Accessibility links

Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.
Құрылтай сайлауға дауыс беріп жатқан сайлаушы. Алматы, 23 тамыз, 2026 жыл.

live Тоқаев сайлаудан соң үкімет құрамы өзгеретінін айтты, Назарбаев үйінде дауыс берді

14:54

Тоқаев әлеуметтік нысандар салуға Ұлттық қордың ақшасын пайдаланбақ

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "елді үлкен құрылысқа айналдырып, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандарды көптеп салу керегін" айтып, ол үшін Ұлттық қордың ақшасын пайдаланатынын мәлімдеді.

"Ақшаны халықтың игілігіне пайдалануға болатын болса, оны құнды қағазбен шетелде несін ұстаймыз? Мен бұл ақшаның үстіне итше жатып алып, жұмсамай отыруға қарсымын. [Ұлттық қордағы] қаржы халыққа қызмет етуі керек" деді Тоқаев Құрылтай сайлауына дауыс берген күні.

Қазақстанда 2000 жылы құрылған Ұлттық қорға елдің қазба байлықтарынан түсетін қаражат жинақталады. Әу баста билік келешек ұрпақтың игілігіне жиналады деп жариялаған қор қаржысын үкімет бюджет бағдарламаларын орындауға жиі пайдаланады. Қаржы министрлігі Ұлттық қордағы ақша азайғанын бұған дейін бірнеше рет мәлімдеген.

2025 жылғы сәуірдегі ресми дерек бойынша, Ұлттық қордағы қаражат көлемі 31,9 трлн теңге болған.

14:50

Тоқаев сайлаудан соң үкімет құрамы өзгеретінін айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайланғаннан кейін үкіметте өзгеріс болады деп мәлімдеді.

"Әлбетте, үкімет отставкаға кетеді. Үкімет құрамында бірқатар өзгеріс болады. Ашығын айтқанда, дәл бүгін үкімет жұмысына алаңдауға немесе оған сын айтуға қандай да бір негіз жоқ. Министрлер де, үкімет жетекшісі де қолдан келгенше міндеттерін атқарып жатыр. Бірақ кадрлық өзгерістер әрдайым болады. Өйткені бұл үкіметтің жұмысына қан жүгіртеді" деді Тоқаев Құрылтай сайлауына дауыс берген күні.

Қазақстан заңы бойынша, жаңа парламент сайланған соң ел үкіметі таратылып, кейін қайта жасақталуы тиіс.

Жаңа Конституцияға сай, президент Құрылтай келісімі бойынша премьер-министрді, министрлерді қызметке тағайындайды және босатады. Егер Құрылтай президент үкімет жетекшілігіне ұсынған кандидатурамен келіспесе, президент Құрылтайды таратып жіберуге құқылы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып отыр (архивтегі фото)
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысып отыр (архивтегі фото)
14:38

Экс-президент Назарбаев Құрылтай сайлауына дауысты үйінде берді

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрылтай сайлауына дауысты, денсаулық жағдайына байланысты, өз үйінде дауыс берген. Мұндай ақпаратты жексенбі күні 86 жастағы экс-президенттің ресми сайты жариялады.

"Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Құрылтайы сайлауында дауыс берді. Жақында бел омыртқасына жасалған отадан кейінгі денсаулық жағдайына байланысты Тұңғыш Президент өз дауыс беру құқығын үйде жүзеге асырды" деп жазылған ақпаратта.

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда президент лауазымынан өкілеті аяқталмай жатып кеткенімен, бірнеше жыл бойы билікке айтарлықтай саяси ықпалын сақтап қалды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең көп адам өлімі болған 2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев бірқатар лауазымы мен артықшылықтарынан, ал оның туыстары мен серіктері мемлекеттік лауазымдар мен ірі активтерден айырылды.

14:34

ОСК: сағат 14-ке дейін сайлаушылардың жартысынан көбі бюллетень алды

Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, Астана уақытымен сағат 14-ке дейін сайлаушылар тізіміндегі 12,6 млн қазақстандықтың 6,7 миллионға жуығы, яғни 53,12 пайызы Құрылтай сайлауға дауыс берген.

Жеті аймақта дауыс беруге қатысқандар 60 пайыздан асқан: Қызылорда (64,22%), Абай (63,07%), Жетісу (62,89%), Қарағанды (62.79%), Шығыс Қазақстан (61.10%), Ақмола (61.15%) және Ақтөбе (60.87%) облыстары.

Ең төменгі көрсеткіш әзірге Астана (40.92%) мен Алматыда (30.36%) тіркеліп отыр.

Тағы

XS
SM
MD
LG