Accessibility links

Чехиядағы курорт қала – Карловы Вары «орыстар анклавы» аталып кеткен. Ресейдің түрлі шенеуніктері осы қаладан үй алып қойған. Мұндағы жылжымайтын мүлік иелерін зерттегендер Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарын да атайды.

«Муниципальный сканер» деп аталатын жоба авторларының зерттеуі бойынша, Карловы Варыдағы жылжымайтын мүліктің жартысын бұрынғы СССР азаматтары сатып алған. Ресейден Литваға көшіп кеткен азаматтық белсенді Михаил Магловтың айтуынша, чех құқық қорғау органдары курортты қалаға ақша салып жатқандардың қайдан, қалай келгенін тексеруі керек:

- Чехияға неге назар аудардыңыздар? Бұл елде жылжымайтын мүлік иелері туралы мәліметтерді алу оңай ма?

- Чехияда реестрлерді көру оңай. Кадастрлық, сауда реестрлері ашық тұрады. Сауда реестріне кірсеңіз, заңды тұлғаға қатысты құжаттардың бәрін көруге болады. Әдетте онда қаржылық есептер, құрылтай құжаттары, жарғылар, мәртебелерінің өзгеруі туралы құжаттар, сенімхат – бәрі болады, осылардың бәрі сканерленіп, сайтқа жарияланады.

- Карловы Варыдағы жылжымайтын мүліктің бәрін қалай тексердіңіздер? Онда мыңдаған нысан бар емес пе?

- Жай ғана Google қолдандық. Бұл қалада Google «білетін» барлық 8-10 мың мекенжайды көшіріп алдық.

- Сонымен не таптыңыздар?

- «Карловы Варыда бәрін орыстар сатып алған» деген сөзге назар аудардық. «Шынымен тек орыстар ма? Шынымен барлығын сатып алған ба?» деген сұрақтар қызық болды. Бізді ең алдымен шенеуніктер, депутаттар, билікпен тікелей байланысы болған бизнесмендер (себебі олар мемлекеттік келісім-шарттарды оңай жеңіп алып жатады) сияқты саясатқа қатысы бар адамдар қызықтырды. Әдетте олар өз елдерінде басқа көзқарас айтқанымен, болашағы мен қаражатын басқа елдермен байланыстырады.

Карловы Вары қаласындағы Лютцов вилласы. Сурет қаланың ресми туристік сайтынан алынды.
Карловы Вары қаласындағы Лютцов вилласы. Сурет қаланың ресми туристік сайтынан алынды.

- Сонымен, Карловы Варыдағы жылжымайтын мүліктің қаншасы ресейліктерге тиесілі екен? Олар кімдер?

- Біз тек айсбергтің ұшын ғана таптық десек болады. Реестрді толық зерттеген соң чехтер мен басқа елдердің азаматтарын тізімнен алып тастадық. Тек бұрынғы СССР республикаларынан шыққандармен ғана жұмыс істедік. Карловы Вары картасынан 100-150 нысан шықты. Зерттеу барысында Чехияның басқа қалаларындағы мүлікпен байланыстар анықтала бастады, сондықтан картада тек Карловы Вары ғана тұрған жоқ. Кімдерді таптық дегенге келсек, олардың арасында ол жаққа 90 жылдары-ақ барып орнығып алған саясаткерлер, билікпен байланысы бар бизнесмендер бар. Мұны олардың компанияларынан, жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы келісім-шарттарынан білуге болады.

- Чехияның Карловы Вары қаласындағы жылжымайтын мүлік иелерінің арасында қылмыстық істерге қатысы бар, тіпті халықаралық іздеу жарияланған ресейліктер бар екен. Солар туралы айтып берсеңіз?

- Мұндай екі оқиғаны таптық. Бірі – Абесалом Гулордава деген азамат туралы. Ол туралы мәлімет өте аз, тіпті оның суретін біз «Россия-24» телеарнасындағы сюжеттен алдық. Бұл – Мәскеу мэриясының жылжымайтын мүліктерді жөндеуден өткізу туралы келісім-шарттарына қатысы бар, 2010 жылы қозғалған ескі қылмыстық іс. Ақпарат құралдарындағы мәліметтерге қарағанда бұл адамға халықаралық іздеу салынған. Ал екінші оқиға Мәскеу қаласы мен облысының сот департаментіне аудармашылар қызметін ұсынуға тиіс болған компания жайлы іс. Бұл іс туралы өте көп жазылды.

- Чехтардың реестрлерінен мүліктердің иелері саналатын жеке тұлғаларды ғана көруге бола ма, әлде фирмалар туралы да мәлімет бар ма?

- Заңды тұлғаларды да көруге болады. Онда жылжымайтын мүлікке заңды тұлға арқылы иелік ететін адамдар өте көп. Мәселен, Санкт-Петербург губернаторы аппаратының басшысы Давид Адамияның оқиғасын алайық. Карловы Варыда оның екі пәтері бар, бұл – 1999 және 2000 жылдары сатып алынған отбасы мүлкі. Бірақ олардың меншік иелері – заңды тұлғалар.

- Сонымен, Карловы Вары қаласын қаншалық «орыс қаласы» дей аламыз?

- Біздің қолымызда бар 8 мың үй-жай ондағы жылжымайтын мүліктің барлығын қамтиды деп есептесек, онда бұрынғы Совет Одағынан шыққандарға үйлердің 50 пайызы тиесілі. Негізінен олар - қаланың туристік орталығында орналасқан ең қымбат үйлер. Соның ішінде барлық нысандардың 40 пайызы ресейліктерге тиесілі.

- Бұрынғы КСРО елдерінің ішінен тағы кімдер бар?

- Саяси қайраткерлердің ішінен Ресей консулдығының қасындағы ең қымбат кварталда орналасқан вилланы айтуға болады, ол Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарының атына жазылған. Жарияланған ақпараттарға қарасақ, ол өзі де сонда жиі барып демалып тұрады, тіпті «қызғылт-сары» төңкерістен кейін Украинаның экс-президенті Кучманы да сонда демалуға шақырған. Вилла «Алхан» деп аталады. Ол Назарбаевтың немере келінінің әкесінің атына жазылған.

Қырғызстанның экс-премьері де бар (пәтер әйелінің атына жазылған), ол қазір саяси партия жетекшісі, ал әйелі – партия функционері. Украинаның Жоғарғы Радасы депутаттары өте көп, әсіресе «Аймақтар» партиясының өкілдері. Олардың көбі шамамен үйді 2012-13 жылдары, екінші революцияға дейін-ақ сатып алған. Күлкілі адамдар да бар. Мәселен, бір үй МММ-2013 қаржы пирамидасын қызу қолдаған белсенділердің біріне тиесілі, ол жиған ақшасын Карловы Варыдағы жылжымайтын мүлікке салған.

- Бұл оқиға чехтарға несімен қызық болуы мүмкін?

- Себебі, бұларда үлкен проблемалар бар. Олар экономикаға кімнің ақшасын кіргізіп жатқанына, кімнің инвестиция салып, кімдердің елге келіп жатқанына бас қатыра бермейді. Өз елінде жемқорлықпен айналысқан болса, онда ол адам үй алған соң Чехияны да жемқорлыққа батырады. Олар әкелген қаржының көбі ұрланған ақша саналатындықтан, бұл «заңсыз баю» деген бапқа жатады. Меніңше, бұл – Чехияның мәселесі, себебі жемқорлық арқылы келген ақшаны елге кіргізу дұрыс емес.

«Қоңды» жылдар артта қалып, қиын заман туғанда ресейліктер Карловы Варыдағы мүлкін сатып құтылғысы келеді, бірақ тым арзанға бергілері жоқ.

Оның үстіне қазір «Карловарск» құлдырау кезеңінде тұр, бұған ресейлік туристер мен инвесторлардың кетуі себеп болған. Бұл құлдырау Ресейде экономикалық жағдай нашарлап, рубль бағамы төмендеген кезде, осыдан екі жыл бұрын басталған. Чехтардың Development News журналының жазуына қарағанда, Ресей мен постсоветтік елдерден келген бай клиенттер мұнда бұрын-соңды болмаған қымбат бағаға үй алып, Карловы Варыдағы жылжымайтын мүлік нарығын «қыздырып» жіберген. «Қоңды» жылдар артта қалып, қиын заман туғанда ресейліктер Карловы Варыдағы мүлкін сатып құтылғысы келеді, бірақ тым арзанға бергілері жоқ.

Карловы Варыдағы бір риэлтордың айтуынша, былтыр ресейлік бір бай 6 бөлмелі апартаментін 850 мың еуроға бағалап, ақыр соңында 300 мыңға өткізген. Жергілікті нарықта бұрынғы СССР-дан шыққандарға арнап салынған жаңа пәтерлер өте көп. Оларды алып жатқандар жоқтың қасы.

Ярослав Шимов пен Марк Крутовтың мақаласы орыс тілінен қысқартылып аударылды.

XS
SM
MD
LG