымда таңертең жедел штаб хабарлады.
Елде ресми мәлімет бойынша коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 18 898 адамға жетті. 14 496 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған, 4402 адамда ауру белгісі жоқ.
Бір күнде 227 адам жазылған. Үш адам қайтыс болған.
Эпидемия басталғалы бері барлығы 73 адам қайтыс болған. Қазақстанда коронавирус анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болғандарды" ресми статистикаға енгізбейді. Олардың есебін бөлек жүргізеді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 37 адамның "басқа аурудан қайтыс болғанын айтқан". Содан бері бұл статистика айтылмады.
Қазақстанда коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай 11 мамырда аяқталып, карантин шаралары біртіндеп алына бастаған. Бірақ вирус жұқтырғандар саны қайта көбейген соң осы аптада бірқатар аймақ билігі шектеу шараларын қайта күшейте бастады. БҚО, ШҚО, Қарағанды облысы, Ақтөбе облысы сауда орындары, қоғамдық көліктің жұмыс істеу уақытын шектеді. Нұр-Сұлтан және Алматы қаласының бас санитар дәрігерлері егер вирус жұқтырғандар осылайша көбейе берсе, карантин шараларын күшейтуге мәжбүр боламыз деп мәлімдеген.
Қырғызстанда COVID-19 жұққан дәрігерлер 438-ге жетті
Өткен тәулікте Қырғызстанда 9 медицина қызметкерінен коронавирус табылды. Бішкек қаласында - 5, Шу облысында - 3, Нарын облысында 1 медицина қызметкеріне вирус жұққан. Бір күнде 2 дәрігер жазылды.
Барлығы 438 дәрігерге коронавирус жұққан. Олардың 341-і жазылған. 18 мамыр мен 14 маусым аралығында Қырғызстанда 2285 адамнан коронавирус табылған. 27 науқас қайтыс болған. 1791 науқас жазылған.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа коронавирус жұқты
14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне коронавирус жұққанын хабарлады.
"Достар, өкінішке қарай соңғы рет коронавирусқа тапсырған тестім оң нәтиже көрсетті. Бұл симптомсыз емес, сондықтан инфекциялық ауруханаға жатқызылдым" деп жазды министр Facebook парақшасында.
Ол аймақтарға жиі барып, жеке кездесулерге қатысқанын айтып, "қауіп әрқашанда болады" деді.
Елжан Біртанов коронавирус жұққан алғашқы шенеунік емес. Бұған дейін мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, бұрынғы денсаулық вице-министрі Камалжан Надыровтан коронавирус табылған еді.