Жаңа антирекорд. Қазақстанда COVID-19 ауруынан тағы 7 адам қайтыс болды
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі 16 маусымда елде тағы жеті адамның коронавирустан қайтыс болғанын мәлімдеді. Алматыда 55 жастағы ер адам, Түркістан облысында 88 жастағы және 81 жастағы ер адамдар, Қарағанды облысында 71 жастағы және 81 жастағы ер адамдар, БҚО-да 82 жастағы әйел және 79 жастағы ер адам COVID-19 дертінен көз жұмды.
Елде қазір коронавирус инфекциясынан 88 адам қайтыс болды. Бұл статистикаға коронавирус жұқтырған ондаған марқұм енбеген. Министрлік олардың өліміне басқа дерттер себеп болды деп, ресми статистикаға қоспай отыр. Мәселен, Алматы іргесіндегі "коронавирус зиратында" 64 марқұм жерлеген. Ал қалада ресми статистикаға сай 13 адам коронавирустан қайтыс болған.
16 маусымдағы дерекке сай, Қазақстанда 13 наурыздан бері жиынтығы 20684 (15192 симптомы бар + 5492 симптомсыз) адамнан коронавирус табылды. 9647 адам дерттен айықты.
Қазақстанда бір күнде 1033 адамнан СOVID-19 табылды
Өткен тәулікте Қазақстанда 1033 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде індет белгілері бары – 350, симптомы жоқтары – 683. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп аталды. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Өткен тәулікте коронавирустан 259 адам жазылып, 7 адам қайтыс болды.
Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 21 717-ке жетті. Емделіп шыққаны – 9647, қайтыс болғаны – 88.
4 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 37 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша жаңа дерек айтылмады.
Туыстары тұтқындардың "жаппай ауырып жатқанын" айтады, ҚАЖД жоққа шығарады
Осы аптада Алматы облысы Заречное елді мекеніндегі ЛА-155/12 колониясындағы тұтқындардың "көбінің дене қызуы көтеріліп, ауырып жатқаны, оларға медициналық көмек көрсетілмей жатқаны туралы" ақпарат тарады. Тұтқындардың бірінің туысының Азаттыққа айтуынша, 16 маусымда колонияда отырған күйеуі таксофонмен хабарласып, тұтқындардың көбінің "белгісіз аурумен" ауырып жатқанын айтқан. "Ол коронавирус па, жоқ па белгісіз, бірақ ауырып жатқаны рас" дейді.
"Күйеуім өзін нашар сезініп, денесі ауырғанын, басы меңзігенін айтты. Дене температурасы да болған. Ол сотталушылардың жартысы өзі сияқты ауырып жатыр деді. Күйеуім таңертеңнен бастап түске дейін кезекке тұрып, медициналық бөлімге кіре алмаған" дейді ол. Оның айтуынша, колонияда дәрі-дәрмек те жетіспейді.
17 маусымға қараған түні құқық қорғаушы Елена Семенова Facebook-тегі парақшасында осы жағдайға байланысты "сотталушыларды медициналық бөлімге кіргізбеу фактісі бойынша" прокуратураға шағым түсіргенін жазды.
"Түрмелер жабық, фактілер бойынша не болып жатқанын білу мүмкін емес, туыстары жақындарын көре алмай жатыр. Ал таксофонмен көп айта айлмайсың. Соңғы уақытта таксофондар да бұзыла бастады" деп жазды.
Азаттық тілшісі ЛА-155/12 колониясына хабарласқанмен жауап ала алмады.
Ал Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі "колонияда тұтқындар ауырып жатыр, дәрі-дәрмек жетіспейді" деген ақпаратты жоққа шығарды.
- Мекемеде дәрі-дәрмек жетіспейді немесе медициналық көмек көрсетілмейді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. 15 маусымда біз өзіміз осы мекеме аумағында болғанбыз. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушылары сол мекемеде мониторинг жүргізді. Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігі өкілдері мекеменің медициналық бөліміне де тексеріс жүргізген. Дәрі-дәрмектің жететініне көзі жетті. Тұтқындарға медициналық көмек көрсетіліп жатқанын көрді. Қазір түрме қызметкерлері арасында, сотталушылар арасында да коронавирус инфекциясы табылған жоқ" деді департаменттің баспасөз хатшысы Әділет Сағымбаев.
Оның айтуынша, 12 маусымда Қапшағай қаласының клиникалық ауруханасының терапевт, окулист, хирург, отоларинголог сияқты маманданған қызметкерлері тұтқындарды кәсіби тексерістен өткізген. Коронавирус белгілері байқалған адам анықталмаған.
Сәуір айының соңында Қазақстандағы түрмелерде бірнеше адамға коронавирус жұққаны хабарланған еді. 26 сәуірде Алматы облысы Жауғашты ауылындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан тұтқыннан коронавирус табылған. Сол кезде жергілікті БАҚ коронавирус табылған мекемедегі "жағдай күрделі" деп жазған. Бұған дейін кейбір колонияларда маска тапшылығы, дәрі-дәрмек жетіспейтіні туралы хабарлама болған. Бірақ ҚАЖК жоққа шығарған.
Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 21 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 9500-ден көбі жазылған. 88 адам қайтыс болған.
Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулинге COVID-19 жұқты
Қазақстан мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулиннің коронавирус жұқтырғаны анықталды. Бұл туралы parlam.kz сайты хабарлады.
"Мәжіліс спикері сенаттан қайтарылған "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекс мәселелері бойынша денсаулық сақтау министрін қабылдаған. Елжан Біртановтың анализі оң нәтиже бергендіктен мәжіліс спикері 16 маусымда коронавирусқа тест тапсырған еді. Өкінішке қарай, тест оң нәтиже көрсетті. Сиптомсыз COVID-19 деген диагноз қойылды" делінген ресми хабарламада.
Сайттың жазуынша, өзін оқшаулаған спикер қашықтан жұмыс істейді. Бірақ 17 маусымға белгіленген пленарлық отырысты оның орынбасары өткізеді деп айтылады.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус табылып, ауруханаға түскен еді. Кейінірек премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың оқшауланғаны хабарланды.
Оның алдында мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасының басшысы, бұрынғы денсаулық вице-министрі Камалжан Надыровтан коронавирус табылған.