Жаңадан сайланған бір палаталы Құрылтайдың мүшелерінің дерегін түгендеген "Азаттық Азия" тілшілері 1 қыркүйек күні таңертең парламенттің ресми сайтындағы (quryltai.kz) тізімде 144 депутат қана барын байқады.
Тексере келгенде, Құрылтайға "Әділет" партиясынан сайланған депутат Дана Медеуованың жеке дерегі белгісіз себеппен Құрылтай сайтында жоқ болып шықты. Медеуованың дерегі өткен сенбі, 29 тамызда парламент сайтында өзге депутаттармен бірге жарияланған, 31 тамыз күні де 145 депутаттың бәрінің дерегі сайтта болған.
Ал сейсенбі күні депутат Медеуова бұл тізімнен табылмай қалды.
"Азаттық Азия" мұның себебін білу үшін Құрылтай аппаратына және Дана Медеуованы парламентке ұсынған "Әділет" партиясына да хабарласты.
"Әділет" партиясы саяси бюросының мүшесі Рауан Кенжехан бұл жайттан хабарсыз екенін айтып, Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеді.
Құрылтайдың баспасөз қызметі әлі толық жасақталып болмағандықтан, мәселенің мән-жайын парламент аппараты жетекшісінің орынбасары Болат Кальянбековтен сұрадық. Ол "қазір бәрі орнында тұр" деп жауап берді.
"Ол (Дана Медеуова) орнында тұр. Мүмкін техникалық ақау шығар. Біздің сайтымыздың жаңару тәртібі былай: сайттағы тиісті бөлімге депутат туралы деректі оның көмекшісі енгізеді. Оған қоса кейде бір кілтипан болып қалатыны бар. Бәрібір бұл жаңа формат қой, мүмкін әлдебір техникалық ақау болған шығар. Бірақ қазір бәрі орнында, ешқандай проблема жоқ. Дәл осы сәтте деректердің бәрі бар", – деп жауап қатты Кальянбеков.
Көп ұзамай Құрылтайдың ресми веб-сайтында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі депутат Дана Медеуова жайлы дерек пен оның фотосуреті қайтадан пайда болды.
"Азаттық Азия" тілшілері дерегі Құрылтайдың ресми сайтынан ғайып болып, кейін қайта ілінуінің себебін өзінен білу үшін депутат Дана Медеуоваға хабарласуға талпынғанымен, оның байланыс телефоны деп көрсетілген нөмірлер қоңырауға жауап бермеді.
Дана Медеуова – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина мен оның жұбайы, дипломат Теміртай Ізбастиннің қызы. Теміртай Ізбастин бұрын Қазақстанның Болгариядағы елшісі қызметін атқарған.
Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын өткен аптада, 28 тамызда бастаған. Депутаттар ант беріп, президенттің ұсынуымен Айбек Дәдебайды төраға етіп сайлаған.
Жаңа парламент жұмысының алғашқы күндері журналистерге депутаттарға жақындауға және сұрақ қоюға тыйым салынды. Құрылтай журналистер бұдан былай парламент ғимаратында депутаттармен тек баспасөз мәслихаттарында және тек бекітілген күн тәртібі бойынша ғана тілдесе алатынын хабарлады.