Ақтөбе облысында пневмонияға шалдыққандар 6 есеге көбейген, дәрігерлер тапшы
Ақтөбе облысында жедел пневмония жұқтырғандар саны маусым айында алты есе көбейген.
«Жағдай қиындап кеткендіктен Ақтөбедегі 3 стационар базасынан пульмонология бөлімін жасақтап, кереует санын 446-ға дейін көбейтуге мәжбүр болдық» дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, маусым айы басталғалы 650 адамға жедел пневмония диагнозы қойылған.
- Ақтөбеде пневмонияны емдейтін дәрігер жетіспей жатыр. Өткен түні 10 дәрігердің жұмысын 4 адам атқарды. Үш стационардағы қиын ахуалды көріп, жұмыс істеуден бас тартып жатқан дәрігерлер де бар. Осыған орай емханалардағы жоспарлы жұмысты толығымен тоқтатып, ондағы мамандарды пульмонология бөлімдеріне тарту туралы бұйрық шығардым, - дейді Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова.
Соңғы үш тәулікте Ақтөбе облысында жедел пневмониядан 8 адам қаза болған. 22 адам хал үстінде жатыр. Пневмония жұқтырғандардың арасында медицина қызметкерлері де көп. Жағдайы күрт қиындаған 16 науқасты дәрігерлер жасанды тыныс алу аппаратына қосуға мәжбүр болған.
Жедел пневмонияны емдеу үшін жасақталған үш стационардың бірі Ақтөбедегі теміржол ауруханасында орналасқан. Жұма күні түс әлпетінде аурухана жанында туыстарының халіне алаңдап жылап-сықтап жүргендер өте көп болды. Төсек тартып қалған туысының жағдайын біле алмай жүргендер әкімдікке, денсаулық сақтау басқармасына хабарласу мүмкін емесін айтады.
Азаттық тілшісіне сұқбат берген қала тұрғыны Ержан Оңғарбайдың 67 жастағы әпкесі осыдан үш күн бұрын пневмониядан қайтыс болған. Марқұмның 36 жастағы баласы да пульмонология бөлімінде хал үстінде жатыр.
- Жиенімнің жағдайы ауыр. Дәрігерлермен сөйлесейін десем, таң атқалы жауап беретін бір адамға жолыға алмай тұрмын. Жағдайы менің жиенімнен гөрі тәуірлеу, сөйлей алатын науқастар дәрігер де, медбике де жетіспейді дейді. Бұлай болмайды ғой! Қиналып жатқан адамдарды дәрігерлер емдеуі керек емес пе? - дейді Ержан Оңғарбай.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, пневмониямен ауруханаға түскен пациенттерден COVID-19 табылмаған. Бірақ екі аурудың белгілері өте ұқсас. Бұрын-соңды мұндай жағдаймен кездеспеген дәрігерлер жаппай пневмонияның COVID-пен байланысы бар-жоғын айта алмай отыр.
19 маусым күнгі мәлімет бойынша, Ақтөбе облысында барлығы 853 адамнан коронавирус табылған: 588 адамда ауру белгілері бар, 265 адамнан COVID-19 белгісі байқалмаған. Ресми мәлімет бойынша, коронавирустан бір адам қайтыс болған. Бұған дейін Ақтөбе облысында коронавирус жұқтырған үш адамның қайтыс болғаны хабарланған. Бірақ кейінірек өлім-жітімді зерттеу комиссиясы олардың "коронавирустан қайтыс болмағанын" айтқан.
Оқи отырыңыз: Шалқарда COVID-19 жұқтырған адамның өлімі статистикаға енбеді
- Авторы: Манас ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ
"Тест жоқ!" Коронавирусты анықтайтын зертханалар неге жабық тұр?
Қазақстанның екі ірі қаласында COVID-19 инфекциясын анықтайтын кейбір зертханалар жұмысы уақытша тоқтады. Азаттық тілшісі Алматыдағы бірнеше зертханаға барып мұның себебін сұрап қайтты. Бірі "құрылғы істен шықты" десе, өзгесі "тест таусылғанын" айтады.
Қазақстанда бір күнде 1048 адамнан коронавирус табылды, 8 адам қайтыс болды
Өткен тәулікте Қазақстанда 1048 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде ауру белгілері бары – 428, симптомы жоғы – 620.
Бір күнде коронавирустан 272 адам жазылып, 8 адам қайтыс болды.
Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб 19 маусымда түнде Түркістан облысында - 1950 және 1958 жылғы әйел адамдар, 1962 жылғы ер адам, Шымкентте - 1962 жылғы әйел адам, Нұр-Сұлтанда - 1954, 1958 және 1952 жылғы әйел адамдар, 1950 жылғы ер адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 16 779 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. "Ауырғандар" мен "тасымалдаушыларды" қоса санағанда вирусты 25 008 адам жұқтырған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын “ауырғандар”, жоғын “тасымалдаушы” деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Үш ай ішінде 10 411 адам емделіп, 113 адам қайтыс болған.
18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен "инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған".
Қазақстанда соңғы кезде науқастар күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастаған. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық саласының өкілдері қаладағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеді. Елде коронавирус тестінен өту де қиын бола бастаған. Бұған дейін елдегі Олимп, Инвиво тәрізді орталықтардың жұмысы тоқтағаны хабарланған.
Зерттеу: Коронавирус Италияда былтыр желтоқсан айында болған
Былтыр желтоқсан айында Италияның Турин мен Милан қалаларында ағын судан алынған сынама үлгілерінен коронавирустың генетикалық бөлшектері табылған. Бұл туралы ұлттық денсаулық институты хабарлады.
Екі зертхана түрлі әдіс қолданып, зерттеу жүргізген, бірақ нәтижесі бір болып шыққан. Италияда коронавирус жұққан науқастар анықталмай тұрып, 18 желтоқсанда Турин мен Миланнан су үлгілері алынған. Италияда коронавирус жұққан алғашқы науқастар 2020 жылы 31 қаңтарда анықталды. Ең алғаш рет Римде жүрген екі қытай турисінен вирус табылды. Бір аптадан соң вирус ошағы Қытайдың Ухань қаласынан келген Италия азаматынан вирус табылды. Ақпан айының соңында коронавирус жылдам тарап, Ломбардия провинциясы Италиядағы "вирус ошағына" айналды.
Италия ғалымдарының айтуынша, қазан және қараша айларында ағын су үлгілерінде РНК SARS-CoV-2 болмаған.
Бірқатар елдердің ғалымдары вирус ошағын анықтау үшін ағын суды зерттеп жатыр. Олардың пікірінше, халықты жаппай қымбат тестен өткізбей-ақ суда РНК вирусының бар-жоғын тексеру арқылы вирус ошағын анықтауға болады.
Италиядағы ағын судан SARS-CoV-2 бөлшектерінің табылуы вирус Еуропаға әлдеқашан ертерек келгенін дәлелдей түседі.
Мамыр айының басында француз дәрігерлері былтыр желтоқсан айында пневмонияға шалдыққан науқастардың қан үлгілерін екі рет зерттеп, COVID-19 ауырған бір науқас барын анықтаған. Ол адамның аты-жөні аталмайды, алайда ақпарат бойынша, науқас Франция аумағынан шықпаған және ешқашан Қытайда болмаған.