Accessibility links

Сайлауды бақылаған ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы алдын ала қорытындысын таныстырды

ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстандағы сайлау қорытындысына арналған жиында. Астана, 24 тамыз, 2026 жыл.
ЕҚЫҰ бақылаушылары Қазақстандағы сайлау қорытындысына арналған жиында. Астана, 24 тамыз, 2026 жыл.

Қазақстандағы Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы өкілдері 24 тамызда алдын ала қорытындысын таныстырды. Олардың пікірінше, сайлау "саяси плюрализмі аз ортада өткен".

"Додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмады, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат тәртіпке сай өтті, бәсекелес партияларға бірдей мүмкіндік берілді, бірақ жаңадан құрылған "Әділет" партиясы негізсіз басымдыққа ие болды. Сайлау комиссиясы бәсекелес партиялардың сеніміне ие болды, дегенмен оның шешім қабылдау процесі толық ашық болған жоқ. Сайлау қарсаңында құқықтық нормалар қайта қаралып, соның салдарынан қоғамдық талқы шектелді, ол ережелер арасында демократиялық сайлаудың халықаралық стандарттарына, соның ішінде саяси қатысуға байланысты басты құқықтық талаптарға сай келмейтін бірқатар норма бар" деп жазылған ұйым таратқан хабарламада.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдері саяси науқанға әйелдердің араласу белсенділігі төмен болғанын да айтты. Сонымен бірге саяси науқан кезінде тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасалғанына да алаңдаушылық білдірді.

Олардың айтуынша, өздері мониторинг жүргізген ақпарат құралдары сайлаудан жұпыны әрі толымсыз хабар таратқан. Редакциялық және сараптамалық жағы да ақсаған. "Бұл сайлаушылардың саналы таңдау жасау мүмкіндігін төмендетті" деп тұжырды миссия өкілдері.

ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылаушылары дауыс беру жалпы алғанда "тыныш әрі ұйымдасқан түрде" өтсе де, сайлаушылар белсенділігі мен дауыс беруге қатысу туралы ресми дерек арасындағы елеулі "сәйкессіздік" байқалғанын атап өтті. Бұған қоса, дауыс санау кезіндегі процедуралық кемшіліктерге де алаңдаушылық білдірді.

Халықаралық бақылаушылардың айтуынша, Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өзгертілген сайлау жүйесі де халықаралық стандарт пен ДИАҚБ ұсынымдарынан ауытқыған. Осылайша азаматтардың құқық кеңістігін тарылта түскен.

"Түзетулер ірі қоғамдық талқысыз қабылданды, ал шетелдік қаржыландыру және БАҚ-та кампанияларды жариялау ережелеріне қатысты құқықтық бұлыңғырлық сұрақтар туғызды" деп жазылған мәлімдемеде.

Азаттық тілшісі жиын кезінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдерінен "Осы сайлауда адам құқығы бұзылды ма?" деп сұрады. ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша кеңсесінің өкілі Винсент Пикет "сайлау тыныш әрі ұйымдасқан түрде өткенін есепте көрсеттік" деп қысқа қайырды.

Азаттықтың "Сайлаушыларда таңдау жасай алатындай жеткілікті мүмкіндік болды ма?” деген сұрағына:

"Жаңа сайлау заңнамасы ендігәрі тәуелсіз кандидаттардың [сайлану] ықтималдығына жол бермейді. Ол жөнінде біз айттық та. Бұл халықаралық стандартқа сәйкес емес және бұған дейін жасаған ЕҚЫҰ ұсыныстарына да кереғар. Бұл бір. Екіншіден, біз есебімізде айтқандай, тіркелген барлық жеті партия қазіргі президенттің саясатын қолдайтын болып шықты. Осы тұрғыдан алғанда партиялар арасында ортақ нәрселер мен ұқсастықтар байқалды және бұл қазақстандық сайлаушының таңдау плюрализміне нұқсан келтірді", – деп жауап қатты Винсент Пикет.

24 тамыз күні таңертең Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы жария еткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша, "Әділет" – 71,1%, Ауыл" – 6,26%, Respublica – 5,56%,"Ақ жол" – 5,21%, ЖСДП – 5,11, Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 3,11%, Байтақ" жасылдар партиясы – 1,07% дауыс алған. Бәріне қарсы дауыс берген сайлаушылар саны – 2,51% болды. Осылайша бес партия құрылтайға өтуге мүмкіндік беретін 5 пайыздық межеден асқан.

Егер сайлаудың түпкілікті қорытындысы да осындай болып шықса, онда бір палаталы Құрылтайдағы 145 орынның жүзден астамын "Әділет" алып, қалғанын өзге төрт партия өзара бөлісуі мүмкін.

ЕҚЫҰ мәліметінше, Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын осы халықаралық ұйымнан барлығы 300-ден астам байқаушы бақылаған. Қазақстан аумағы ірі болғандықтан аз ғана бөлігін ғана бақылай алдық деді ұйым өкілдері.

Бұған дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның ұзақ мерзімді миссиясы сайлау алдындағы аралық есебінде Қазақстандағы бұл жолғы науқанда саяси бәсеке мен БАҚ еркіндігіне және өзін-өзі цензуралауға байланысты мәселелер барын айтқан еді.

Қазақстан президенті Тоқаев сайлауға дауыс беру күні қарсаңында телеарнадан жасаған үндеуінде "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын" айтып, бұл сайлау "ел тарихындағы ең тартысты науқандардың бірі ретінде есте қалатыны анық" деп мәлімдеді.

Маусым айында сайлау заңнамасы өзгеріп, бұл жолғы саяси науқанды бақылауға ықылас танытқан тәуелсіз байқаушылар қатары қатты сиреген еді. Бұған дейінгі сайлау науқандарын бақылап жүрген санаулы ұйымдар қауіпсіздік себебіне байланысты Құрылтай сайлауын бақылаудан бас тартты.

Ал Қазақстанның ішкі істер министрлігі "сайлау кезінде өрескел заңбұзушылық болмағанын" мәлімдеді.

Айдар
XS
SM
MD
LG