- Авторы: Аян ҚАЛМҰРАТ
"20 сағат жұмыс істейміз". Дәрігерлер коронавируспен қалай күресіп жатыр?
Алты адамға арналған жерде он бес науқас. Тәулігіне 20 сағат жұмыс. Қажыған медбикелер. Қазақстанда вирус жұқтырғандар көбейген тұста дәрігерлер жұмысы көбейді. Олар соңғы күндері жүктеме ауырлап, шұғыл көмекке зәру адамдар ауруханаға сыймай жатқанын айтады.
Қазақстандағы қазіргі жағдай қалай?
18 маусымда елдегі жағдайды қысқа-нұсқа шолып шығыңыз
- Елде коронавирус жұқтырғандар көбейіп кеткендіктен осы сенбі-жексенбі, 20-21 маусым шектеу күшейді. Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Павлодар мен Екібастұзда ірі сауда, қызмет көрсету орындарының, жабық азық-түлік және өзге базарлардың жұмысы тоқтап, қоғамдық көлік қызметі шектеледі. Саябақтар, скверлер, жаяу серуен аймағы, өзен, су қоймаларының жағалауы, тау шаңғысы курорттары мен өзге де қоғамдық орындар жабылады. Спортзал, фитнес орталықтарының қызметі тоқтатылады. Демалыс күндері қоғамдық көліктер жұмыс істемейді.
- Тұрғын саны 50 мыңнан асатын қалаларда саябақ, жағалау, жағажай, аквапарктер жұмысы тоқтатылады.
- 65 жастан асқан адамдардың далаға шығуына болмайды.
- Елде вирус жұқтырған 54 марқұм ресми статистикаға енбеген. Билік олардың өліміне басқа дерт себеп болды деп санайды.
- Елде 1904 дәрігерге вирус жұққан. Бұл – елде вирус жұқтырғандардың 12 пайызы.
- Алматы қаласы бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин қалаға блокпостар қойылмайтынын мәлімдеді.
- Бекшиннің сөзінше, Алматыдағы инфекциялық стационардың 95 пайызы бос емес. Ал Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандарға жасақталған ауруханалардағы орынның 90 пайызы толған.
- Алматыдағы Көк базар бір айға жабылды.
- Елде анализ алатын жекеменшік екі ірі зертхана дүйсенбіге дейін тест сынамаларын алуды тоқтатты.
- Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа коронавирус жұқты.
Елде тағы бес адам коронавирустан қайтыс болды
Денсаулық сақтау министрлігі елде тағы бес адам коронавирустан көз жұмғанын хабарлады. 18 маусымдағы дерекке сай, Нұр-Сұлтанда 32 жастағы ер адам, Ақмола облысында 40 жастағы ер адам, Қарағанды облысында 64 жастағы ер адам, Алматы қаласында 58 және 65 жастағы ер адам COVID-19 індетінен көз жұмды
Өлім-жітімді зерттеу комиссиясы бұл марқұмдардың қазасына COVID-19 дерті себеп болды деген шешім қабылдаған.
Қазақстанда коронавирустан барлығы 105 адам қайтыс болды:
- Нұр-Сұлтан қаласы – 25
- Алматы қаласы – 17
- Павлодар облысы – 13
- Шымкент қаласы – 12
- Қарағанды облысы – 10
- Ақмола облысы – 7
- Батыс Қазақстан облысы – 6
- Түркістан облысы – 5
- Атырау облысы – 3
- Қостанай облысы – 2
- Маңғыстау облысы – 2
- Шығыс Қазақстан облысы – 1
- Жамбыл облысы – 1
- Ақтөбе облысы – 1
Қазақстан билігі коронавирус жұқтырған кем дегенде 54 марқұмды ресми статистикаға қоспай отыр. Министрлік олардың өліміне "коронавирус емес, басқа дерттері себеп болды" дейді.
Қазақстанда бір күнде 1252 адамнан коронавирус табылды, 8 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қазақстанда 1252 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде ауру белгілері бары – 474, симптомы жоғы – 778. Бұл бұрын-соңды болмаған ең жоғары көрсеткіш.
Өткен тәулікте коронавирустан 237 адам жазылып, 8 адам қайтыс болды.
Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 16 351 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. "Ауырғандар" мен "тасымалдаушыларды" қоса санағанда вирусты 23 960 адам жұқтырған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Үш ай ішінде 10 139 адам емделіп, 105 адам қайтыс болған.
18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған".
Қазақстанда соңғы кезде науқастар күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастаған. Аймақтарда карантин шаралары қайта күшейтілді. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық саласының өкілдері қаладағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеді.