Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

09:37 18.6.2020

Қазақстанда коронавирустан тағы 3 адам қайтыс болды

Нұр-Сұлтан қаласында - 1963 жылғы ер адам, 1952 жылғы әйел және 1946 жылғы әйел адам коронавирустан қайтыс болды. Бұл туралы 18 маусымда таңертең коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады. 

Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы марқұмдардың қайтыс болуына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.

Коронавирус жұққан науқастарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.
Коронавирус жұққан науқастарды емдейтін аурухана. Көрнекі сурет.

Қазақстанда коронавирустан барлығы 100 адам көз жұмған. Нұр-Сұлтан (24), Алматы қаласы (15) және Павлодар облысы (13), Шымкент қаласында (12) адам өлімі көп тіркелген. 

Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған ондаған марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өліміне "коронавирус емес, басқа дерттері себеп болды" дейді. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлем елдеріне коронавирус жұқтырған марқұмдарды (жазатайым оқиғадан және инфарктен қайтқандардан басқасын) ресми статистикаға қосуды ұсынған.

Елде кейінгі уақытта күніне кемінде мыңға жуық адамнан вирус табылып жатыр. Билік Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында ауруханада орын жетпей, жедел жәрдем үлгере алмай жатқанын мәлімдеп, "жағдай қиын" деді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 18 маусымда үкімет эпидемияны тоқтату үшін жаңа шаралар жариялайтынын мәлімдеді.

10:49 18.6.2020

Коронавирус туралы биліктен бұрын "мәлімдеме жасаған" дәрігерге қозғалған қылмыстық іс тоқтады

Биыл қаңтарда Алматы облысында WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы «коронавирус тарап, 70 шақты адамға жұққаны» туралы айтқан дәрігерге қатысты «Жалған ақпарат тарату» бабымен қозғалған қылмыстық іс тоқтады. Бұл туралы Азаттыққа дәрігердің адвокаты хабарлады.

Адвокат Василий Садықов дәрігердің кінәсіз екендігін дәлелдегендерін айтады. Адвокат Айтжановтың сөзінің сараптамасын Қазақстанның бұрынғы бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің «коронавирус келуі мүмкін» деген болжамымен салыстырып, басқа да нақты уәждермен тағылған айыптың негізсіздігін көрсеткендерін айтады.

- Қазір коронавирус жұқтырғандардың Думан Айтжанов шамалаған 70-тен әлдеқайда артқаны белгілі. Мүмкін сол кезде ол жасырын мәліметті біліп қалған шығар. Ең бастысы қылмыстық іс тоқтады, - дейді адвокат Садықов.

Коронавирусқа тест тапсыру үшін кезекке тұрған халық. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.
Коронавирусқа тест тапсыру үшін кезекке тұрған халық. Алматы, 12 маусым 2020 жыл.

Адвокаттың сөзінше, осы жағдайдан кейін Думан Айтжанов он жылдан астам еңбек өтілі бар тамаша гинеколог бола тұра жұмыс орнынан кетуге мәжбүр болған.

- Қазір өзі тұратын аудан орталығынан шалғайдағы басқа ауданда жұмыс істеп жатыр, - дейді Василий Садықов.

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының дәрігер-гинекологы Думан Айтжанов 30 қаңтарда Қытайдың Ухань қаласынан тарай бастаған жұқпалы ауру туралы WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы видео таратқан. Ол онда жағдайдың нашар екенін, вирус жұқтырғандар саны 70-ке жеткенін айтып, маска киіп, сақтанып жүру керектігін айтқан. Сол күні полиция оны бірден ұстап, Қылмыстық кодекстің «жалған ақпарат тарату» (274-бабының 2-тармағы) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Кейін әлеуметтік желіде дәрігердің кешірім сұраған видеосы жарияланған еді.

«Мен WhatsApp-тағы сыныптастарымның тобына коронавирус бар екендігі туралы видео салдым. Мен достарымның сәл қорыққанын қаладым. Қателігімді мойындаймын, 70 шақты адам туралы біреулерден естіп қалдым. Мен халқымның алдында кешірім сұраймын. Енді абай боламын» деген еді дәрігер.

Қазақстанда әлеуметтік желілерде айтқан пікірлері үшін жауапқа тартылып немесе кейін қателскенін айтып, кешірім сұраған жағдайлар жиі кездеседі.

Полицейлердің әрекетін видеоға түсіріп, заңға қайшы әрекеттерін сынап жүрген шымкенттік белсенді Руслан Жанпейісов (құжаттағы есімі – Бейбарыс Райымбеков) 2017 жылы екі жарым жылға бас бостандығын шектеген еді. Ол Қылмыстық кодекстің "Ақпаратты жасырып алудың арнайы техникалық құралдарын заңсыз дайындау, жасау, иемдену, өткізу немесе пайдалану" және "Қоғамдық бірлестіктер мүшелерінің мемлекеттік органдардың қызметіне заңсыз араласу" бабымен айыпталған. Қамаудан шыққан соң Руслан Жанпейісов ішкі істер министрі мен Қазақстан президентіне қайрылып, әлеуметтік желіде мәлімдеме жасаған.

Алматы облысы Көксу ауданы Мұқыр ауылының мұғалімі карантин кезінде интернет үшін түнделетіп сіңлісінің үйіне барып, Kundelik.kz сайтына кіретінін айтып шағымданған еді. Ол желіде “кедей елдің кедей мұғалімімін” деген. Бір күннен соң мұғалім “кедей ел” жайлы сөзі үшін кешірім сұраған.

12:23 18.6.2020

Назарбаевтан коронавирус табылғаны хабарланды

Нұрсұлтан Назарбаев.
Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанды отыз жылдай басқарып, былтыр наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевқа ("Нұр Отан" партиясының лидері әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын ұстап отыр) коронавирус жұққанын оның баспасөз қызметі хабарлады.

Назарбаевтың ресми сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ол қазір оқшауланған.

"Оның соңғы анализінен коронавирус табылды. Алаңдауға негіз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев қашықтан жұмысты жалғастырып жатыр" деп жазылған қысқа мәлімдемеде.

13:26 18.6.2020

Қазақстанда шектеу шаралар күшейтілді

Қазақстанда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Павлодар мен Екібастұз қалаларында шектеу шаралары күшейтіледі. Бұл туралы 18 маусымда үкімет хабарлады.

20-21 маусымнан бастап осы қалаларда:

  • ірі сауда, қызмет көрсету орындарының, жабық азық-түлік және өзге базарлардың жұмысы тоқтап, қоғамдық көлік қызметі шектеледі;
  • саябақтар, скверлер, жаяу серуен аймағы, өзен, су қоймаларының жағалауы, тау шаңғысы курорттары мен өзге де қоғамдық орындар жабылады;
  • дәмханаларға тек даладағы орындарында қызмет көрсетуге рұқсат етіледі, бірақ келушілер белгіленген арақашықтықты ұстануы шарт;
  • спортзал, фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады;
  • 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуына болмайды;
  • тұрғын саны 50 мыңнан асатын қалаларда саябақ, жағалау, жағажай, аквапарктер жұмысы тоқтатылады.

Бұған қоса үкімет аймақ әкімдіктеріне тез арада халықты ПТР-тестіден өткізуге арналған қосымша зертхана ашуды, ауруханаларда инфекциялық және провизорлық орындарды көбейтуді, науқастарды компьютерлік томографиядан өткізуді жолға қюды, жедел жәрдем станцияларының уақытылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді, үйінде емделіп жатқан науқастарды қашықтан бақылауды тапсырды.

Билік коронавирус инфекциясынан қорғану үшін белгіленген арақашықтық ұстанып, вирустан қорғану шартын орындауды тұрғындардың қаперіне салды.

COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстанда биыл 16 наурыздан төтенше жағдай жарияланып, ірі қалалар мен аймақтарда карантин енгізілген. 11 мамырда төтенше жағдай аяқталғанып, карантин шектеуі босаңдатылғанымен вирустың таралуы бәсеңдемеді.

3 маусымнан бастап Қазақстан билігі COVID-19 жұқтырғандарды "ауру белгісі бар" және "симптомы жоқ" деп екі бөлек есептеуге көшкен. Бірақ коронавирус жұқтырғандар мен одан өлгендер саны күн санап өсіп бара жатқаны байқалды. Бұл жағдай билікті шектеу шараларын қабылдауға мәжбүрледі.

Алматыда 15 маусымнан бастап барлық базар, сауда орындарының жұмыс уақыты қысқарды. Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысын онлайн форматқа көшірді. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, банктер өз қызметкерлерінің 50 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Компьютер орталықтары, боулинг, букмекер кеңселері, банкет орындары, бильярд залдары, караоке орталықтар жабылды.

Алматының "Көк базарында" 21 адамнан вирус табылғаннан кейін сауда орнының жұмысы тоқтады. Оның іргесіндегі "Рахат" кондитер фабрикасындағы қызметкерлердің үштен екісі COVID-19 жұқтырғаны анықталып, ол да уақытша жабылды.

Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында күн сайын ауруханаға түсетін науқастар көбейіп, "жағдайдың қиындағанын" билік өкілдері мойындады. Азаттық тілшілері сөйлескен тұрғындар "ауру белгісін байқап, дәрігерге хабарласқанымызбен жедел жәрдем келмеді" деп шағынды.

Індет билік басында отырғандарға да жетті. 18 мамырда Қазақстанның бұрынғы президенті 79 жастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың вирус жұқтырғаны хабарланды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәжіліс төрағаы Нұрлан Нығматуллин, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, өзге де шенеуніктерден коронавирус табылған.

Коронавирус инфекциясына байланысты премьер-министр Асқар Мамин, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, ауыл шаруашылық министрі Сапархан Омаров, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың оқшауланғаны хабарланды.

18 маусымда таңертең жарияланған ресми мәліметке сай, 13 наурыздан бері елде коронавирус жұқтырғандар 22 708 адамға жеткен. 9902 адам дерттен айығып, 100 адам қайтыс болды.

Тағы

XS
SM
MD
LG