Кампус пен мектептер – "гуманитарлық ықпал" құралы
Бішкек маңындағы табиғаты көркем 30 гектар жер студент қалашығын салуға берілетін болды. Бұл аумақта Ресей қаржыландыратын, Борис Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей Славян университетінің 15 мың адамға деп есептелген жаңа кампусы бой көтермек.
Екіжақты келісімге сәйкес, Ресей университет құрылысы мен жабдығына 15 миллиард рубль (шамамен 200 миллион доллар) бөледі. Ал Қырғызстан жер телімін тегін пайдалануға беріп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді міндетіне алған.
Ресей президенті Владимир Путин осы келісімді биыл мамыр айында бекітті. Ол бұл құжатқа үш жыл бұрын Бішкекке сапармен барған кезде қол қойған.
Келісімді Ресей парламентінде талқылау барысында қызу пікірталас туды. Депутаттардың кейбірі Қырғызстанды "русофобияны қолдайды" деп айыптады. Мемлекеттік Дума депутаты Михаил Матвеев Мәскеудің "орысша көше атаулары мен елді мекен атауларын өзгертіп жатқан" елге қаржы салуына наразылық білдірді.
"Осы келісімдердің бәрінде бізді ең болмағанда осы республикаларда етек жайып отырған русофобия мен антисоветизмнен қорғайтын қандай да бір тетік болмай ма? Орысша көше атаулары жойылып жатқанын ескерер болсақ, мұның қаншалықты орынды екенін қалай түсіндіресіздер?" – деп мәлімдеген ресейлік депутат.
Соған қарамастан, Ресей парламентінің жоғарғы палатасы – Федерация кеңесінде келісім жайлы сөзінде вице-спикер Константин Косачёв Ресейдің "шетелдегі гуманитарлық қатысуы" маңызды екенін атап айтты.
Университет кампусынан бөлек, Ресей Қырғызстанда тоғыз мектеп құрылысын да қаржыландырмақ: әр аймақта және Бішкек пен елдің екінші ірі қаласы Ошта білім нысандарын салу жоспарланған. Оған Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының гранты ретінде Ресей бюджетінен бөлінетін қаржының жалпы көлемі шамамен 500 миллион доллар. Ресми мәліметке сәйкес, бұл мектептердің түлектері екі бірдей – ресейлік және қырғызстандық үлгідегі аттестат алып шығады, бұл оларға кейін Ресейдің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік береді.
Алғашқы мектептердің бірі Қаракөл қаласында салынып жатыр. Биыл 9 мамыр күні сол қалада Z-символикасы қолданылған концерт өткенін Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары сынға алған еді.
"Ресей туын көтеріп, әнұранын шырқайды"
Қырғызстанда ресейлік мектептер ашу – Мәскеудің Орталық Азияға бағытталған ауқымды стратегиясының бір бөлігі. Бұл саясат 2019 жылы Ресей президенті Владимир Путин осы аймақта білім ошақтарын салуға үндегеннен кейін күшейе түсті. Путиннің сөзінше, мақсат – сол аймақта тұратын адамдарға орыс тілін үйрету, сонда, болашақта олар Ресейге жұмыс істеуге барғанда "жергілікті халықтың наразылығын туғызбайды".
Ресей алдымен Тәжікстанда мектептер салу туралы жоспарын 2018 жылы жариялаған. Төрт жылдан кейін Душанбе, Хожанд, Бохтар, Куляб және Турсунзаде қалаларында жалпы құны 150 миллион доллар болатын бес мектеп ашылды.
2024 жылы "Россотрудничество" агенттігінің сол кездегі басшысы Евгений Примаков бұл мектептер орысша білім берумен шектелмейтінін, оған қоса ресейлік құндылықтарды таратумен де айналысатынын айтты. "Россотрудничество" – Ресейдің шетелдегі "жұмсақ күш" саясатының негізгі құралдарының бірі саналады.
"Ресей Федерациясы былтыр Тәжікстанда бес ірі мектеп салды. Бұл заманауи мектептерде Ресей бағдарламасы бойынша білім беріледі, Ресей туы көтеріліп, әнұраны шырқалады. Бұл – дұрыс әрі жақсы нәрсе. Тәжікстандағы балалар интеллектуалдық, әлеуметтік және басқа да жағынан даму мүмкіндігіне ие болғанына қатысып жатқанымызға және олар оны Ресеймен байланыстыратынын біз жақсы түсінеміз. Бұл өте дұрыс және орынды. Орталық Азияның тағы бірнеше елімен осындай жобалар мәселесі талқыланып жатыр", – деп мәлімдеген Примаков.
2025 жылы Ресей депутаттары Тәжікстанда салынған мектептер мәселесін қайта көтерді. Мемлекеттік Дума депутаты Сергей Миронов оқулық авторларының "Ресейдің отарлау саясаты" жайлы жазғанына наразылық білдірді.
"Осындай оқулықтарды біздің ақшамызға шығарып жатыр!" – деп кейіс білдірді депутат.
Тәжікстанның білім министрі Рахим Саидзода сөз болып отырған оқулықтарда ондай нәрсе жоғын айтып, бұл кітаптар ресейлік оқу құралдарының негізінде жазылған деп мәлімдеді.
2021 жылы Мәскеу Өзбекстанда бірнеше мектеп салу жоспары барын жариялаған, нақты келісімге 2023 жылы ғана қол жеткізді.
Нақ сол жылы Владимир Путин Қазақстанға сапары кезінде елдің оңтүстік өңірлерінде үш мектеп салу туралы келісім жасады. Бұл аймақтарда орыс тілі елдің басқа өңірлерімен салыстырғанда аз таралған. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та мектеп құрылысы жайлы пікір білдірген.
"Бұл – өте пайдалы, ашық әрі позитивті жұмсақ күш. Әрине, біз өзімізге дос елдерде орыс тілі курстарын ашамыз. Орталық Азияда, Әзербайжанда, Арменияда ресейлік мектептер ашылды, соның ішінде біздің ағарту министрлігінің бағдарламалары бойынша да ашылған, оған қоса ресейлік жоғары оқу орындарының филиалдары құрылды. Менің ойымша, біз ілгерілететінін басым жұмсақ күш осы болмақ, әлдебір үкіметтік емес ұйым қызметкері алты адамдық қайық сатып алып, "Солтүстік ағын" құбырын жару секілді астыртын операциялардан айырмашылығы да сол, мұны сөздің сыралғысы ретінде айтып отырмын", – деп мәлімдеген Лавров.
2026 жылы Қазақстанның Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында Ресей қаржыландыратын мектептердің құрылысы басталды.
Сол кездегі оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл жобаларда "ешқандай саясат та, үгіт-насихат та жоқ" екенін айтып, "алаңдауға еш негіз жоқ" деп мәлімдеген. Таңдау неліктен оңтүстікегі өңірлерге түскенін шенеунік ол жерлерде мектеп тапшы әрі үш ауысыммен оқытатын білім мекемелері аз емес деп түсіндірген. Министрдің сөзінше, бұл мектептерде орыс тілін Ресейден келген мұғалімдер оқытатын болады, ал Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен жергілікті ұстаздар сабақ бермек.
Әзірге Орталық Азия аймағында Ресей жаңа мектеп салмаған жалғыз ел – Түрікменстан. Ашғабатта Пушкин атындағы Ресей-Түрікмен мектебі жұмыс істейді. 2026 жылы Ресейдің оқу-ағарту министрлігі Түрікменстанның білім министрлігімен бірлесіп, бірінші сынып оқушыларына арналған орыс тілі курсын іске қосты.
"Сириус" жобалары: "ДХР"-дан Орталық Азияға дейін
Ресей Орталық Азияға мектептер ғана емес, оған қоса өзінің негізгі білім беру брендтерін де экспорттап жатыр. Солардың ішінде ең айтулысы – дарынды балаларға арналған "Сириус" білім беру орталығы. Ол 2015 жылы Путиннің бастамасымен Сочидегі Олимпиада инфрақұрылымы негізінде құрылған.
Қазір Орталық Азияда "Сириус" брендімен бірнеше жоба жұмыс істеп жатыр. 2026 жылғы қаңтарда Алматыда аумағы шамамен 60 мың шаршы метр болатын мектеп-пансион құрылысының алғашқы тасы қаланды. Жоба Путин мен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арасындағы келісім аясында іске асырылып жатыр.
Мәскеу Қазақстанды постсоветтік кеңістікте "Сириус" үлгісіндегі толық форматты орталық салынып жатқан алғашқы ел деп атайды. Сонымен қатар Астанада да "Сириус" филиалдарын ашу жоспарланып отырғаны жарияланған.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаннан кейін "Сириус" орталығының қызмет аясы кеңейе түсті. 2025 жылғы қаңтарда Ресей қолдайтын "ДХР" ("Донецк халық республикасы") сепаратистік құрылым басшысы Денис Пушилин мен "Сириус" кеңесінің төрайымы Елена Шмелева Ресей әскері басып алған Украинаның Донецк қаласындағы Григорьев мектебімен әріптестік орнату туралы келісім жасасты.
2024 жылғы қарашада Шмелева орталықтың "арнайы әскери операцияға" (Ресей билігі Украинаға қарсы бастаған соғысты осылай атайды) қатысқан спортшылар мен олардың жаттықтырушылары үшін оқу-жаттығу жиындары мен қайта даярлау бағдарламаларын өткізуге дайын екенін мәлімдеген. Білім беру орталығы қарайтын "Сириус" федералдық аумағының сайтында Антитеррорлық комиссия да жұмыс істейді.
"Сириус" үлгісіндегі тағы бір білім беру орталығы Қазақстанның солтүстігіндегі, орыс диаспорасы көп шоғырланған Петропавл қаласында салынып жатыр. "Үркер Сириус" деп аталатын орталықты 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. 900 орындық жатақханасы бар мектеп-лицей жобасын KAZ Minerals металлургия компаниясы жүзеге асырып жатыр.
"Сириустың" баламасы Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында да ашылмақ. Ол "Академик Вавилов атындағы орталық" деп аталады. Құны шамамен 53 миллион доллар болатын жобаны Ресей қаржыландырады.
Ресейлік сарапшылар мен шенеуніктер бұл білім беру бастамаларының мақсатын ашық айтып жүр. ВЦИОМ ғылыми кеңесі төрағасының орынбасары, саясаттанушы Иосиф Дискин БРИКС ұйымының (құрамына Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы кірген ұйымға кейін Біріккен Араб Әмірліктері, Иран, Эфиопия, Египет пен Индонезия қосылған) ықпалы күшейгеннен кейін "осы елдерде Ресей ұстанымын түсінетін әрі қолдайтын адамдар ортасын қалыптастыру қажет болды" деген еді. Оның айтуынша, "Россотрудничество" қоғамдық пікірге ықпал ететін референттік топтармен жұмыс істеуге тиіс.
"Дұшпандық насихатқа ермеу керек. Мысалы, Әзербайжанда элита орысша сөйлейді. Бұл – маңызды көрсеткіш. Тіл өмір сүруі үшін инфрақұрылым: білім беру жүйесі, мәдени орта қажет. Міне, жұмсақ күш деген нақ сол", – деп мәлімдеген Дискин.
"Ұйқыдан оятқан" соғыс
2023 жылғы "орыс тілінің жағдайы индексі" деректеріне сәйкес, Орталық Азия елдері арасында орыс тілі ең кең таралған мемлекеттер – Қазақстан мен Қырғызстан. Зерттеу деректері бойынша, "мемлекеттік-қоғамдық саладағы орыс тілі" көрсеткіші жөнінен Қазақстан көш бастап тұр, одан кейін Қырғызстан орналасқан. Ал "орыс тілінде білім алатындар үлесі" бойынша бірінші орында Қырғызстан аталған.
1991 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта, яғни Совет одағы ыдырағаннан кейінгі 30 жыл ішінде, Орталық Азияда орыс тілінде оқитындардың үлесі Қырғызстанда ғана артқан – 17 пайыз өскен. Қалған елдердің бәрінде төмендегені байқалған. Соның ішінде Түрікменстанда қатты кеміген – 87 пайыз.
Кейінгі 31 жылда аймақтағы елдердің бәрінде орта арнаулы және жоғары оқу орындарында орыс тілінде білім алатын студенттердің үлесі азайған.
Зерттеу авторлары Орталық Азия мемлекеттері арасында 2022 жылы Қазақстанда "мемлекеттік-қоғамдық сала", "БАҚ" және "мәдени кеңістіктегі орыс тілі" көрсеткіштері жоғары болғандықтан, бұл елде орыс тілі ең тұрақты позициясын сақтап тұрғанын атап өткен.
Ал 2020 жылы Фридрих Эберт қоры жүргізген зерттеу қорытындысына сәйкес, Қазақстан халқының 51 пайызы орыс тілінде еркін сөйлейді, ал қазақша еркін сөйлейтіндер үлесі 39 пайыз болған.
2022 жылдан кейін мұндай ауқымды зерттеулер жүргізілген жоқ. Алайда сарапшылар мен бақылаушылар Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы постсоветтік кеңістіктегі деколонизация процесін жеделдеткенін айтады.
АҚШ-тағы Питцер колледжінің профессоры, Қазақстандағы қоғамның көңіл күйін зерттеумен айналысатын әлеуметтанушы Азамат Жүнісбайдың айтуынша, жұрт қазақ тіліне көбірек ықылас таныта бастаған.
"Ресейдің Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағаны көп адамның Ресейдің рөлі, Ресей жайлы түсінігін, тіпті советтік мұраны қайта бағалауына түрткі болды. Меніңше, бұл жайттар қазақша сөйлейтін қазақтарға үлкен жаңалық болмаған сияқты, жүргізген зерттеулерім олардың Ресей мен оның іс-әрекеттеріне әу бастан-ақ сыни көзқараста болғанын көрсетеді. Ал орысша сөйлеп, анағұрлым "орыстанып" кеткендерге бұл "ұйқыдан оятқандай" әсер етті. Ресейдің Украинаға басып кіргені оларға бәрін ой елегінен қайта өткізуге қозғау салды", – дейді сарапшы.
Осындай жағдайда жаңадан ресейлік мектептердің ашылуын "жұмсақ күштің" тиімді құралына жатқызу қиын, дейді Азамат Жүнісбай. Оның үстіне, бұл жерде демографиялық фактор да маңызды рөл атқарады.
Совет одағы тараған кезде Қазақстан халқының 40 пайызын қазақтар, 37 пайызын орыстар құраған. Қазір қазақтардың үлесі шамамен 70 пайызға жетсе, орыстардың үлесі 14 пайызға дейін азайған.
"Демографияны тағдырға теңеп жатады ғой. Қазір, шын мәнінде, элитаның қандай да бір дана саясатының арқасында емес, демографиялық үрдістер әсерінен Ресейдің, орыс тілі мен орыс мәдениетінің ықпалы өте жылдам әлсіреп жатыр", – дейді Азамат Жүнісбай.
Дәл осы себепті, Ресейдің білім беру саласындағы экспансиясы Қазақстандағы жалпы үрдістерге айтарлықтай ықпал ете қоймайды деп есептейді әлеуметтанушы.
"Қазір қалада жүрсең барлық жерде қазақша сөйлейтіндерді естисің, жастар қазақша сөйлеседі. Бала кезімде мұндай жағдай болмаған", – дейді ол.
Зерттеушілердің пікірінше, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Орталық Азия елдерінің бәрінде әртүрлі деңгейде деколонизация үдерісі жеделдеген.
"Бұл үрдістің негізгі аспектілерінің бірі – тілдік деколонизация, яғни қоғамдық өмірде ұзақ уақыт басым болған орыс тілінің орнына қырғыз тілінің қайта жандануы", – деп жазды Қырғызстандағы тілдік деколонизация туралы мақаланың авторы Бақыт Женышпекова.
Ал Өзбекстанда, АҚШ-та шығатын The Diplomat журналы сөйлескен адамдардың айтуынша, Gen Z буын өкілдері орыс тілінің "артықшылыққа ие мәртебесінен" шаршаған. Жас белсенділер "орыс ұлтының бірде-бір өкілі тұрмайтын" жерлердегі орысша жазылған маңдайшаларды алып тастауды талап етіп жүр. Солай бола тұра, мемлекеттік қызметте өсу үшін орыс тілін білу әлі де міндетті саналады. "Егер орысша білмесең, мемлекеттік органдарда жұмыс табу қиын", – дейді Хорезмде тұратын 25 жастағы мемлекеттік қызметкер. Ол орыс тілін білуге басымдық беруді совет заманының сарқыншағына жатқызады.
Жуырда Өзбекстанда болып қайтқан алматылық Қанат Тасыбеков – қазақша сөйлеуді меңгергісі келетіндерге арналған "Ситуативті қазақ тілі" атты оқу құралының авторы. Ол қазақ тілін ересек кезінде үйренген. Тасыбеков Ташкентте өзі байқаған жайттарды Facebook желісінде жазды. Оның сөзінше, қонақүй және ойын-сауық саябағы қызметкерлерімен орысша сөйлесе алмаған.
"Қазіргі өзбек жастары орысша сөйлемейді деп айтуға болады, – деп жазды Тасыбеков. – Қазір іс жүзінде еш жерде дерлік орысша жазылған жаңа маңдайша жоқ, кириллица да барған сайын сирек кездеседі".
АҚШ-та тұратын, тегі қазақ әлеуметтанушы Азамат Жүнісбай Орталық Азияда орыс тілінің қолданылу аясы, тіпті Ресейдің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан білім беру жобаларына қарамастан, біртіндеп кеми береді деп санайды.
"Егер соның көмегі болады деп ойласа, мейлі, мектептерін аша берсін. Егер жұрт оны пайдалы деп қабылдаса – балаларын сол мектепке береді. Бірақ, мысалы, Тараз сияқты жерде осындай мектептерден "қазақ Z-патриоттары" шығады дегенге қатты күмәнім бар", – деп түйіндеді сарапшы.