Коронавирустың тарауы бойынша әлемдегі ахуал қалай?
Әлемде коронавирустың таралуына байланысты қандай маңызды өзгерістер болды? Азаттық негізгілерін іріктеп, назарыңызға ұсынып отыр:
- Ұлыбританиядағы Оксфорд университеті ғалымдары жетекшілік еткен зерттеу дексаметазон дейтін дәрінің коронавирустан қайтыс болу деңгейін үштен бірге азайтатынын көрсетті. Дексаметазон вентилятор көмегімен ғана тыныс алып жатқан науқастардың өлімін 35 пайызға, оттегімен емдеуді қажет ететін науқастардың өлімін 20 пайызға азайтқан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәрінің тиімділігін мойындап, нұсқаулығына қосатынын айтты.
- АҚШ-та коронавирустан көз жұмғандар саны елдің Бірінші дүниежүзілік соғыстағы құрбандарынан асып түсті. Джонс Хопкинс университетінің 17 маусымдағы мәліметінше, АҚШ-та коронавирусты кемі 2,13 миллион жұқтырып, 117 мың адам індеттен айыға алмай көз жұмған. Ал Бірінші дүниежүзілік соғыста АҚШ-тың 116 516 сарбазы қаза тапқан. Оның 53 402-сі шайқаста, 63 114-і 1918 жылғы тұмау эпидемиясынан қайтыс болған.
- Ал Еуропада көптеген ел осы аптада шекарасын Еуропа елдерінің азаматтарына ашты. Франция Эйфель мұнарасын келесі аптада ашпақ. Париждіктер атақты туристік орталығын қайта ашуға қызу дайындық үстінде. Коронавирус пандемиясы күшейген тұста Еуропа инфекциядан ең қатты зардап шеккен құрлыққа айналды. Бірақ қазір вирустың тіркелуі, өлім саны азайып, ауруханаға түсер қысым жеңілдей бастады.
- Латын Америкасы коронавирус пандемиясының жаңа ошақтарының біріне айналды. Континенттегі Бразилия, Колумбия және Перу елдерінде вирус үлкен жылдамдықпен тарап жатыр. Бразилия вирус жұқтырғандар жөнінен АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Елде коронавирус жоғары қарқынмен тарап, вирус жұқтырғандар 1 миллионға таяп қалды. Қайтыс болғандар саны 45 мыңнан асты.
- Қытай билігі 17 маусымда вирустың жаңа ошақтары пайда болуы себепті Пекиндегі 1255 әуе рейсін тоқтатты. Соңғы алты күнде ел астанасында 137 адамнан коронавирус анықталып, қала көшелеріндегі қозғалыс шектелді. Кәсіпорындар мен мекемелер жұмысын жалғастыра алады, бірақ үкімет қашықтан жұмыс істеуге үгіттеп жатыр. Пекин тұрғындарына қаладан маңызды себепсіз шығуға тыйым салынды. Ал шығатын болса, коронавируске тест тапсырып, нәтижесі теріс болуы керек. Вирустың қайта тарауы қаладағы Ксинфади базарынан басталуы мүмкін. Базар демалыс күндері жабылды. Пекин соңғы жеті аптада коронавирусты тек сырттан келген адамдардан анықтап, вирустың таралуын тежеп отырған.
- Пәкістанда 17 маусым күні коронавирустан бір күнде 136 адам қайтыс болды. Бұл – тәулік ішінде қаза тапқандардың ең жоғарғы саны. Вирус құрбандарының жалпы саны 2975-ке жетті.
Елде вирустан қайтыс болғандар жүзге жуықтады
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің 17 наурыздағы мәліметіне сай, елде тағы 9 адам коронавирустан қайтыс болды.
Нұр-Сұлтан қаласында 38 жастағы ер адам, 56, 68, 69, 70, 82 жастағы әйел адамдар; Алматы қаласында 51, 60 жастағы ер адамдар, Шымкент қаласында 41 жастағы ер адам көз жұмды.
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы бұл марқұмдардың қазасына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 97 адам қайтыс болды:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 21
- Алматы қаласы – 15
- Павлодар облысы – 13
- Шымкент қаласы – 12
- Қарағанды облысы – 9
- Ақмола облысы – 6
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Түркістан облысы – 5
- Атырау облысы – 3
- Қостанай облысы – 2
- Маңғыстау облысы – 2
- Ақтөбе облысы – 1
- Шығыс Қазақстан облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған ондаған марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өліміне "коронавирус емес, басқа дерттері себеп болды" дейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.
Елде кейінгі уақытта күніне мыңға жуық адамнан вирус табылып жатыр. Билік Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ауруханада орын жетпей, жедел жәрдем үлгере алмай жатқанын мәлімдеп, "жағдай қиын" деді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18 маусымда үкімет эпидемияны тоқтату үшін жаңа шаралар жариялайтынын мәлімдеді.
Қазақстанда бір күнде мыңға жуық адамнан СOVID-19 табылды, 9 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қазақстанда 991 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде індет белгілері бары – 335, симптомы жоғы – 656.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Өткен тәулікте коронавирустан 273 адам жазылып, 9 адам қайтыс болды.
Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 15 877 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. "Ауырғандар" мен "тасымалдаушыларды" қоса санағанда вирусты 22 708 адам жұқтырған.
Үш ай ішінде 9902 адам емделіп, 97 адам қайтыс болған.
4 маусым күні Қазақстан денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 37 өлім тіркелгенін айтқан. Қайтыс болған адамдарда вирус болған, бірақ өлім себебі басқа ауру болды деп көрсетілген. Бұл көрсеткіш бойынша жаңа дерек айтылмады.
Қазақстанда соңғы кезде науқастардың күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастағаны айтылып жүр. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқарма жетекшілері 17 маусымда күн сайын ауруханаға жүзден астам науқас түсетінін айтып, "жағдай күрделі" екенін мәлімдеді.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтандағы ауруханалардың 90 пайызы бос емес. Алматыда да "жағдай күрделі"
ДДСҰ гидроксихлорохинді коронавируске қарсы дәрілер сынағынан алып тастады
Кеше, 17 маусым күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы безгек ауруына қарсы қолданылатын гидроксихлорохинді COVID-19 ауруынан емдеуге арналған дәрілер сынағынан алып тастады. Жаңа деректер мен зерттеулер бұл дәрінің коронавирустен емдеуде пайдасы жоқ деп көрсетті.
ДДСҰ маманы Анна Мария Рестрепоның (ханым) айтуынша, дәріні сынақтан өткізген зерттеушілер сынақты одан әрі жалғастырмау туралы шешімге келген.
Рестрепо мәлімдемесінде Solidarity Trial деп аталған халықаралық клиникалық сынақ пен Ұлыбритания жүргізген сынақ гидроксихлорохиннің COVID-19 науқастарына көмектеспегенін көрсетті деді.
АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмек әкімшілігі дүйсенбі 15 маусымда гидроксихлорохинді коронавируске қарсы қолданылатын дәрілер тізімінен алып тастағанын хабарлады.
АҚШ президенті Дональд Трамп мұның алдында аурудың алдын алу қамы ретінде гидроксихлорохинді қолданып жүргенін айтқан.