Accessibility links

Қауіпсіз аумақ бейбіт халыққа қорған бола ала ма?


Сребреницада 1995 жылы қырғынға ұшыраған босниялық мұсылмандар жерленген зиратта отырған әйел. Потокари, Босния мен Герцеговина, 11 шілде 2015 жыл.
Сребреницада 1995 жылы қырғынға ұшыраған босниялық мұсылмандар жерленген зиратта отырған әйел. Потокари, Босния мен Герцеговина, 11 шілде 2015 жыл.

Әлемнің және аймақтың державалары соғыстан зәрезап болған Сирия халқына арнап қауіпсіз аумақтар құру жайын қарастырып жатыр. Алайда, кей мамандар мұндай бастамалардан нәтиже шамалы болады деп санайды.

Астанада Сирия жанжалын бейбіт реттеу жөнінде келіссөзде Ресей делегациясын басқарған Александр Лаврентьев Сирияда құрылатын бейбіт тұрғындарға арналған қауіпсіз аумақтарға АҚШ пен коалиция авиациясы кіргізілмейді деп мәлімдеген. Бұл туралы мамырдың 5-і күні ТАСС агенттігі хабарлады. "Коалиция авиациясы "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы нысандары бойынша ғана әрекет ете алады. Авиация осы топ күштері топтасқан Ракка маңында, басқа елді мекендерде, Евфрат, Дейр әл-Зор аудандарында орналасады. Қазір коалиция авиациясының қауіпсіз аумақтардағы іс-қимылы тоқтатылды" деген Лаврентьев.

Тарих сабағына көз салар болсақ, қазір АҚШ, Ресей, Түркия және Сирия басшылығы құрмақ болып жатқан қауіпсіз аумақтар соғыстан жапа шегіп отырған жүздеген мың сириялықтың азабын жеңілдете алары күмәнді көрінеді.

Оқыңыз: Сирияда қауіпсіз аумақ құруға келісті

Әлемнің түкпір-түкпіріндегі саясаткерлер бейбіт тұрғындарды қатерден қорғап, оларға гуманитарлық көмек жеткізуге болатын қауіпсіз аумақтарын құрып, сол арқылы кикілжіңді бейбіт бағытқа бұрудың жолдарын көптен бері іздеп келеді. Бұл теория жүзінде жақсы көрінгенімен, іс жүзінде оны жүзеге асыру өте қиын шаруа. Мәселен, Босния, Оңтүстік Судан, Руанда және Иракта соғысқа қатысы жоқ бейбіт тұрғындарды қорғау мақсатында құрылған қауіпсіз аумақтар оларға қорған бола алмағаны көпшілікке белгілі.

Босния оқиғасы – соның айқын мысалы. 1993 жылы Югославияның бөлінуі қантөгіске ұласқанда, БҰҰ Боснияда бейбіт тұрғындарға арнап алты қауіпсіз аумақ құрған. Адамның көптігіне, әскери тұрғыдан қорғалмағанына қарап, сыншылар бұл аумақтарды "босқындарға арналған түрмелер" деп атаған. Алты қауіпсіз аумақтың барлығына шабуылдар жасалды, Сребреница мен Зепа мүлде талқандалды.

Ратко Младич басқарған қарулы әскер БҰҰ бітімгершілік күші бақылауындағы аймаққа басып кіргеннен кейін Сребриница көшесінде жүрген босниялық серб жасағы. 16 шілде 1995 жылы түсірілген сурет.
Ратко Младич басқарған қарулы әскер БҰҰ бітімгершілік күші бақылауындағы аймаққа басып кіргеннен кейін Сребриница көшесінде жүрген босниялық серб жасағы. 16 шілде 1995 жылы түсірілген сурет.

1995 жылы БҰҰ мандаты бар жеңіл қаруланған Нидерландтың 400 сарбазы Сребреницада сегіз мың босниялық мұсылманды қырғынға ұшыратып, халықты тонап, әйелдер мен қыздарды зорлаған босниялық серб жасағын тоқтата алмады. Бас-аяғы бір аптаның ішінде қауіпсіздік аумақ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ауыр қасірет алаңына айналған еді.

- Бұл қауіпсіз аумақтардың тарихы ауыр болды. Адамдарды осылай бір жерге жинағанда олардың басы қатерге тігіледі, олар нысанаға айналады, - дейді БҰҰ-ның Human Rights Watch ұйымының директоры Луис Шарбоне.

СИРИЯ ҚАУІПСІЗ АУМАҚТАРЫ

Ресейдің ұсынуымен мамырдың 4-інде Мәскеу, Анкара және Тегеран қол қойған меморандумға сәйкес, Сирияның солтүстік-батысындағы жасақтардың құрсауында тұрған Идлиб өңірінде, орталықтағы Хомс аймағында, оңтүстікте және Дамаск маңындағы оппозиция анклавы Гоутада қауіпсіз аумақтар құру көзделген. Бұл жерлерде атыс тоқтатылып, босқындардың осы анклавтарға кіруіне мүмкіндік беріледі. Сонымен бірге, жылдар бойы соғыстан жапа шегіп келе жатқан жұртқа гуманитарлық көмек жеткізуге де жол ашылады.

ВИДЕО: Сирия оппозициясының қарсылығы

Сирия оппозициясының қарсылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Қауіпсіз аумақтар қорғауға алынып, өткізу пункттері орнатылады, онда үкімет әскері мен жасақтардан қарауыл тұрғызылады. Бақылаушы ретінде шетелдік әскер де кіруі мүмкін.

"Бұл аумақтарды құрып, қалыпты жағдайда ұстап тұруға кететін шығынды кім өтейді, олар қалай бақыланады - сол жағы пысықталып жатыр" деді Сочиде Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуден кейін Ресей президенті Владимир Путин.

"Нью-Йорк Таймс" газетінің жазуынша, Ресей мен АҚШ президенттері 2 мамырда телефонмен әңгіме кезінде Сирияда қауіпсіз аумақ құру идеясын талқылаған. Бірақ екі жақтың бұл мәселеге қатысты көзқарасы әркелкі болған.

ҚАУІПСІЗ АУМАҚ МӘРТЕБЕСІ

"Халықаралық құқықта "қауіпсіз аумақ" деген термин қолданылмайды. Дегенмен, халықаралық гуманитарлық құқықта "бейбіт адамдар мен жаралыларға арналған бейтарап аумақ", "қорғалмаған жер", "демилитаризацияланған аймақ" деген түсініктер бар" дейді халықаралық Қызыл крест комитетінің АҚШ пен Канададағы делегациясы басшысының орынбасары Тревор Кек.

Мұндай аумақтарды барлық соғысушы тараптар мойындауы керек. Кей аумақтар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімімен құрылады. Қауіпсіздік аумақтары демилитаризацияланатындықтан, олар халықаралық гуманитарлық құқықтың қорғауында болады.

Сириялық оппозиция өкілдері Ахмед Бери (оң жақта) және Ахмед Осман. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.
Сириялық оппозиция өкілдері Ахмед Бери (оң жақта) және Ахмед Осман. Астана, 4 мамыр 2017 жыл.

Бірақ егер оларды әскери жолмен қорғаса, онда әлгіндей аумақтың ішінде әскерилердің болуы біршама қауіпті. Мәселен, Сирия қауіпсіз аумақтары туралы келіссөздер жанжалға қатысы бар тараптардың барлығын қатыстыруды көздеп отырған жоқ. Қауіпсіз аумағы жақсы қорғалмаса, ол Сребреницадағы тәрізді ажал қақпанына айналуы мүмкін.

- Ең қиыны – жанжалға қатысы бар барлық тараптардың кепілдігінсіз, әрі мықты қорғаныссыз құрылған қауіпсіз аумақтар аса ауыр гуманитарлық апатқа алып келуі мүмкін, - дейді Тревор Кек.

"ҚАТАҢ ЕРЕЖЕЛЕР ҚАЖЕТ"

Жанжалға қатысушы тараптар халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын өрескел бұзып жатқан Сирияда қауіпсіз аумақтарына қатысты қатаң ережелер қабылдануы тиіс дейді сарапшылар. Мұндай қатаң ережелер болмайынша, оларды қорғайтын бітімгер күштер қасіретті бақылап қана тұратын дәрменсіз адамдарға айналады.

Жанжалға қатысы бар тараптардың кепілдігінсіз, әрі мықты қорғаныссыз құрылған қауіпсіз аумақтары аса ауыр гуманитарлық апатқа алып келуі мүмкін.
Тревор Кек, халықаралық Қызыл крест комитеті өкілі

"Сирияда соғысып жатқан тараптар химиялық қару қолданып, жедел жәрдем көліктері мен құтқарушыларды, журналистерді өлтіріп жатқанда қауіпсіз аумақтарды қорғаушыларға ерекше мандат беру өте маңызды" дейді Вашингтон институтының сарапшылары генерал-лейтенант Джон Барнетт пен Майкл Эйзенштадт. Қауіпсіз аумақтарды жерден және әуеден шабуылдай алатын, мықты қаруланған топ қорғауы керек.

"Қауіпсіз аумақтарды қорғайтын күштердің мұндай операцияларды жүргізетін нақты құзыреті болуы тиіс" дейді Барнетт мен Эйзенштадт Вашингтон институтының басылымына жазған мақаласында.

ӨЗГЕ ҚАУІП-ҚАТЕРЛЕР

Сирияда қауіпсіз аумақтардың құрылуы бұл жанжалға Американың көбірек араласуына, сөйтіп жағдайдың одан әрі ушығуына алып келуі мүмкін. Дұрыс қаруланбаған АҚШ сарбаздарын жиһадшылар көбірек нысанаға ала бастауы ықтимал. Сирия жерінде алты жыл бойы жалғасып жатқан соғыс кесірінен шамамен 400 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам босып кеткен. Босқындар тек Таяу Шығыс елдеріне емес, Еуропаға және басқа аймақтарға ағылды.

Босқындар нөпірі басып қалған көп елде оларға қарсы наразылық туды. Адам құқықтарын қорғаушы кей мамандардың айтуынша, қауіпсіз аумақтар құру бастамасы босқындарға болысу емес, олардың сыртқа ағылуына жол бермеу мақсатын көздеп отыруы мүмкін.

"Қауіпсіз аумаққа кіріп-шығу ережелері толық анықталмағандықтан олардың "концентрациялық лагерге айналып кетпеуін" қадағалау қиын болады" дейді Human Rights Watch директоры Луис Шарбоне.

XS
SM
MD
LG