Accessibility links

Медицина қызметкері.
Медицина қызметкері.

Бір тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 1002 адам тіркелді

Джонс Хопкинс университетінің мәліметі бойынша, әлемде коронавирус жұқтырғандар 118 млн 455 мың адамнан асты. 67 млн 95 мың адам жазылған. 2 млн 628 мың науқас қайтыс болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан тараған бұл вирусты "пандемия" деп жариялаған. Коронавирус жайлы қаңтардың басында белгілі болды. Оны алғаш жұқтырғандар Қытайдың Хубэй провинциясының Ухань қаласында тіркелді. Вирус тыныс алу жолын зақымдап, пневмонияны өршітеді. Бұл дерттің көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға салдары ауыр болуы мүмкін.

10:41 19.6.2020

Шалқарда COVID-19 диагнозы қойылған қайтыс болған тұрғынның өлімі статистикаға енгізілмеді

Ақтөбе облысы Шалқар қаласының коронавирус жұқтырған тұрғыны қайтыс болды. Марқұм 18 маусым күні Шалқардағы мұсылмандар қорымына жерленген. Бұл туралы Азаттыққа аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Асқар Еспағамбетов айтты.

Коронавирустан қайтыс болғандардың ресми статистикасына енбеген шалқарлық 58 жаста болған.

- Бір аптаға жуық Шалқардағы инфекциялық ауруханада емделген пациент жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. Өзге де ілеспе диагноздары болған. Коронавирус жұқтырғаны рас. Бірақ ол коронавирустан өлген жоқ, - дейді Асқар Еспағамбетов.

Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.
Жедел жәрдем көлігінде отырған медицина қызметкерлері. Ақтөбе, 22 сәуір 2020 жыл.

Бас дәрігердің сөзінше, мәйіт туыстарына берілмеген. Күшейтілген дезинфекциялық режиммен 18 маусым күні Шалқардағы мұсылмандар қорымына жерленген.

Коронавирус жұқтырып, ауруханада жан тапсырған әйелдің аты-жөнін атамауды өтінген көршісі «19 маусымда марқұмның отбасы рухына құран бағыштайды» дейді.

Марқұмның Азаттық тілшісі телефонмен сөйлескен туысы Айгүл «ол кісі қан қысымы көтеріліп, жиі ауыратын. Басқа ештеңе айта алмаймын» деді.

Шалқар аудандық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Асқар Еспағамбетовтің айтуынша, ауданның 45 тұрғыны коронавирус жұқтырған.

19 маусым күнгі мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында барлығы 853 адамнан коронавирус табылған: 588 адамда ауру белгілері бар, 265 адамнан COVID-19 белгісі байқалмаған. Ресми мәлімет бойынша, коронавирустан бір адам қайтыс болған. Бұған дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған екі адамның қайтыс болғаны хабарланған. Бірақ кейінірек өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың "коронавирустан қайтыс болмағанын" айтқан. 

19 маусымда Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Әсет Қалиевтің қызметінен кеткені хабарланды. Ол басқарманы алты жыл басқарған. Жергілікті "Диапазон" газетінің жазуынша, басқарма жетекшісі облыста жағдай күрделі кезде қызметінен кетіп отыр. 

"Облыста жүздеген адам пневмонияға шалдыққан. Қарғалыдағы аурухана, темір жол және өзге жерлерде провизорлық госпиталь ашылды. Науқастардың COVID-19 тапсырған тесті теріс нәтиже көрсеткен, бірақ дәрігерлердің айтуынша, өкпелерінде коронавирус белгілері бар. Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы мәселелерін кім шешеді, белгісіз" деп жазды басылым.

Облыста коронавирус жұқтырғандардың көбеюіне байланысты өткен аптада карантин шаралары қайта күшейтілген. 

11:42 19.6.2020

Министрлік эпидемиологиялық ахуалды R көрсеткіші және орындардың бар-жоғына қарап бағалайды

Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар күрт өсіп жатқан кезде денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық ахуалды бағалау үшін "қосымша критерийлер" енгізгенін хабарлады. Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 19 маусым күнгі үкімет отырысы кезінде енді жағдайға баға беру кезінде бір науқастың орташа есеппен қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін R коэффициенті және орындардың бар-жоқтығына назар аударатынын айтты. 

Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі науқастар санының көбеюіне қарай карантин шараларын күшейту не жұмсарту туралы шешім қабылдап келген. 

"Егер R көрсеткіші 1,3-тен асса немесе ол 1,15 пен 1,3 аралығында болып, инфекциялық стационарлардың 70-тен астамы бос емес болса, карантин шараларын күшейту керек болады. Немесе стационардағы орындардың 90 пайызы бос емес болса, R-ға қарамастан карантин шаралары күшейтіледі" деді Ақтаева. 

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.

Өткен аптада денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус табылып, ауруханаға түскеннен кейін оның міндетін вице-министр Ләззат Ақтаева уақытша атқаруға көшкен. Министрліктің айтуынша, карантин шаралары жұмсару үшін орындардың кемінде 50 пайызы бос болуы керек және R көрсеткіші 1-ге тең болуы тиіс. Ведомство адам өлімі және жағдайы ауыр науқастар санын да қосымша критерий ретінде атады. 

Дегенмен вице-министр елдегі R көрсеткіші мен инфекциялық стационарлардың бос-бос еместігі туралы мәлімет айтпады. 

Осы аптада денсаулық сақтау саласының шенеуніктері Алматы мен Нұр-Сұлтандағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеп, жағдайдың күрделі екенін айтқан. Бұл қала тұрғындары коронавирусқа тестен өтудің қиын екенін айтып шағымданған. Кейбір ауру белгісі байқалған науқастар ауруханаға қабылдамайтынын жеткізген. Осы аптада шенеуніктер ауруханаға жағдайы ауыр науқастарды ғана жатқызатынын мойындады

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 23 960 адамнан коронавирус анықталған. Олардың 7609-ында ауру белгісі жоқ. 105 адам қайтыс болған.

13:55 19.6.2020

COVID-19 талдауын 56 зертхана жүргізеді. 13,8 млрд теңгеге тест алынады – денсаулық вице-министрі

Қазақстанда COVID-19 ПТР талдауы 56 зертханада жүреді. Пандемия басталғалы бұл зертханаларда 1,3 миллионға талдау жасалған. Бұл туралы 19 маусым күні елдің денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді.

“Ковидке ПТР тестілеу үшін 56 зертхана жұмыс істейді. Тестілеу қуаты тәулігіне 28 мыңға дейін жеткізілді” деді Ақтаева үкімет отырысында.

Коронавирусты анықтайтын мобильді орталықта медицина қызметкері әйелден сынама үлгісін алып жатыр. Алматы, маусым айы 2020 жыл.
Коронавирусты анықтайтын мобильді орталықта медицина қызметкері әйелден сынама үлгісін алып жатыр. Алматы, маусым айы 2020 жыл.

Вице-министрдің сөзінше, пандемия басталғалы 1,8 миллионға жуық талдау жүргізілген. Осы күндері күніне 28 мыңға жуық тест алынады. Министрлік бұл көрсеткішті 35 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін үкімет 13,8 миллиард теңгеге қосымша 1,8 миллион тест сатып алмақ.

Аталмыш 56 зертхананың қатарына мемлекеттік және жекеменшік мекемелер кіреді. Тәуліктік қуаты бойынша көш басында Ұлттық экспертиза орталығы тұр. Орталықта күніне 11 мың тест алынады. Одан кейінгі орында “Олимп” (8403), “МПК” мобильді орталығы (2500), Invitro (600), Репродуктивті медицина облыстық орталығы (600) және Invivo (500).

“Олимп” зертханасы ПТР талдауын жүргізуді Алматы және Нұр-Cұлтан бойынша, Invitro зертханасы республика бойынша 22 маусымға дейін тоқтататынын хабарлаған.

Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавирусты жұқтыруына байланысты министрдің міндетін атқарып отыр.

14:54 19.6.2020

Еңбек вице-министрі Ерлан Әукенов те коронавирус жұқтырды

Қазақстан еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов коронавирус инфекциясын жұқтырғанын хабарлады.

“Бүгін менің тестім оң нәтиже көрсетті. Жағдайым “мәз” емес”. “Екі күн бойы вагондап жүк түсіргендеймін немесе бірнеше гектарға картоп еккендеймін”. Кімнің басынан өтті, сол түсінеді” деп жазды Әукенов Facebook-те.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.

Вице-министр жеке қорғаныстың ең қатал шараларын қабылдағанын, бірақ оның бар-жоғы вирус жұқтыруды кейінге шегеруге ғана жеткенін айтты. Шенеунік вирустың кімнен жұққанын білмеймін деді.

“Қашықтан жұмыс істеймін. Zoom (онлайн видео конференция қызметін ұсынатын платформа – ред.) жұмыс кабинетім секілді болып қалды” деп жазды ол.

Қазақстанда вирустың тарауы күшейіп, ауруға шалдыққандар қатарынан шенеуніктер жиі табылып жүр. Кеше елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев (президенттіктен кетсе де, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде биліктің бір тармағын қолында ұстап отыр) пен вице-премьер Ералы Тоғжановтың COVID-19 ауруын жұқтырғаны белгілі болған. Оның алдында коронавируспен ауырғандар қатарына ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли, Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин және депутаты Бекболат Тілеухан, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов секілді шенеуніктер қосылған.

Отыз алты жасқа таяған Әукенов қазіргі қызметіне 2019 жылды қыркүйекте тағайындалған. Оған дейін ол Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметтерін атқарған.

Тағы

XS
SM
MD
LG