Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

11:51 17.6.2020

Қырғызстанда 36 жастағы науқас коронавирустан қайтыс болды

Коронавируспен күрес жөніндегі республикалық штабтың хабарлауынша, науқас 36 жаста болған. Жалалабад облысының клиникалық ауруханасында емделген. 

Науқас туралы басқа ақпарат айтылмайды. 

17 маусым күнгі ақпарат бойынша, Қырғызстанда 30 адам коронавирустан көз жұмған. Барлығы 2562 адамға вирус жұққан. Өткен тәулікте 90 адамнан вирус анықталған. 

15:16 17.6.2020

Надыров: Алматыда ауруханаға күнде 100-ден астам COVID-19 жұққан науқас түседі, жағдай күрделі

Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Камалжан Надыров қалада коронавирусқа байланысты ахуал "шынында да күрделі" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, күн сайын қалалық ауруханаларға жүзден астам науқас түседі. 

"Қалада жағдай шынымен күрделі. Денсаулық сақтау жүйесінің ресурсы шексіз емес. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы көлемі бізден ондаған есе көп дамыған елдерде де ресурстар жетіспей жатыр. Науқастар саны көбейіп жатыр. Соңғы күндері қалалық клиникаға жүзден астам пациент түсіп жатыр" деді Камалжан Надыров Facebook желісінде. Ол бұл пікірін жергілікті журналистің жазбасына пікір ретінде қалдырған. 

Коронавирусты анықтайтын мобильді орталық. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын мобильді орталық. Алматы, 17 маусым 2020 жыл.

Надыровтың айтуынша, ауруханаларда орташа есеппен 200-300 орын бар, ал бұл сұранысты қанағаттандыру үшін мүлде жетпейді. Қазір қалада Covid-19 жұқтырғандарды емдейтін 10 клиника бар. Онда 1300 науқас емделіп жатыр. Надыров "бар клиникаларды COVID-19 жұқтырғандарды емдейтін орынға айналдыруға болмайды, себебі өзге аурумен ауыратындар медициналық көмекке зәру болып қалады деді. 

"Күн сайын қала бойынша 2500-ден астам шұғыл шақыртулар болады. Мәселе тек бос орындарда ғана емес, COVID-19 жұқтырғандармен жұмыс істеуге дайын дәрігерлер бригадасы туралы болып отыр. Өкінішке қарай жағдайы орташа және ауыр науқастарды ғана ауруханаға жатқызуға мәжбүрміз. Жедел жәрдем қызметінде істейтін дәрігерлерге түсетін салмақ артты" деді Надыров.

Соңғы мәлімет бойынша, Алматы қаласында 4098 адамнан коронавирус табылған. 2098 адам жазылған. 13 адам қайтыс болған. Шамамен 1,7 млн тұрғыны бар Қазақстандағы ең ірі қала республикада вирус жұқтырғандар саны жағынан алда тұр. 

17 маусымда Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасы да ауруханадағы күрделі ахуал туралы айтты. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Сәуле Қисықованың айтуынша, Нұр-Сұлтанда коронавирус және пневмонияны емдейтін стационарлардың 90 пайызы - бос емес, ауруханаға күн сайын 500 адам түседі, екінің бірі - пневмония. 

"Егер жыл басында күніне орташа есеппен пневмонияға шалдыққан 5 пациент түссе, маусымнан бастап күн сайын 500 адам түсіп жатыр. Екінің бірінде - вирустық пневмония бар, 90 науқастың жағдайы орташа ауыр және ауыр" деді Сәуле Қисықова.  

Оның сөзіне қарағанда қазір Нұр-Сұлтанда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1711 адам жатыр. Олардың 80-і - реанимация бөлімінде. Соңғы уақытта жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар 4 есе өскен.

Қисықованың айтуынша, соңғы уақытта күніне орта есеппен 150-ден астам адамнан коронавирус анықталып жатыр. 50 пайызында ауру белгісі жоқ. Бұған дейін қалада 170 мың тест өткізілген. Зертхананың 20-дан астам қызметкеріне коронавирус жұққан. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 16 маусымда республика бойынша провизорларда 6194 орын бар. Провизорлардың 46 пайызы - бос, яғни әрбір екінші орын бос деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Павлодар облысы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облысында орындар аз.  

16:42 17.6.2020

Пекинде коронавирус жұқтырғандар көбейді, қала карантинге қайта оралды

Сәрсенбі, 17 маусымда Пекинде тағы 31 адамнан коронавирус табылды. Соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар 137-ге жеткен. 

BBC сайтының жазуынша, миллиондаған қала тұрғыны карантинге қайта оралып жатыр. Бұған дейін 57 күн қалада коронавирус табылмаған еді, вирус тек сырттан келгендерден ғана анықталып жүрген болатын.  

Вирустың жаңа ошағы - "Синьфади" сауда орталығы деп айтылады. Ірі базар 21 миллионнан астам халық тұратын қала тұрғындарын ет және көкөніспен қамтамасыз етеді. Қазір базар жабылған. Пекин билігі базарға қатысы бар адамдарға қаладан шығуға тыйым салған. 

"Жаңа вирус ошағы" деп танылған "Синьфади" ірі базардың кіре берісінде тұрған полиция қызметкерлері. Пекин, 13 маусым 2020 жыл.
"Жаңа вирус ошағы" деп танылған "Синьфади" ірі базардың кіре берісінде тұрған полиция қызметкерлері. Пекин, 13 маусым 2020 жыл.

BBC сайтының жазуынша, Пекиндегі 21 шағын аудан - "орташа дәрежедегі қауіпті", 1 аудан "өте қауіпті" аудан деп анықталған. 28 шағын аудан тұрғынының қаладан шығуына тыйым салынған.  

Пекинге ұшатын және ол жақтан ұшатын 1255 авиарейс тоқтаған. Темір жол қатынасы 9 шілдеге дейін шектелген. Мектептер, бассейн, фитнес клубтар, спорт нысандары жабылған. Дегенмен кәсіпорындар, компаниялар қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Ақпан айымен салыстырғанда бұл жолы билік бизнес, үкімет мекемелерін, өндіріс орындарын жаппаған. 

"Індеттің алғашқы толқыны" кезінде ресми мәлімет бойынша, Қытайда 80 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 4,6 мыңнан астам адам қайтыс болған. Кейбір халықаралық сарапшылар Пекин келтірген дерекке күмән келтіреді. Соңғы үш айда елде 3200 адамға вирус жұққан. Олардың басым бөлігі - сырттан келгендер.

Былтыр желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласында алғаш рет тіркелген жаңа коронавирус – SARS-CoV-2 (COVID-19 деп те атайды) кейін әлемнің өзге елдеріне тараған. Кейбір болжам бойынша, инфекция адамға Ухань қаласындағы жабайы аңдардың еті сатылатын жергілікті базарда жұққан.

17:31 17.6.2020

Алматы мен Нұр-Сұлтанда "жағдай қиын". Ауруханаларда орын жетпей жатыр

Қазақстанда 16 мамырда мыңнан аса адамнан коронавирус табылған тұста Алматы мен Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасының басшылары қаладағы жағдайдың қиындағанын мойындады.

Алматыдағы жағдай қалай?

17 мамырда Алматы қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыров Facebook парақшасында қалада жағдай "шынымен қиындап кеткенін" мәлімдеді.

Оның сөзінше, кейінгі күндері дертке шалдыққандар саны күрт көбейіп, ауруханаларға жүзден аса адам түсіп жатыр. Ал қалада коронавирусқа арналған 10 ауруханада орташа есеппен 200-300 орын бар. Қазір осы он стационарда 1300 адам жатыр.

"Науқастардың барлығын жатқызу үшін әр үш күн сайын инфекциялық стационар ашу керек. Бұл мүмкін емес" деп жазды Надыров.

Денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше, қаладағы барлық аурухананы коронавирусты емдеуге ауыстыру мүмкін емес, "себебі бұл ауруханалар басқа дертке шалдыққандардың өмірін құтқаруға керек".

"Ауруханадағы орыннан бөлек коронавирус жұқтырғандарды емдейтін дәрігерлердің жетіспеушілігі жайлы да мәселе бар. Сондықтан орташа және ауыр жағдайдағы науқастарды таңдап ғана ауруханаға жатқызып жатырмыз. Жұрттың көбі вирус жұқтыру қаупіне сенбейді. Осының бәрі ауруға шалдыққандардың өсуіне себеп болып жатыр" деді ол.

Осыған дейін жергілікті басылымдар вирус жұқтырған алматылықтардың бірнеше күннен бері ауруханаға жата алмай жүргені жайлы жазған.

Қазір қалада 4 мыңнан аса адамнан коронавирус табылды. 15-16 маусымда қалада, тиісінше, 98 және 62 адамнан вирус анықталған.

Алматыда 13 адам коронавирустан қайтыс болды. Бірақ қалада коронавирус жұқтырған қанша адамның марқұм болғаны ресми статистикадан кқп. Мәселен, қала маңындағы "коронавирус зиратында" 64 адам жерленген.

Нұр-Сұлтандағы жағдай ше?

Нұр-Сұлтан қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова 17 маусымда брифинг өткізіп, "жұрт бейқам жүре берсе", "ауруханаларда орын жетпей, Италия сценарий қайталануы мүмкін" деп дабыл қақты.

"Астанада жағдай ушықты. Коронавируспен күресіп жатқан медқызкерлерге ауыртпашылық түсті. Олар үш айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кейінгі үш күнде орта есеппен 150-ден астам адамнан вирус табылып жатыр. Олардың 50 пайызында симптом жоқ" деді ол.

Қисықованың сөзінше, қалада жедел жәрдемге хабарласатындар 3,5 есеге өскен, 16 маусымда 110 жедел жәрдем бригадасы жұмысқа шыққан.

Нұр-Сұлтан денсаулық сақтау басқармасының есебінше, қалада 1711 адам ауруханада жатыр.

Қисықованың айтуынша, қалада коронавирус және пневмонияны емдейтін стационарлардың 90 пайызы - бос емес, ауруханаға күн сайын 500 адам түседі, екінің бірі - пневмония.

"80 адам жансақтау бөлімінде жатыр. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар төрт есеге өсті. Қалада 1 млн 200 мың адам тұрады. Егер халық бейқам жүре берсе, бәріне дәрігер мен орын жетпейді. Барлығына уақытында көмек көрсетіп үлгермей қаламыз. Санитарлық норма сақталмаса, уақтылы оқшауланбаса, қалада жағдай қиындайды" деді ол.

Қисықова қаладағы зертханалар да тест алып үлгере алмай жатқанын айтып, симптомы бар адамдарға және вирус жұқтырғандармен байланыста болғандарға ғана тест тапсыруға кеңес берді.

"Тест жетуі үшін және анализ қорытындысын тез шығару үшін басқа адамдарға тест тапсырып керегі жоқ" деді басқарма басшысы.

Қалада 3700 астам адамнан вирус табылды. 15 адам коронавирустан қайтыс болды. 15-16 маусымда қалада, тиісінше, 203 және 173 адамнан вирус анықталған.

Тағы

XS
SM
MD
LG