Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

00:22 16.6.2020

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болғандар сексеннен асты

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 15 маусымда елде тағы төрт адамның коронавирустан қайтыс болғанын мәлімдеді. Алматыда 56 жастағы ер адам мен 49 жастағы әйел адам, Ақтөбе облысында 65 жастағы ер адам, Павлодар облысында 66 жастағы әйел адам COVID-19 дертінен көз жұмды.

Елде қазір коронавирус инфекциясынан 81 адам қайтыс болды. Ресми дерек бойынша, Алматы облысында, СҚО-да, Қызылорда облысында коронавирустан қайтқандар тіркелмеді.

  • Нұр-Сұлтан қаласы – 15
  • Павлодар облысы – 13
  • Алматы қаласы – 12
  • Шымкент қаласы – 11
  • Қарағанды облысы – 7
  • Ақмола облысы – 6
  • Батыс Қазақстан облысы – 4
  • Атырау облысы – 3
  • Түркістан облысы – 3
  • Қостанай облысы – 2
  • Маңғыстау облысы – 2
  • Шығыс Қазақстан облысы – 1
  • Жамбыл облысы – 1
  • Ақтөбе облысы – 1

Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған ондаған марқұм енбеген. Министрлік олардың өліміне басқа дерттер себеп болды деп, ресми статистикаға қоспай отыр.

15 маусымдағы дерекке сай, елде 19701 (14809 симптомы бар + 4892 симптомсыз) адамнан коронавирус табылды. 9873 адам дерттен айықты.

18:11 16.6.2020

Елде 938 адамнан вирус табылды

15 маусым күні Қазақстанда 983 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде індет белгілері бары – 383, симптомы жоқтары – 600.

Қазақстан билігі 3 маусымнан коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп аталды. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.

Індет белгілері бар 383 адамның 104-і Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. “Тасымалдаушылар” арасында да ел астанасы көш бастап тұр – 99 адам анықталған.

Өткен тәулікте коронавирустан 200 адам жазылып, 4 адам қайтыс болды.

Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 20684-ке жетті. Емделіп шыққаны – 9388, қайтыс болғаны – 81.

4 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 37 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша жаңа дерек айтылмады.

18:12 16.6.2020

Павлодар облысы әкімінің орынбасары COVID-19 жұқтырып, ауруханаға түсті

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов коронавирус инфекциясын жұқтырып, ауруханаға жатқызылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтей отырып ҚазТАГ агенттігі хабарлады.

Хабарламаға сәйкес, Оралов дене қызуының көтерілуіне байланысты коронавирус тестін тапсырып, нәтижесі оң шыққан. Шенеунікпен байланыста болған адамдар анықталып, эпидемиологиялық зерттеу жүріп жатыр.

Облыс әкімдігінің барлық қызметкері коронавирус тестін тапсырған. Нәтижесі кейінірек хабарланады.

Облыс әкімі жұмысын видеоконференция арқылы жалғастырып отыр. Жеке қабылдаулар мен кездесулер тоқтатылған.

Павлодар облысы коронавирустан қаза тапқандар бойынша өңірлер арасында Нұр-Сұлтан қаласынан кейін екінші орында. Ресми дерек бойынша, облыста COVID-19 ауруынан 13 адам көз жұмған. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны – 442. Оның 59-ында ауру белгілері жоқ. Жазылып шыққаны – 188.

Отыз жастағы Оралов облыс әкімінің орынбасары болып 2019 жылдың сәуірінде тағайындалды.

Шенеуніктер арасында осыған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың, мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның, Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәлидің коронавирус жұқтырғаны анықталған.

18:26 16.6.2020

Алматы маңындағы "коронавирус зиратына" жерленгендер 64 адамға жетті

Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратына" 64 адам жерленген. Ресми статистикада - 12 марқұм
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

16 маусымда Алматы облысы Қараой ауылынан 14 шақырым жердегі коронавирустан қайтыс болғандарды жерлейтін зиратқа барған Азаттық тілшілері ондағы қабір саны 60-қа жеткенін көрді. Журналистер зират басында тұрған кезде жүк машинасы мен полиция көлігі келді. Арнайы киімдегі адамдар жүк көлігінен екі мәйітті алып, зираттың мұсылмандар мен христиандарға арналған бөліктерінде қазулы тұрған екі қабірге түсірді.

Мұсылман бөлігіндегі қабірге мәйітті қойып, арнайы киімдегі адамдар бетіне ақ түсті дәрі себе бастасымен, алысырақ жерде тұрған молда құран оқыды. Молда да, онымен бірге келген бірнеше азамат та тілшілермен сөйлесуден бас тартты.

Азаттық журналистері зираттың мұсылмандар жерленген бөлігінде - 33, христиан дініндегілер қойылған бөлігінде 27 қабір барын көрді. Бұған дейін тілшілер осы зиратта 29 мамырда болған кезде мұнда жерленгендердың жиынтық саны 38 еді.

Осы зиратқа 88 жастағы енесін жерлеуге қатысуға келген Сергей есімді егде жастағы адамның Азаттыққа айтуынша, марқұм осыдан екі күн бұрын Алматы қаласындағы үйінде қайтыс болған.

- Бір апта бұрын жамбас сүйегі сынып, ауруханаға барды, гипс салдырған соң үйде жатты. Қайтыс болғаннан кейін мәйітін үйден алып кетіп, кейін өлімі туралы анықтамаға "COVID-19" деген диагноз жазыпты. Оған сенбейміз, бұл кісі өз ажалынан қайтыс болды деп санаймыз, - деді ол.

Зират басында діни салт-жоралғы қызметін көрсететін мекеменің бірнеше жұмысшысы тағы да 3-4 қабір қазып жатты. Олардың бірі "жақында зират аумағына қоршау орнатылатынын" айтты. Азаттық тілшілері Алматыға қайтар кезде Қараойдағы зиратқа жерлеуге арнайы көліктермен тағы екі адамның сүйегін әкелгенін көрді.

15 маусымдағы ресми мәліметте Алматы қаласында COVID-19 салдарынан 12 адам қайтыс болған деп көрсетілген. Биліктің шешімі бойынша, коронавирустан көз жұмғандарды Қараойдағы осы зиратқа жерлейді. Азаттық тілшілері коронавирустан қайтыс болғандар туралы ресми дерек пен "арнаулы дезинфекциялық режимді сақтау жолымен" жерленгендер саны арасындағы сәйкессіздікті Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында да байқаған.

Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов зиратқа жерленгендер мен ресми мәліметтегі алшақтықты "олардың (статистикаға енбегендердің – ред.) өліміне басқа ауру себеп болған" деп түсіндерген. Министрлік қайтыс болғандар арасында ресми статистикаға енбеген, бірақ коронавирус жұқтырғаны анықталғандар саны жайлы ақпарат жарияламайды.

Тағы

XS
SM
MD
LG