Вице-премьер Ералы Тоғжановтан коронавирус табылды
Премьер-министрдің орынбасары қазір өзін оқшаулаған.
"Өзімді оқшаулауға тура келіп тұр. Инфекциядан қанша қорғансам да болмады. Коронавирус инфекциясының симптомсыз түрін анықтады. Тезірек сауығып, жұмысқа кірісу үшін дәрігерлердің барлық айтқандарын орындап жатырмын" деп жазды Тоғжанов Facebook парақшасында.
Ол қазақстандықтарды "маска тағып, антисептик қолдануға, гигиена ережелерін сақтауға" шақырды.
18 маусымда Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан да коронавирус табылғаны белгілі болды. Бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин, президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли және өзге шенеуніктерге коронавирус жұққан еді.
Бекшин: Алматыдағы инфекциялық стационарлардың 90 пайызы бос емес
Алматы қаласының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бейсенбі күнгі брифинг кезінде қаладағы инфекциялық стационарлардың 95 пайызы бос емес, соңғы екі аптада вирус жұқтырғандар екі есеге көбейді деп мәлімдеді.
"Қазіргі кезде коронавирус инфекциясына байланысты жағдай күрделі. Соңғы екі аптада яғни, 3 маусымнан бастап қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандар екі есеге көбейді. Инфекциялық стационардағы орындардың 95 пайызы бос емес. Қазір ауруханада жазылғандардың орнына жаңа науқастар келіп жатыр" деді Бекшин.
Бас санитар дәрігер дегенмен блокбекеттер қайта қойылмайды, қала жабылмайды деді.
"Қаржы орталықтары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтамайды. Сыртқы периметрде ешқандай бекет жоқ. Сондықтан қала тұрғындары және облыс тұрғындарына қалаға кіруге және шығуға ешқандай кедергі жоқ " деді ол.
Ол брифинг кезінде "санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды орындамағаны үшін" өткен аптада жұмысы тоқтатылған "Көк базардың" сот шешімімен бір айға жабылғанын, базар әкімшілігіне 1 млн 722 мың теңге көлемінде айыппұл салынғанын да айтып өтті.
13 маусымда қаладағы ең ірі базарлардың бірі "Көк базардың" 20 қызметкерінен коронавирус табылып, жұмысы тоқтаған еді. Бұған дейін коронавирусқа байланысты қаладағы "Рахат" кондитерлік фабрикасы да жабылған.
Соңғы мәлімет бойынша, Алматыда симптомы жоқ COVID-19 анықталған адамдарды қосқанда барлығы 4195 адамнан коронавирус табылған. 2128-і жазылған. 15 адам қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, қалада оннан астам адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Алайда бұған дейін Азаттық Алматы іргесіндегі коронавирус жерлейтіндер зиратында 64 адам жерленгенін анықтаған.
"Олимп" екі ірі қалада, Invivo республика бойынша COVID-19 тестін алуды уақытша тоқтатты
Жекеменшік “Олимп” зертханасы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирусқа ПТР талдау алуды дүйсенбі 22 маусымға дейін тоқтатанынын хабарлады. Invivo зертханасы болса, дәл осы мерзімге тест алуды бүкіл республика бойынша тоқтатқанын айтты.
“Құрметті пациенттер, 19 және 21 маусым аралығындағы қоса алған күндері Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы зертханаларда техникалық жұмыстар жүргізіледі, осы орайда коронавирусқа ПТР талдау алу жүзеге асырылмайды. 22 маусымда коронавирусқа ПТР талдау алу қайта жалғасады” делінген “Олимп” зертханасының әлеуметтік желідегі парақшаларында.
Invivo өзінің сайтында ПТР талдауына сұраныстың артуына байланысты зертханасын кеңейту жөнінде шешім қабылдағанын, сол себепті бірқатар өңірде 17-21 маусым аралығында техникалық жұмыстар жүріп, талдау алынбайтынын хабарлады. Зертхана маманы Азаттыққа талдау алу республика бойынша тоқтағанын айтты.
Аталмыш зертханалар ПТР талдауын ақылы жүргізеді. Талдау құны 15,5 мың теңге шамасында.
Осыған дейін тұрғындар ПТР талдауының бағасы тым жоғары, қалта көтермейді деп шағым айтқан. Осы күндері коронавирустың тарауы үдей түсіп, жекеменшік зертханалардың ақылы қызметін алудың өзі қиындыққа айналды.
Халық денсаулығына жауапты шенеуніктер Нұр-Cұлтанда ауруханалардың 90 пайызы мен Алматыда 95 пайызы бос емес деп мәлімдеді.
Бүгін сондай-ақ елдің экс-президенті, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын қолында ұстап отырған Нұрсұлтан Назарбаевтан да коронавирус анықталғаны белгілі болды. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады. Артынша вице-премьер Ералы Тоғжановтың да вирус жұқтырғандардың қатарына қосылғаны айтылды.
Бірнеше күн бұрын коронавирус денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан табылып, онымен байланыста болған премьер-министр Асқар Мамин мен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзін оқшаулаған.
Вирусты жұқтырғандар президент әкімшілігі мен Парламентте де бар. Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин мен депутаты Бекболат Тілеухан COVID-19 індетінен емделіп жатыр.
Елде коронавирус жұқтырғандар саны 22 мыңнан асты, ал COVID-19 өлімі 100-ге жетті. Он мыңға жуық адам жазылып шыққан.
Денсаулық министрлігі: Вирус жұқтырған 54 науқас өзге аурудан көз жұмды
Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған 54 адамның өліміне басқа себеп болды деген шешім қабылдаған. Бұл марқұмдар "коронавирустан қайтыс болғандардың" ресми статистикасына енбеген.
Бұл туралы денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді баспасөз брифингінде.
“Коронавирус инфекциясынан елде 97 науқас (ресми дерек бойынша 100 - ред) қайтыс болды. Бұл марқұмдардың өліміне коронавирус тікелей себепкер болған. Сонымен қатар коронавирус анықталған, бірақ инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болудың 54 адам бар. Бұл адамдарда коронавирус ілеспе ауру болып, қайғылы жағдайдың себепкері болмады” деді вице-министр орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингінде.
Ақтаеваның сөзінше, кісі өлімін аймақтардағы денсаулық сақтау басқармаларына қарасты арнайы комиссия талдайды.
Мамырдың ортасында Азаттық Алматы, Нұр-Cұлтан және Шымкент қалаларында коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зираттарда ресми айтылғаннан көп адам жерленгенін әшкереледі. 4 маусым күні денсаулық сақтау министрлігі Елжан Біртанов ресми статистикаға кірмеген 37 кісі өлімі барын айтты. Министр олар коронавирус жұқтырса да, басқа себептен өлген деді. Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш көрсеткішті содан бері жаңартпады.
16 маусым күні Азаттық Алматы қаласы маңындағы “коронавирус зиратына” қайта барып, 64 адамның жерленгенін анықтады. Сол күннің ресми дерегінше, Алматы қаласында коронавирустан 12 адам қайтыс болған.
Денсаулық сақтау министрлігі 3 маусымнан бастап коронавирус жұқтырғандарды да екі бөлек есептеп отыр. Симптомы барларды “ауырғандар”, жоқтарды “тасымалдаушылар” деп белгілеп, вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына тек біріншісін қосып отыр.
Симптомы бар-жоқ деп бөлмей есептегенде, вирус жұқтырғандар саны 22 мыңнан асты. Бүгін коронавирустан тағы үш адам қайтыс болғаны айтылып, COVID-19 өлімі 100-ге жетті. Он мыңнан астам адам жазылып шықты.