Тәуелсіз сөзді тұншықтырып, өз медиакеңістігін "тазартумен" айналысып жатқан мемлекет ресейлік пропагандаға есігін айқара ашып отыр деп санайды қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев. Азаттық Азия сайтына берген сұхбатында зерттеуші Мәскеудің Орталық Азия елдерінің ақпарат кеңістігіне өз сарынын тықпалап, қоғам пікіріне ықпал ету үшін қандай әдіс-тәсілдер қолданатынын талдап, оған қарсы тұруға бола ма деген сауал төңірегінде ой бөлісті.
Серік Бейсембаев – әлеуметтанушы, PaperLab зерттеу орталығының директоры, Qogammetrika телеграм-арнасының авторы. Ол әріптестерімен бірге ресейлік пропаганданың Орталық Азия елдері халқына әсері туралы зерттеулер жүргізген.
Азаттық Азия: Әлеуметтану тұрғысынан пропаганда дегеніміз не?
Серік Бейсембаев: Бұл – белгілі бір пікірді, өмірлік көзқарасты, түрлі оқиғаларға деген қатынасты таңу мақсатында адамдардың көзқарасы мен ұстанымына жүйелі түрде ықпал ету. Ол негізінен медиа және басқа да құралдар арқылы жүргізіледі. Пропаганданың міндеті – қоғамдық пікірді басқару және оған манипуляция жасау.
Азаттық Азия: Ресей пропагандасының ерекшелігі неде?
Серік Бейсембаев: Оның басты ерекшелігі – ауқымдылығында. Яғни түрлі арналарды пайдалана отырып, ақпарат кеңістігін өз нарративтерімен толтыруға тырысады. Олар қоғамда бар үрей-қорқынышты өз мақсатына пайдаланады, қоғамның ең жанды жеріне – тіл мәселесіне, бірегейлік пен тарихқа қатысты түйткілдерге әсер етеді.
Кейінгі жылдары пропаганда өте агрессивті әрі жан-жақты сипат алды деуге болады. Украинадағы соғыс басталғалы бері Орталық Азияға, соның ішінде Қазақстанға ресейлік медиаресурстардың назары артқанын байқап отырмыз. Түрлі telegram-арналарда қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Кейінгі жылдары Ресей телевизиясы да біздің аудиторияны қамту және оған ықпал ету тұрғысынан өте белсенді болып отыр.
"Ресей ескі жараның аузын қалай тырнауды біледі"
Азаттық Азия: Сіздің байқауыңызша, Қазақстанда ресейлік пропаганда қандай арналар арқылы таралады?
Серік Бейсембаев: Бұрын негізгі арна телевидение еді, қазір бірінші орынға әлеуметтік медиа шықты. Дәл осы желілер пропагандаға белсенді пайдаланылады. Оған қоса, Ресей режиміне тиімді нарративтер қоғам қайраткерлері, түрлі ұйымдар, блогерлер, бәлкім, әртүрлі сарапшылар арқылы да таратылуы мүмкін. Менің ойымша, бұл іске барлық құралдар мен арналар жұмылдырылған.
Азаттық Азия: Сіздің пікіріңізше, ресейлік пропаганданы қабылдауға халықтың қай топтары анағұрлым бейім және неліктен?
Серік Бейсембаев: Demoscope жобасы аясында жүргізілген сауалнамалар қорытындысы пропагандаға ең осал топ – 60 жастан асқан азаматтар мен орыстілді аудитория екенін көрсетіп отыр. Украинадағы соғысқа байланысты ой-пікірде аға буын мен жастар, сондай-ақ орыстілділер мен қазақша сөйлейтіндер арасында айқын жіктелу барын көріп отырмыз.
Адамның жасы неғұрлым үлкен болса, Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қатысты нарративтерді қолдауы соғұрлым жоғары екені байқалады. Және керісінше, жастар арасында және қазақша сөйлейтін ортада бұл ықпал әлдеқайда әлсіз. Демек, негізгі ерекшелік – тіліне және жасына байланысты болып отыр.
Азаттық Азия: Ресей пропагандасы қоғам пікіріне нақты қалай әсер етеді? Ол ой-көзқарасты өзгерте ме, әлде бұрыннан қалыптасқан нарративтерді күшейте түсе ме?
Серік Бейсембаев: Біз бұл мәселені Украинадағы соғысты қабылдау аясында зерттеп, сауалнамалар жүргіздік, фокус-топтардың деректерін пайдаландық. Ресейдің Совет одағына деген ностальгияны – яғни, бір кездері күллі әлемге, Батыс елдеріне қарсы тұрған қуатты державаның бір бөлігі болғанымыз туралы идеяларды барынша пайдаланатынын көріп отырмыз. Азаматтардың белгілі бір санаты әлі күнге дейін соны маңызды санайды, ал Ресей осы ескі жараның аузын қалай тырнау керегін біледі.
Адамдар "Ресейді қолдаймын" дегенде, көбіне орыстілді әлемнің, постсоветтік кеңістіктің бір бөлігін меңзейді және өзін көбірек сол ортамен байланыстырады. Бұл жерде "қалыптан шықпай" ойлау жүйесі басым.
Ресей Украинаға басқыншылығын ақтауға тырысқанда, "фашистермен", Батыспен соғыс туралы нарративтерге сүйенеді және өзін совет заманында негізгі идеологема болған сол бір күресті жалғастырушы ретінде көрсеткісі келеді. Ресейлік пропаганда қоғамдағы түрлі қауіп-қатерге байланысты үрей-қорқыныштарды да өз мақсатына қатты пайдаланады. Мәселен, Қазақстандағы орыстілді тұрғындарға тіл саясаты мәселесі – өзекті тақырып. Сырттан таңылған үрей-қорқыныштар бар, ал Ресей өзін тілге немесе ұлтқа байланысты кемсітуден қорғайтын күш етіп көрсету арқылы өз нарративтерін тықпалауға тырысады.
Қазақстан мен Орталық Азияның өзге елдері Украинадағы соғысты қалай қабылдайды?
Азаттық Азия: 2024 жылы "Орталық Азиядағы қоғамның Ресей-Украина соғысын қабылдауы" атты зерттеу жарияланды, оны дайындауға өзіңіз де қатыстыңыз. Осы зерттеудің қандай негізгі қорытындыларын ерекше атар едіңіз, сізді не таңғалдырды?
Серік Бейсембаев: Біз негізінен үш елдің – Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның деректерін алдық. Әріптестеріміз жүргізген сауалнамалар мен басқа да барометрлердің нәтижелерін пайдаландық. Мақсат – соғысты қабылдау тұрғысынан біздің елдеріміздің қалай және несімен ерекшеленетінін көру болды.
Таңғалдырғаны – Қазақстанда бұл соғыста Ресейден гөрі Украинаны жақтайтындар әлдеқайда көп екендігі. Ал Қырғызстан мен Өзбекстан аудиториясы ресейлік пропагандаға көбірек бой алдырған болып шықты – онда ресейлік нарративтерді қолдау, соғысты ақтау басымырақ. Бізде мұның себебі неде, немен байланысты деген сұраққа нақты жауап болған жоқ. Түрлі болжамдар айтылды. Негізгісі – Қырғызстан мен Өзбекстанның экономикалық тәуелділігімен және [еңбек] миграциясымен байланысты. Анықталған тағы бір маңызды фактор – медиакеңістік ақпараты.
Қазақстандағы адамдардан қандай ақпарат көздерін пайдаланатынын сұрағанымызда, мұндағы медиакеңістіктің әлдеқайда әралуан екені, тәуелсіз ақпарат көздері мен тәуелсіз контентті пайдалану әлдеқайда жоғары екені байқалды. Бұлар – балама көзқарас тарататын түрлі қоғам қайраткерлері, блогерлер, сарапшылар. Солардан алынған балама хабарларды саралап, ой қорытатын адамдар Ресейден ағылған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалай алады.
Азаттық Азия: Зерттеуге сәйкес, Қазақстан тұрғындары арасында "Біз шындықты білмейміз және ешкімге сенбеу керек" деген ұстаным бар. Сонымен бірге, сіздер сауал қойған респонденттердің бір бөлігі ресейлік медианы Батыстың ақпарат құралдарына қарағанда сенімдірек әрі объективті деп атаған. Мұны қалай түсіндіресіз? Ақпарат көздеріне сенбеуді сындарлы ойлаудың белгісі деуге бола ма?
Серік Бейсембаев: Ресейшіл ұстанымды қолдайтын адамдар ресейлік БАҚ-ты көбірек тұтынады, тиісінше оларға көбірек сенеді. Ал керісінше, Украинаны қолдайтындар не жергілікті, не Батыстың ақпарат құралдарын көбірек қарайды. Бұл жерде бірегейлік мәселесі, яғни адамның өзін кім деп санайтыны, қай мәдениетпен байланыстыратыны көбірек рөл ойнайды. Орталық Азия елдеріндегі көптеген адамдар әлі күнге дейін өзін "орыс әлемі" деп аталатын үлкен кеңістіктің, орыс мәдениетінің бір бөлігіне жатқызады.
Азаттық Азия: Зерттеудің тағы бір тұсы: Украинадағы соғыс тақырыбына аз көңіл бөлетін респонденттер бұл соғысқа жауапкершілікті көбіне Украинаның өзіне артады. Ал өзін көбірек хабардармыз деп санайтын респонденттер жауапкершілікті Ресейге көбірек жүктейді. Адамдардың хабардар болу деңгейі қалай өлшенді? Бұл жерде себеп-салдар байланысы жайлы айтуға бола ма?
Серік Бейсембаев: Себеп-салдар байланысы бар деп айтуға болмайды. Бұл тек белгілі бір корреляцияны көрсетеді: адам соғыс тақырыбына неғұрлым тереңірек үңілген сайын, мәселенің Ресейдің өзіне байланысты екенін соғұрлым көбірек айтуға бейім. Яғни, бұлар – ақпаратқа қанық адамдар. Әдетте олар түрлі ақпарат көздерін пайдаланатын, білім деңгейі жоғары, сондықтан сындарлы ойлау қабілеті де жақсы дамыған әрі баға беріп, белгілі бір ой қорытып, пайым жасау мүмкіндігі бар жандар. Ал хабары аздау немесе бейсаяси адамдар өз маңайындағылардың сөзіне көбірек сүйеніп, жай ғана таптаурын түсініктерді қайталайтын сыңайлы.
Азаттық Азия: Олардың хабардар болу деңгейін қалай анықтадыңыздар?
Серік Бейсембаев: Біз респонденттерден Украинада болып жатқан оқиғаларды қаншалықты бақылап отыратынын сұрадық. Байқағанымыз, 2022 жылдан бері жұрттың назары тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны байқалады. Соғыстың алғашқы жылдарында адамдардың шамамен 60 пайызы жаңалықтарды жиі бақылайтынын айтқан еді. Ал 2024 жылы ондай адамдардың үлесі 40 пайызға жетпеді. Әлдебір шаршау бары аңғарылады, оның үстіне ақпарат кеңістігінде Украина тақырыбының орнын әлемде болып жатқан өзге де оқиғалар басты.
Азаттық Азия: Сіз Қазақстанда Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда Украинаны қолдайтындар көбірек екенін айттыңыз. Зерттеу барысында тағы қандай ұқсастықтар мен айырмашылықтарды байқадыңыздар?
Серік Бейсембаев: Үлкен бір айырмашылығы – ресейлік сарынды қолдау Қазақстанға қарағанда Қырғызстанда жоғары болды. Бір қызығы, Қазақстанда соғыс басталғалы бері украинашыл ұстаным тұрақты сақталған. Адамдардың 20 пайызы Украинаға қолдау білдірген.
Сонымен қатар, халықтың басым бөлігі ешбір тарапқа қосылмайды, бейтарап ұстанымда қалып отыр – бұл Қазақстанға ғана емес, Қырғызстанға да тән құбылыс. Бұлар – жағдайды әлі анық-қанығына жетіп түсінбеген немесе бұл жөнінде ашық пікір білдіргісі келмейтін адамдар.
Тағы бір байқағанымыз, Украина тақырыбы халықтың белгілі бір топтарын екіге жарды. Адамдар бұл тақырыпты өте ауыр қабылдап, өз ой-пікірін айтқысы келмеді. Себебі еңбек ұжымдарында, тіпті отбасы ішінде дәл осы мәселе алауыздыққа себеп болып, бір-бірімен араласпай кеткен жандар аз емес.
Азаттық Азия: Бұл Қазақстанда болды ма?
Серік Бейсембаев: Қазақстанда да, Қырғызстанда да болды. Соғыстың үшінші жылында адамдардың бұл тақырыптан өзін алшақ ұстап, "кімнің кінәлі екені белгісіз, не болып жатқанын түсіну қиын" деп айта бастағанын көрдік. Бәлкім, күмән мен екіұшты көңіл-күйді көбейту ресейлік пропаганданың басты міндеті болған шығар. "Шындық деген атымен жоқ" деген ой әдейі таңылып жатқан болуы да мүмкін.
"Жұмсақ күш": Ресей ықпал ету құралдарын қалай пайдаланады?
Азаттық Азия: Біз әскери пропаганданың агрессивті нарративтері туралы айттық. Сонымен қатар "жұмсақ күш" деген ұғым бар. "Жұмсақ күш" деген не және Ресей оны Қазақстанда қалай қолданады?
Серік Бейсембаев: "Жұмсақ күш" – белгілі бір идеяның, идеологияның немесе елдің тартымдылығын арттыру үшін түрлі мәдениетті, әлеуметтік құралдарды пайдалану. Ресей, әрине, өзінің "жұмсақ күшін" бұрыннан әрі белсенді түрде қолданып келеді. Бір қызығы, бұл "жұмсақ күш" кейде қатаң күшке айналып кетеді – оны Украинадағы жағдайдан көрдік. "Россотрудничество" ("Орыс үйі") сынды түрлі ұйымдар Орталық Азия елдерінің бәрінде дерлік бар. Олар мәдени, әлеуметтік және білім беру саласында ықпалын жүргізіп отыр.
Азаттық Азия: Ресейдің білім беру, мәдени және гуманитарлық жобаларын халықаралық ынтымақтастықтың қалыпты түрі деп санауға бола ма?
Серік Бейсембаев: Ресми түрде – иә, бұл расымен де халықаралық ынтымақтастықтың бір түрі. Бірақ бұл олардың жұмсақ күш құралдары екенін жоққа шығармайды. Бірі екіншісіне кедергі келтірмейді.
Азаттық Азия: Сіз "Россотрудничествоны" атадыңыз. Оның мақсаттары қатарында Ресей туралы объективті көзқарас қалыптастыру, тарихи шындықты сақтау, мәдени мұра мен дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу бар. Ұйымның жақтастары сізге қарсы уәж айтып, "мұның несі жаман?" деуі мүмкін.
Серік Бейсембаев: Ең басты қауіп – әрине, ресейлік нарративтерді таңып-тықпалау. Ресей әлі күнге дейін империализм дертінен айыққан жоқ, кем дегенде біздің өңірде үстемдік етуге тиіспіз деген идеядан бас тарта алмай отыр. Тиісінше, біздің тарихымызды, қазіргі заманды, тіл тақырыбын қалай қабылдауымызды да өзі айқындағысы келеді.
Олар біздің бір күні совет кезеңінде шын мәнінде не болғанын ашық айтып, әділ баға беретінімізден, сол кезеңді қайтадан ой елегінен өткізіп, пайым қорытуымыздан қорқады
Бұл біздің өз ішкі саясатымызды, егемен саясатымызды қалай жүргізетінімізге әсер етеді. Басты қауіп те осында – тәуелсіз мемлекет ретінде біз Ресей тарапынан таңылатын шеңбер құрсауында шектеліп қалуымыз мүмкін. Белгілі бір сәттерде бұл құралдар жұмсақ болудан қалып, қатаң сипат алатынын көріп жүрміз. Әсіресе, Ресей қабылдағысы келмейтін жайттарға келген кезде солай болады. Мысалы, тіл мәселесін алайық. Қазақстанда қазақ тілін дамыту, постсоветтік өткен тарихқа баға беру мәселесі қозғалса болды, Ресейдің қоғамдық және мемлекеттік ұйымдары "ол жақта тағы да Ресейге қарсы саясат басталды" деп шығады.
Олардың көзқарасы бойынша, басты мақсат – қоғамдық пікірді Ресей режиміне қолайлы шеңберден шығармай ұстау. Яғни, постсоветтік кезеңді, әсіресе тарихымыздың ең зұлмат беттерін: қуғын-сүргін мен ұжымдастыруды, Екінші дүниежүзілік соғысты, жалпы сталиндік кезеңді қайта бағалауға жол бермеу. Солайша тәуелсіз сындарлы ойлаудың өсуіне тосқауыл қою.
Деколонизация – Ресей режимі шошитын ауыр сөз. Олар біздің бір күні совет кезеңінде шын мәнінде не болғанын ашық айтып, әділ баға беретінімізден, сол кезеңді қайтадан ой елегінен өткізіп, пайым қорытуымыздан қорқады.
Азаттық Азия: Бұл халықтың мінез-құлқына қалай да бір әсер ете ме? Үрей туғыза ма? Адамдар тіл мен тарих жайлы пікір білдіруден қорқатын бола ма?
Серік Бейсембаев: Әрине. Украинадағы соғыстан кейін адамдар Ресейдің ешкіммен санаспайтынын түсінді. Жұртта кей мәселелерді тым қатты қозғап, солтүстіктегі көршінің шамына тиюге болмайды деген түсінік қалыптасты. Бұл өзін-өзі цензуралауға алып келеді.
Екінші жағынан, маңызды мәселелерді кейінге ысыра беру әдеті бар. Мұның жағымсыз салдары да осында жатса керек – біз жауапкершілікті сыртқы күштерге артып қойып, өз бетімізше шешім қабылдау құқығынан тағы да айырылып қаламыз.
Азаттық Азия: "Жұмсақ күш" тақырыбына қайта оралсақ. Ресейді жақтайтындар Батыс елдері де, АҚШ пен Еуропа да "жұмсақ күшті" коммерциялық емес ұйымдардың білім беру және қоғамдық жобалары арқылы қолданатынын алға тартады. Олар: "Неліктен Батыс мұндай жобаларды іске асырғанда, ол халықаралық ынтымақтастық деп аталады да, ал Ресей жасаса, пропаганда болады?" деген сұрақ қояды.
Серік Бейсембаев: Өйткені Батыс елдері біздің егемендігімізді жоққа шығармайды, Қазақстанның мемлекеттілігіне күмән келтірмейді. Олардың тарапынан тікелей шабуылдар болған емес. Ал Ресейде мұндай мәлімдемелер үнемі естіледі, тіпті ең жоғары деңгейде – [Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары] Дмитрий Медведев, ["Россотрудничествоның" бұрынғы басшысы] Евгений Примаков айтып жатады.
Украинадағы соғыс призмасы арқылы қарағанда, ынтымақтастық құралдары мен форматтары мүлде басқаша қабылданады. Сондықтан Британ консулдығының білім беру бағдарламаларын "Россотрудничество" атқарып отырған жұмыспен – яғни осы елдердің Қазақстандағы көздеген мақсаты мен саясатын өзара салыстыру қиын.
"Медиакеңістікте бос орын пайда болса, оны ресейлік пропаганда жайлап алады"
Азаттық Азия: Егер ресейлік ұйым ортақ советтік мұра туралы жобаны, ал Батыс ұйымы демократиялық құндылықтар туралы жобаны қаржыландырса, екі жобаны да идеологиялық ықпал ету деп санауға бола ма?
Серік Бейсембаев: "Идеология" деген сөздің мағыналық жүгі тым ауыр, бірақ иә, бұлар – ықпал жүргізу мен өз мүддесін қорғау құралдары. Бұл кез келген ірі державаға тән: Батыс елдері де, Қытай да (Қытайдың "жұмсақ күш" құралдарын қалай белсенді жүргізетінін білеміз), Ресей де солай істейді. Бәрінің де өңірде, соның ішінде Қазақстанда көздеген мүддесі бар. Мұнда қазір болып жатқан жағдайдың мән-жайын ескеру маңызды. Егер Ресей ешкімге басқыншылық жасамаған, әлгіндей мәлімдемелерге жол бермеген және тікелей саяси, әскери қатер төндірмеген ел болса, онда "Мейлі, өз ұстанымдарын насихаттай берсін, ал біз бұл державалардың ешқайсысына жалтақтамай, өзімізге не жақын екенін өзіміз екшеп аламыз" деуге болар еді. Айырмашылық дәл осы жағдайдың мән-жайында жатыр.
Азаттық Азия: Қазақстандағы ресейшіл көңіл күйді пропаганданың әсерінен деп түсіндіру қаншалықты қисынды? Пропаганда мен оның ықпалын Ресеймен арадағы тарихи, мәдени, отбасылық және экономикалық байланыстардан қалай ажыратып қарауға болады?
Серік Бейсембаев: Тарихи, әлеуметтік, мәдени байланыстар ешқайда кетпейді – олар бұрын да болған, бола да береді. Пропаганда туралы сөз қозғағанда, менің ойымша, оның саяси астарына – бұл пропаганданың түпкі мақсаты не екеніне үңілу маңызды. Дәл қазір Мәскеудің Қазақстанда қандай мүддесі бар? Егер осы тұрғыдан қарасақ, пропаганда оншалықты зиянсыз дүние болмай шығады.
Біз сыртқы ықпалдан толық оқшаулана алмаймыз. Мәселе – азаматтарымыздың сырттан жасалатын ақпараттық ықпалға төтеп беру қабілетін қалай күшейтетінімізде жатыр. Меніңше, мұндағы басты нәрсе – азаматтардың мемлекетке, қоғамдық институттарға және медиаға деген сенімі. Ел ішінде мемлекет тәуелсіз медиакеңістікті неғұрлым қаттырақ әлсіреткен сайын, біз ресейлік пропаганда алдында соғұрлым қорғансыз қаламыз. Медиакеңістікте бос орын пайда бола қалса, оны ресейлік пропаганда жайлап алады.
Ел ішінде түрлі пікір мен алуан көзқарас неғұрлым көбірек бәсекеге түссе, біз де соғұрлым мықты бола түсеміз деп ойлаймын. Қазақстан әлемнен томаға-тұйық оқшаулануға емес, сырттан келетін ақпараттар ықпалына төтеп бере алатын ішкі қорғанысын күшейтуге мүдделі болуы керек.
Азаттық Азия: Қарапайым тұрғын пропаганданы қалай танып, оның манипуляциясынан қалай қорғана алады? Әлеуметтанушы ретінде кеңес берсеңіз.
Серік Бейсембаев: Кез келген ақпаратты қайта тексеріп, әртүрлі тілдегі түрлі тәуелсіз медиа көздерін пайдаланған абзал. Ақпараттық тазалықты сақтап, нақты деректің қайда екенін аңғару, фактілерді жалған ақпараттан ажырата білу маңызды. Қазіргі заманда өзің тұтынатын контентке сыни көзбен қарап, ой қорытуды үйрену қажет: нақты фактіні қауесет-долбар мен манипуляциялық айла-шарғыдан бөліп қарап, көбіне тәуелсіз журналистердің жазғанын назарда ұстаған жөн.