Accessibility links

АҚШ Дания және Гренландия өкілдерімен аралдың болашағын талқыламақ


Копенгагендегі Гренландияны қолдау акциясы.
Копенгагендегі Гренландияны қолдау акциясы.

АҚШ алдағы апталарда Дания және Гренландия өкілдерімен Гренландия аралының болашағын талқылайды. Келіссөз 21 қаңтарда Давоста АҚШ президенті Дональд Трамп пен НАТО бас хатшысы Марк Рютте арасындағы кездесуде талқыланған ұсыныстарға негізделген.

Сол кездесуден кейін, Гренландияны АҚШ-қа беруді талап еткен Трамптың сөзінен кейін бірнеше сағат өткен соң, АҚШ басшысы НАТО бас хатшысымен Гренландия бойынша «келісімінің» принциптерін келіскенін хабарлады. Ол сонымен бірге Гренландияны АҚШ-қа беруге қарсы болған елдерге салық салу ойынан да айнып қалды.

Азаттықтың Еуропа дипломаттары мен НАТО аппаратындағы дереккөзінің хабарлауынша, Трамп пен Рютте арасында Гренландияда АҚШ-тың әскери базасын құру мәселесі талқыланбаған. Дания өкілдері аралдың егемендігіне қатысы жоқ сұрақтарды талқылауға дайын екенін айтқан. Мәселе атап айтқанда, АҚШ-тың аралдағы әскеріне қатысты келісімді өзгерту жөнінде болып отыр. Бұл Вашингтонға болашақта Гренландияға көбірек әскер жіберуге мүмкіндік береді.

Ақпаратқа қарағанда, Дания Гренландияда АҚШ-тың ракетаға қарсы қорғаныс жүйесі элементтерін орналастыруға қарсы емес. Бұған қоса, АҚШ Гренландияға келетін шетел инвестициясын мақұлдау құқығына ие болуы мүмкін, осылайша ол Қытай немесе Ресейге қатысы бар инвесторларға кедергі жасамақ. Сонымен бірге Гренландияда пайдалы қазбаны игеруде АҚШ-қа ерекше мәртебе беру мәселесі де талқыланып жатыр.

Politico-ның жазуынша, Трамптың Гренландияға бақылау орнатуға тырысуы және ізінше салық саламын деп сес көрсетуінен кейін көптеген еуропалық басшылардың "шыдамы шегіне" жеткен. АҚШ-пен қатынас бейсенбі күні өткен ЕО елдерінің бейресми саммитінің тақырыбына да айналған. Басылымның жазуынша, ел басшылары Еуропа мен АҚШ арасындағы қатынастың табиғаты өзгергенін және ЕО елдері өз стратегиялық автономиясын қамтамасыз етуі үшін практикалық қадамдар жасауы керек деген қорытындыға келген.

XS
SM
MD
LG