Accessibility links

Қашқын тәжік полковнигінің ауылындағы ауыр тыныштық


Гулмурод Халимов.
Гулмурод Халимов.

Тәжікстан билігі ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі әрі бірқатар елде тыйым салынған "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы әскерін басқарған Гулмурод Халимовтың туыстарының қаза тапқанын әзірше ресми түрде растаған жоқ. Бірақ ол туып-өскен Дараи Фони ауылы тұрғындарының көбі бірнеше күннен бері аза тұтып отыр.

Тәжікстанның Варзоб ауданы Дараи Фони ауылындағы кей үйлерде жоқтау айтып жылаған дауыстар естіледі, тұрғындардың көбі қаралы киім киінген деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі. Шілденің 5-іне қараған түні Восей ауданындағы Ибрати ауылы жанында жүргізілген арнайы операция кезінде ОМОН жасағының бұрынғы командирінің бауырлары Султонмурод Халимов пен Фозил Халимов, жиені Афзал Абдурашидов пен алыс туысы Наим Рахмонов оққа ұшқан. Тағы үшеуі - Әли Халимов (Султонмурод Халимовтың баласы), Комил Халимов және Назир Халимов тұтқындалған.

Дараи Фони ауылы тұрғындарының сөзінше, қаза тапқандардың Наим Рахмоновтан өзгелері аталас туыс болып келеді. Наимның әкесі Муродали Рахмонов Восей ауданында қарулы қақтығыс болғанын естіген, бірақ баласының өлі не тірі екенін әзірше білмейді.

Дараи Фони ауылындағы Наим Рахмоновтың үйі. Тәжікстан, 8 шілде 2017 жыл.
Дараи Фони ауылындағы Наим Рахмоновтың үйі. Тәжікстан, 8 шілде 2017 жыл.

"Бес күннен бері өзімді қоярға жер таппай жүрмін, ұлымның қайда екенін де, оған не болғанын да білмеймін. Бір күні түнде милиция қызметкерлері келіп, үйді тінтті. Ал таңертең өзгелері келіп тағы тінту жүргізіп, төлқұжаттарымыздың нөмірлерін жазып алды. Варзоб ГЭС-інде еңбек етіп келген, әні-міне жаңа қызметке тағайындалады деп отырған ұлдарымның бірін жұмыстан шығарып жіберді", - дейді ол.

Саидмурод Халимов.
Саидмурод Халимов.

Әзірше Халимовтар отбасы мүшелерінің біреуі ғана күдікке ілінбеген – Саидмурод Халимов Тәжікстан әділет министрлігіне қарасты жазаны орындау басқармасында жұмыс істейді. Басқарма басшылары оған толық сенетінін мәлімдеген.

Бұған дейін Тәжікстанның құқық органдарындағы дереккөз Азаттықтың Тәжік қызметіне Гулмурод Халимовтың туыстары Чубек ауылы тұсынан тәжік-ауған шекарасын кесіп өтуді жоспарлаған деп хабарлаған. Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының экс-командирінің бауырлары мен туыстарын Пяндж өзенінің арғы бетінде "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобының содырлары күтіп тұрған дейді ол.

Азаттық дереккөзінің сөзінше, Халимовтардың көршісі әрі алыс ағайыны болып келетін Наим Рахмонов ИМ тобының Ауғанстандағы содырларының бірімен үнемі байланыста болған, Гулмурод Халимовтың бауырлары жасырын бақылауда болғандықтан ИМ тобымен келіссөз жүргізу міндеті соған жүктелген.

Шілденің 4-і күні түстен кейін ағайынды Халимовтар екі көлікпен Хамадони ауданына қарай кетіп бара жатыр деген хабар тараған. Оларды іздеу операциясына Душанбе қаласы ішкі істер департаменті қызметкерлері қосылған.

Азаттықтың Тәжік қызметінің тағы бір дереккөзінің хабарлауынша, ағайынды Халимовтар тәуекел етпей, Ходжа Мумин тұзды тауы түбінен өтетін әрі адам сирек жүретін жолмен шекараға жақын Чубек ауылына жетуді ұйғарған. Бірақ Восей ауданындағы Ибрати ауылына жақын маңда милиция қызметкерлері олардың жолын тосып тұрған.

Гулмурод Халимовтың Тәжікстан ішкі істер министрлігі жасағында қызмет атқарған кездегі суреті.
Гулмурод Халимовтың Тәжікстан ішкі істер министрлігі жасағында қызмет атқарған кездегі суреті.

Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылғы сәуірде жоғалып кетіп, мамырдың соңында Сирияда жүргені туралы мәлімдеме таратқан. Кейін тараған видеоүндеуінде Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының (ОМОН) бұрынғы командирі "ІІМ діни еркіндігімді шектеді, мысалы, намаз оқуға тыйым салды, сондықтан "Ислам мемлекеті" тобына қосылуды ұйғардым" деп мәлімдеген.

Тәжікстан билігі қашқын полковникке "Отанына опасыздық жасады" деген айып таққан. Тәжікстан бас прокуратурасы дерегінше, Гулмурод Халимовтың үстінен қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Душанбе ОМОН-ның экс-командиріне интерпол арқылы іздеу жариялаған.

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобына жақын сайт жариялаған видеодағы Гулмурод Халимовтың бейнесі.
"Ислам мемлекеті" экстремистік тобына жақын сайт жариялаған видеодағы Гулмурод Халимовтың бейнесі.

Былтыр жазда АҚШ ИМ тобына әскери министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған Гулмурод Халимовтың қай жерде екенін анықтауға көмектесетін ақпарат үшін 3 миллион доллар сыйақы берілетінін жариялаған болатын.

Сәуірдің 15-і күні Ұлыбританияның "Таймс" журналы Мосулдың батысындағы әуе шабуылы кезінде ИМ тобы әскери министрі міндетін атқарушы Гулмурод Халимовтың көзі жойылды деп хабарлаған. Ирактағы әскери дереккөз басылымға Халимов бірнеше ай ішінде үш мәрте әуе шабуылына тап болды деп хабарлаған. "Гулмурод Халимов Мосулдағы "жихадшыларды қалқалауға және халықаралық коалицияға қарсы бағытталған автомобильдерді жаруды ұйымдастыруға жауапты болған" дейді дереккөз.

Тәжікстан билігі қашқын полковниктің өліміне қатысты ақпарат әзірше расталған жоқ деп мәлімдеді.

Гулмурод Халимов 1975 жылы Варзоб ауданындағы Дараи Фони ауылында дүниеге келген. Ол Тәжікстанда азамат соғысы болған жылдары президент гвардиясында қызмет атқарған. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің жоғарғы академиясын тәмамдап, Ресей мен АҚШ-та арнайы жаттығу курстарынан өткеннен кейін Тәжікстан ІІМ арнайы жасағының (ОМОН) командирі қызметіне дейін көтерліген. Полковник Халимов Хорог ауданында және Рашт алқабында заңсыз қарулы топтарға қарсы арнайы операцияларға қатысқаны үшін үкімет наградаларымен марапатталған.

(Мумин Ахмади және Муллораджаб Юсуфзоданың мақаласын аударған Айжан Оралғазина.)

XS
SM
MD
LG