Жаңа Құрылтай жұмысын Үкімет үйінде бастады
Жұма күні сағат 11-де Астанадағы Үкімет үйінде бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылды. БАҚ өкілдері жаңадан сайланған жоғарғы заң шығарушы билік органының алғашқы отырысын парламент үйінен қашықтан бақылады. Кейбір журналистер ол жерге де кіре алмады. Желіде Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуынан тікелей трансляция жүргізілді.
Жиынды ашқан сөзінде жаңадан сайланған 145 депутатты Құрылтайдың бірінші сессиясының жұмысы басталуымен құттықтаған президент Қасым-Жомарт Тоқаев "сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды" деп баға берді.
"Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады", – деді Тоқаев.
Ел ішінде кәсіби парламентке деген сұраныс артқанын айтқан президент: "Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады" деді.
Осы аптаның басында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) сайлауды бақылау миссиясының өкілдері көпшілікке таныстырған алдын ала қорытындысында Қазақстандағы Құрылтай сайлауына түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмағанын, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелгенін атап көрсеткен.
Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, өзара бәсекеге түскен жеті саяси партияның бесеуі: биыл мамырда жаңадан құрылған "Әділет" партиясы мен бұрын да парламентте болған "Ауыл", Respublica, "Ақ жол" мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Құрылтайға өткен (депутаттарының толық құрамы мына жерде). Ал сайлауға қатысқан билікшіл тағы екі саяси ұйым – Қазақстан халық партиясы (коммунистер) мен "Байтақ" жасылдар партиясы парламентке өтуге қажет бес пайыздық межеден аса алмады. Құрылтайдың 36 депутаты бұрын да парламент мүшесі болған.
Жұма күнгі жиында елде биыл наурызда жаңадан қабылданып, шілденің басында күшіне енген негізгі заңды "нағыз Халық Конституциясы" деп атаған Тоқаев сайлауда басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілік дауысқа ие болған "Әділет" партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары деп мәлімдеді.
"Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді" деді Тоқаев.
Оппозициялық белсенділер мен тәуелсіз сарапшылар президент Тоқаевтың бастамасымен және соның қатысуымен дайындалып, көктемде жалпыхалықтық референдумде қабылданып, өткен айдың басынан күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясын биліктегі топтың позициясын одан әрі нығайта түскен, елде бір мандатты округтерден тәуелсіз кандидаттар сайлау жүйесін жойып, заң шығарушы органды тек билікшіл партиялар бақылауына берген құжат деп сипаттаған.
Аласапыран әлем, бұлыңғыр болашақ
Президент жұма күні Құрылтайдың алғашқы отырысындағы сөзінде қазір әлемде "мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсіп, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отырғанын" айтты.
"Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада "Орта державалар" деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді" деп мәлімдеді Тоқаев.
Президент сондай-ақ әлемдегі цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің даму үдерісі "түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудыратынын" айтты.
"Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады" деді Қазақстан президенті.
Ол елдегі маңызды әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отырғанын осы жолы да айтты.
"Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді" деді Тоқаев.
Ресми мәлімет бойынша, қазір Қазақстан Ұлттық қорында 30 трлн теңгедей ақша жатыр. Кейбір тәуелсіз сарапшылар бұл қордағы қаржы алмағайып заман бола қалған кезде мемлекеттің қауіпсіздігі үшін қажет механизмнің бірі болғандықтан, оны пайдалану ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деп ескертеді.
Ұлттың тарихи жады және Абай айтқан "бес дұшпан"
Құрылтайдың ашылуындағы сөзінде президент Тоқаев халық басынан өткен қайғы-қасіреттерді бұрмаламауға, ұлттық сананы тек құрбандық пен жеңіліс төңірегінде қалыптастырмай, басқа халықтардың тарихымен қатар ұлт тарихына да үстірт және біржақты қарамауға шақырды.
"Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды" деді президент.
Оның сөзінше, тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. "Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын" деді Тоқаев.
Қазақстандық және Батыстың тәуелсіз тарихшылары 1930-жылдардағы қазақ даласындағы ашаршылықты "қолдан жасалған нәубет" деп бағалайды. Олар большевиктердің көшпелі қазақтарды күштеп отырықшыландыру және малын тартып алу саясаты қазақ халқының дәстүрлі өмір сүру салтын әдейі бұзып, жаппай қырылуына әкеліп соқты деп есептейді. Қазақстан билігі бұл оқиғаларды "ұлт қасіреті" және "тоталитарлық жүйенің ауыр қылмысы" ретінде ресми түрде мойындайды, бірақ оны Украина сияқты "геноцид" деп сипаттаудан бас тартады. Ресей бұл оқиғаларды қатал климат жайттары (құрғақшылық) мен Сталин режимінің қате жүргізген жаппай ұжымдастыру саясатының салдарынан болған аштық деп түсіндіреді.
Президент Тоқаев өзара сенім жоғалған, тұрақсыздық белең алған алмағайып кезде "ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарап, тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек" деп мәлімдеді.
"Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді. Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?!" деді Қазақстан президенті.
Тоқаев қазақ ақыны Абай Құнанбайұлы айтып кеткен "бес дұшпаннан" аулақ болуға шақырды.
"Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде ұлы Абай айтқан "бес дұшпаннан", әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз" деді ол.
Қазақстан президенті жаңадан сайланған Құрылтайдың алдында жаңа Конституция нормаларына сай заңнамаға тиіс түзетулер енгізу, заң шығару қызметінің сапасын арттыру, ел өмірі үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау, қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналу міндеті тұрғанын айтты.
Сонымен бірге ол көші-қон, кітапхана-баспа ісі мен мәдениет салаларын жетілдіру, елдің зияткерлік және мәдени әлеуетін арттыру, ерекше қажеттілігі бар балаларға, әсіресе олардың білім алуына, медициналық және әлеуметтік қолдауына мемлекет ерекше жағдай жасауы керек деген ой айтты.
"Онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет" деді Тоқаев.
2022 жылы Қазақстан заңнамасына балаларды кибербуллингтен қорғау туралы нормалар енгізілген. Әлеуметтік желі платформаларын Қазақстаннан өкілдік ашуға және осы платформаларды мемлекеттік органдармен жұмыс істеуіне міндеттейтін бұл норманы сол кездегі мәжіліс депутаттары Айдос Сарым мен Динара Зәкиева ұсынғандықтан, медиақауымдастық оны "Сарым-Зәкиева" түзетуі деп атап кетті. БАҚ сарапшылары бұл түзетулер кибербуллингті сылтау етіп, сөз бостандығын шектеуге және цензура енгізуге жол ашады деп есептейді. Олар бұл заң билікке өздеріне ұнамайтын контентті немесе шетелдік әлеуметтік желілерді (Facebook, Instagram, Telegram) бұғаттауға заңды құрал берді деп сын айтқан.
Айдос Сарым мен Динара Зәкиева биыл Құрылтайға "Әділет" партиясынан депутат болып сайланды.
Құрылтай төрағасы мен орынбасарларын сайлау
Жаңадан сайланған Құрылтайдың алғашқы жиынында президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың мамыр айына дейін өзінің аппаратын басқарған, ал одан кейін елдің саяси сахнасында жаңадан пайда болған "Әділет" партиясының жетекшісіне айналған 46 жастағы Айбек Дәдебайды Құрылтай төрағалығына ұсынды.
"Жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді" деді Тоқаев. Құрылтай депутаттары баламасыз ұсынылған жалғыз кандидатураға жаппай қол шапалақтап қолдау білдірді.
Жаңа Конституция бойынша, Құрылтай төрағасы мемлекеттік билік иерархиясында президент пен вице-президенттен кейінгі орындағы маңызды тұлға саналады.
Бұдан кейін үзіліс жарияланып, біршама уақыттан кейін Құрылтай отырысы парламент үйінде жалғасты. Сол жерде депутаттар әрқайсы жеке-жеке ант берген соң Құрылтай төрағасын жасырын дауыс беру жолымен таңдады.
Санақ комиссиясының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов жариялаған жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша, 144 депутат Дәдебайды Құрылтай төрағасы етіп сайлауды қолдап дауыс берген, бір дауыс беру парағы жарамсыз деп танылған.
Осылайша, Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды. Оның үш орынбасары болып – "Ақ жол" партиясының жетекшісі Дәния Еспаева, "Әділет" партиясының өкілдері Динара Зәкиева мен Нұрлан Бекназаров сайланды.
Сонымен бірге Құрылтайдың 8 тұрақты комитеті мен олардың жетекшілері сайланғаннан кейін бірінші сессияның алғашқы жұмыс күні аяқталды.
"Азаттық Азия" тілшілері жұма күні Астанадағы Құрылтай ғимаратына таңертеңгі сағат 10-да барған еді. Сол жердегі қызметкерлер журналистерді бірден баспасөз бөлмесіне жіберіп, олар бірінші сессия жұмысын сол жердегі экраннан бақылады. Құрылтай баспасөз қызметінің өкілдері "сессия аяқталған соң депутаттармен кездесіп, сұрақ қоя аласыздар" деп уәде бергенімен кездесу болған жоқ. Құрылтайдың алғашқы отырысы шамамен сағат 16-кезінде аяқталды. Журналистер депутаттармен кездесуге барғанымен, оларға ешкім шықпады. Тілшілер ары қарай өтпесін дегендей қызыл қоршау қойыпты. Әріптестеріміздің айтуынша, мұндай қоршау бұған дейін парламент ғимаратында болмаған және депутаттарды журналистерден ешқашан бұлай оқшауламаған.