Қазақстанда төрт адам коронавирустан қайтыс болды
Нұр-Сұлтан қаласында - 1941 жылы туған әйел адам, Павлодар облысында - 1971 жылы туған әйел адам, Ақмола облысында 1977 жылы туған ер адам және 1952 жылы туған әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 14 маусымда түнде коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.
Адам өлімін зерттеу комиссиясы науқастар коронавирустан қайтыс болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда ресми мәлімет бойынша, коронавирустан 77 адам қайтыс болған. Адам өлімі көп тіркелген облыстар мен қалалар қатарына Нұр-Сұлтан (15), Шымкент (11), Алматы қаласы (10) және Павлодар облысы (12) кіреді. 4 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус жұққан 37 науқас "өзге аурулардан" қайтыс болды, коронавирус инфекциясы оларда ілеспе ауру түрінде кездескен деп мәлімдеді. COVID-19 анықталған бірақ "басқа аурудан қайтыс болды" делінген науқастар елде негізгі статистикаға енгізілмейді. Егер оларды қоса есептесе, елде "коронавирус құрбандары" жүзден асып кетеді.
Елде соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. 14 маусымда денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне коронавирус жұққанын хабарлады. Оның айтуынша, елде карантин шаралары әлсірегеннен кейін вирус жұқтырғандар саны бірден көбейген. Министр Қазақстанда 12-14 мамыр аралығында індеттің "екінші толқыны" басталды деп санайды.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар 18 898 адамға жеткен. 14 496 адамда COVID-19 ауру белгісі байқалған,4402-і - "симптомсыз" тасымалдаушылар. 9 мыңнан астам адам жазылған.
Министрліктің COVID-19 індетімен "ауырғандар" тізімі бір күнде 313 адамға артты. Оның 77-сі Нұр-Cұлтанда
Өткен тәулікте, 14 маусымда Қазақстанда COVID-19 ауруының белгілері бар 313 адам анықталды. Емделіп шыққандар саны – 132. Төрт адам қайтыс болды.
Өңір бойынша алда Нұр-Сұлтан қаласы (77), Қарағанды облысы (47), Алматы қаласы (31), Батыс Қазақстан облысы (30) және Шымкент (26) қаласы тұр.
Бұл – тек ауру белгісі бар адамдар жөніндегі көрсеткіш. Қазақстан билігі 3 маусымнан вирус табылған адамдарды індет белгілерінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп бөліп, екі бөлек санақ жүргізіп келеді. Соңғысы ресми статистикада көрсетілмейді. Коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары Қазақстан деректері бойынша биліктің coronavirus2020.kz деп аталатын ресми сайтына сүйенеді. Бұл сайтта да “тасымалдаушылар” көрсетілмеген.
Тек індет белгілері бар “ауырғандар” бойынша қарасақ, Қазақстанда осы күнге дейін 14 809 адам коронавирус жұқтырған. Емделіп шыққаны – 9188, қайтыс болғаны – 77.
3-13 маусым аралығында елде індет белгілері жоқ 4402 тасымалдаушы тіркелген.
Кейінгі күндері вирус жұқтырғандар саны күн сайын шамамен мың адамға өсіп отыр. Кей өңірлерде карантиндік шаралар қайта күшеймек. Мысалы, 15 маусымнан бастап Көкшетау қаласында 7 блокбекет қойылып, сауда орындарының жұмысы шектеледі.
Кеше, 14 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавируспен ауырып жатқаны белгілі болды. Министр бойында індет белгілерінің барын, сол себепті ауруханада жатқанын айтты.
Ресми статистикаға кірмеген COVID-19 тасымалдаушылары 5 мыңға жуықтады
14 маусым күні Қазақстан коронавирус індет белгілері байқалмаған 490 адамнан табылды. Олардың жартысына жуығы Алматы (94), Шымкент (70) және Нұр-Сұлтан (69) қалаларында. Екі аптаға жуық уақыт ішінде ауру белгісі жоқ "тасымалдаушылар" саны 4892-ге жетті.
Қазақстан билігі 3 маусымнан вирус табылған адамдарды індет белгілерінің бар-жоғына қарай “ауырғандар” және “тасымалдаушылар” деп бөліп, екі бөлек санақ жүргізіп келеді. Соңғысы ресми статистикада көрсетілмейді. Коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары Қазақстан деректері бойынша биліктің coronavirus2020.kz деп аталатын ресми сайтына сүйенеді. Ол жерде де “тасымалдаушылар” көрсетілмеген.
Індет белгісі бар-жоқ деп бөлмей бірге санағанда, Қазақстанда бір тәулікте 803 адамнан коронавирус анықталған. Ал вирус жұқтырғандардың жалпы саны 19 701-ге жетіп отыр.
Алматыда карантин шаралары күшейтілді
Алматыда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өскен тұста карантин шаралары күшейтілді. 15 маусымнан бастап Алматы қаласында барлық базар демалыс күндері 9-18 сағат аралығында, жұмыс күндері 9-16.00 аралығында ашық болады. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы 10.00-16.00 арасында онлайн форматқа көшірілді. Сауда, ойын-сауық орталықтары 10.00-21:00 аралығында жұмыс істейді. Сауда орталықтарындағы қоғамдық тамақтану орындары, ойын-сауық орталықтары жабық болады. Коммерциялық банктер өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс форматына ауыстыруы тиіс. Сондай-ақ, компьютерлік орталықтар, боулинг, букмекерлік кеңселер, банкет залдары, бильярд залдары, караоке орталықтар жабық болады. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялардың бөлімшелері өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс режиміне көшіруі тиіс.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, Алматы қаласында 3113 адамнан вирус табылды. 2056 адам емделіп шықты. 10 адам коронавирустан қайтыс болды. Кейінгі аптада қалада вирус жұқтырғандар саны өсіп жатыр.