Қытайда вирус жұқтырғандардың қайта көбейе бастауы індет қайталана ма деген қауіпті өршітті
Қытайдың ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы 14 маусымда елде 57 жаңа науқас анықталғанын хабарлады. Бұл соңғы екі ай ішінде бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Пекиндегі "жаңа коронавирус ошақтарының бірі" Xinfadi азық-түлік базарында болған 36 адамнан коронавирус табылған.
Базар 13 маусымда жабылып, маңындағы 11 тұрғын үй кешенінде карантин жарияланды. Соңғы екі айға жуық уақыт ішінде Пекинде алғаш рет ондаған адамнан коронавирус табылуы біртіндеп бәсеңдеген карантин шараларын қайта күшейтуге мәжбүрлеуі мүмкін. Қытай симптомы жоқ науқастарды санамайды.
Пекиндегі жағдай былтыр жыл соңында Қытайда пайда болып, әлемге тараған вирусты жою қаншалықты қиын болатынын дәлелдей түседі. Қытай әлем бойынша ең қатаң карантин шараларын енгізіп, жағдайды сәл де болса бақылауға алған. Соңғы мәлімет бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 7,7 млн-нан асты, 430 мың адам қайтыс болды. Шамамен үштен бір бөлігі жазылған.
RSF Тәжікстанды COVID-19 туралы ақпарат таратуға кедергі жасауы мүмкін түзетулерді қайтаруға шақырды
Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF) Тәжікстан билігін ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде "жалған ақпарат таратқандарға" айыппұл төлеуді ұсынатын заң жобасын кері қайтаруға шақырды. Парламенттің төменгі палатасы әкімшілік кодекске арнайы түзету енгізуді 10 маусымда мақұлдаған.
Штаб-пәтері Парижде шоғырланған ұйым бұл түзетулер цензура және баспасөз бостандығын бұзатын өзге де заңбұзушылықтарға түрткі болуы мүмкін деп ескертеді.
"Жаңа заңнамадағы бұлыңғыр нормалар ақпарат алу құқығын бұзу мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Халықаралық құқыққа сәйкес, не нәрсенің шын немесе жалған екенін анықтау өкілетін мемлекеттік органға беруді ақтауға болмайды. Сотқа қайрылмай, айтылған нәрсені жалған немесе анық емес деп адам құқығы немесе пікір айту құқығын шектеуге болмайды" деді ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бюро жетекшісі Жанна Кавелье
"Біз сөз бостандығы мен пікір айту еркіндігіне нұқсан келтіретін түзетулерді қайтаруға шақырамыз" деді ол.
Тәжікстан үкіметі бастапқыда елде коронавирус жоқ деп келген. Президент Эмомали Рахмон індетті тежеу үшін әлеуметтік арақашықтық ұстау және өзге де шаралар қолдану туралы халықаралық сарапшылардың ескертуіне құлақ аспаған.
Ресми мәлімет бойынша, Тәжікстанда 4690 адамнан коронавирус табылған. 48 адам қайтыс болған.
Путин: Ресей індетті еңсеріп келеді, ал АҚШ-та - дағдарыс
Президент Владимир Путин Ресей індетті еңсеріп келеді, ал АҚШ-та "халық мүддесінен гөрі топтар мен партиялардың мүддесі алда тұрады" деді.
Ресей президенті бұл пікірін "Россия" телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Сұхбаттан үзіндіні интервью авторы Павел Зарубин желіде жариялады. Путин оған соңғы кездердегідей қашықтан емес, кездесіп сұхбат берген.
Путиннің сөзіне қарағанда Ресейде министрлер мен аймақ басшылары "бір команда ретінде" бірігіп жұмыс істеп жатыр. Ал АҚШ-та бәрі басқаша: "Президент былай-былай істеу керек дейді, ал жергілікті губернаторлар өз бетінше әрекет етеді".
Коронавирус инфекциясына байланысты наурыз айының соңында "жұмыссыз апта" режимін күшіне енгізген Путин аймақ басшыларына карантин шараларының ауқымын анықтау құқығын берген. Бірқатар аймақтарда, Мәскеуде де "оқшаулау режимі" күшіне еніп, оны бұзғандарға айыппұл салынды, ал кейбір аймақтарда режим жұмсақтау болды.
Мамыр айында ақпарат құралдары үкімет пен Мәскеу мэрі Сергей Собянин арасында карантин мәселеріне байланысты қарама-қайшылық туындағанын жазды. Бұған қоса, Собяниннің Путиннің тікелей бұйрығымен карантин шараларын белгіленген мерзімнен бұрын алып тастау туралы шешім қабылдағанын жазды.
Ресей коронавирус жұқтырғандар бойынша әлемде үшінші орында тұр. АҚШ - бірінші орында. Соңғы аптада екі елде де науқастар саны салыстырмалы түрде тұрақтанған: АҚШ-та күніне шамамен - 25 мың, Ресейде 8-9 мың адамнан коронавирус табылып жүр. АҚШ халқы Ресейден екі есе көп.
Путин сұхбат кезінде сонымен бірге АҚШ-та полиция қолынан қаза тапқан Джордж Флойдтың өлімінен кейін тұтанған наразылық туралы да пікірін айтқан. Наразылыққа нәсілшілдік пен полицияның күш қолдануы себеп болғанын айтпаған Путин есесіне мәселе "президент Дональд Трампқа қарсы саяси күрес" туралы болып отыр деген. Путиннің пікірінше, Трамп жеңісінен кейін "жеңілген тарап оның легитимдігіне нұқсан келтіру үшін түрлі амалдар ойлап тапқан". Президент бұл тұрғыда Ресейдің АҚШ-тағы президент сайлауына араласу оқиғасын меңзеген болуы мүмкін. Тергеу тарабы Трамп штабының Ресеймен астыртын байланыс орнатқанына дәлел таппағанмен Ресейдің араласқанын айғақтайтын фактілерді анықтаған. Мәскеу мұны жоққа шығарады.
Көкшетау қаласына қайта блокбекеттер қойылады
Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласында қайтадан блокбекеттер орнатылып, карантин шаралары күшейеді. Бұл туралы жедел штаб хабарлады.
15 маусым кешкі сағат 8-ден бастап қалаға жеті блокбекет қайта орнатылады. Қалада сауда орындары, азық-түлік емес дүкендер, спорт нысандары, тамақтану орындары, діни мекемелердің жұмысы шектеледі.
Қаланың бас санитар дәрігерінің айтуынша, бір аптада Көкшетауда коронавирус жұқтырғандар 80 пайызға артқан. Оның айтуынша, тыйымға қарамастан қалада туған күн, той, жерлеу рәсімі, ас беру сияқты шаралары өткен.
"Барлық оқиғалар бойынша әкімшілік шаралар қолданылады" деді жергілікті тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері.
Соңғы мәлімет бойынша, Ақмола облысында 244 адамнан коронавирус табылған: 51 адамның симптомы жоқ, 193-інде ауру белгісі байқалған. 154 адам жазылған. 4 адам қайтыс болған.