ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясы сайлау айқын саяси баламасыз, саяси таңдау мүмкіндігі шектелген жағдайда өткенін айтты
Қазақстандағы Құрылтай сайлауды бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясы өкілдері 24 тамызда алдын ала қорытындысын таныстырды. Олардың пікірінше, сайлау "саяси плюрализмі аз ортада өткен".
"Додаға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмады, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелді. Сайлау алдындағы үгіт-насихат тәртіпке сай өтті, бәсекелес партияларға бірдей мүмкіндік берілді, бірақ жаңадан құрылған "Әділет" партиясы негізсіз басымдыққа ие болды. Сайлау комиссиясы бәсекелес партиялардың сеніміне ие болды, дегенмен оның шешім қабылдау процесі толық ашық болған жоқ. Сайлау қарсаңында құқықтық нормалар қайта қаралып, соның салдарынан қоғамдық талқы шектелді, ол ережелер арасында демократиялық сайлаудың халықаралық стандарттарына, соның ішінде саяси қатысуға байланысты басты құқықтық талаптарға сай келмейтін бірқатар норма бар" деп жазылған ұйым таратқан хабарламада.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдері саяси науқанға әйелдердің араласу белсенділігі төмен болғанын да айтты. Сонымен бірге саяси науқан кезінде тәуелсіз БАҚ-қа қысым жасалғанына да алаңдаушылық білдірді.
Олардың айтуынша, өздері мониторинг жүргізген ақпарат құралдары сайлаудан жұпыны әрі толымсыз хабар таратқан. Редакциялық және сараптамалық жағы да ақсаған. "Бұл сайлаушылардың саналы таңдау жасау мүмкіндігін төмендетті" деп тұжырды миссия өкілдері.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ бақылаушылары дауыс беру жалпы алғанда "тыныш әрі ұйымдасқан түрде" өтсе де, сайлаушылар белсенділігі мен дауыс беруге қатысу туралы ресми дерек арасындағы елеулі "сәйкессіздік" байқалғанын атап өтті. Бұған қоса, дауыс санау кезіндегі процедуралық кемшіліктерге де алаңдаушылық білдірді.
Халықаралық бақылаушылардың айтуынша, Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін өзгертілген сайлау жүйесі де халықаралық стандарт пен ДИАҚБ ұсынымдарынан ауытқыған. Осылайша азаматтардың құқық кеңістігін тарылта түскен.
"Түзетулер ірі қоғамдық талқысыз қабылданды, ал шетелдік қаржыландыру және БАҚ-та кампанияларды жариялау ережелеріне қатысты құқықтық бұлыңғырлық сұрақтар туғызды" деп жазылған мәлімдемеде.
Азаттық тілшісі жиын кезінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ өкілдерінен "Осы сайлауда адам құқығы бұзылды ма?" деп сұрады. ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар мен адам құқығы бойынша кеңсесінің өкілі Винсент Пикет "сайлау тыныш әрі ұйымдасқан түрде өткенін есепте көрсеттік" деп қысқа қайырды.
Азаттықтың "Сайлаушыларда таңдау жасай алатындай жеткілікті мүмкіндік болды ма?” деген сұрағына:
"Жаңа сайлау заңнамасы ендігәрі тәуелсіз кандидаттардың [сайлану] ықтималдығына жол бермейді. Ол жөнінде біз айттық та. Бұл халықаралық стандартқа сәйкес емес және бұған дейін жасаған ЕҚЫҰ ұсыныстарына да кереғар. Бұл бір. Екіншіден, біз есебімізде айтқандай, тіркелген барлық жеті партия қазіргі президенттің саясатын қолдайтын болып шықты. Осы тұрғыдан алғанда партиялар арасында ортақ нәрселер мен ұқсастықтар байқалды және бұл қазақстандық сайлаушының таңдау плюрализміне нұқсан келтірді", – деп жауап қатты Винсент Пикет.
ЕҚЫҰ мәліметінше, Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын осы халықаралық ұйымнан барлығы 300-ден астам байқаушы бақылаған. Қазақстан аумағы ірі болғандықтан аз ғана бөлігін ғана бақылай алдық деді ұйым өкілдері.
Бұған дейін ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның ұзақ мерзімді миссиясы сайлау алдындағы аралық есебінде Қазақстандағы бұл жолғы науқанда саяси бәсеке мен БАҚ еркіндігіне және өзін-өзі цензуралауға байланысты мәселелер барын айтқан еді.
Экзит-полл нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеген "Байтақ" сөзінен тез айныды
24 тамызда "Байтақ" жасылдар партиясы әуелі экзит-полл нәтижесін мойындамайтынын мәлімдеп, баспасөз мәслихатына шақырып хабарлама таратқан. Олар сайлау учаскелерінде заң бұзу жайттары болғанын, сайлаудың "нақты нәтижелерін заңды жолмен анықтайтынын" айтқан еді.
Көп кешікпей партияның басшысы Азаматхан Әміртаев қолында сайлаудың ресми нәтижесін "даулауға негіз болатын факт жоғын" желіде жазып, осы мәселе бойынша өткізбек болған баспасөз жиынын кейінге қалдырды.
"Бүгінгі күні азаматтардың еркіне күмән келтіруге негіз болатындай расталған фактілер жоқ. "Байтақ" партиясы Қазақстан халқының таңдауын құрметтейді және заңмен белгіленген тәртіпке сәйкес ресми сайлау нәтижелерін ұстанады" деп жазды партия басшысы Facebook-та.
23 тамызда өткен Құрылтай сайлауында, ОСК дүйсенбіде жариялаған сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша, "Байтақ" жасылдар партиясын сайлаушылардың 1,07 пайызы қолдап дауыс берген. Ол сайлауға түскен жеті партия арасында "ең аз дауыс жинаған".
"Байтақ" елде ресми тіркелген жеті саяси партияның бірі. Сарапшылар Қазақстанда билікті өткір сынайтын партиялардың жылдар бойы тіркеле алмай жүргенін айтады. Ондай ұйымдар алғашқы Құрылтай сайлауына қатыса алған жоқ.
ОСК сайлаудың алдын ала нәтижесін шығарды, бес пайыздық межені бес партия еңсерген
24 тамыз күні таңертең Қазақстанның орталық сайлау комиссиясы бір күн бұрын өткен Құрылтай сайлауының алдын ала нәтижесін жариялады.
Ресми мәліметте сайлауға қатысқан партиялар қанша дауыс алғаны көрсетілген:
- "Әділет" партиясы – 71,1%
- "Ауыл" – 6,26%
- Respublica – 5,56%
- "Ақ жол" – 5,21%
- ЖСДП – 5,11%
- Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 3,11%
- "Байтақ" жасылдар партиясы – 1,07%
- Бәріне қарсы –2,51%.
Сайлау туралы заңда сайлауға түскен партия парламентке өту үшін 5 пайыздық межені еңсеруге тиіс деп жазылған. ОСК жариялаған сайлаудың алдын ала нәтижесінде бұл межеден "Әділет", Ауыл, ЖСДП, "Ақ жол" және Respublica алған дауыс саны асып тұр.
Егер сайлаудың түпкілікті қорытындысы да осындай болып шықса, онда бір палаталы Құрылтайдағы 145 орынның жүзден астамын "Әділет", қалғанын төрт партия өзара бөлісуі мүмкін.
ОСК 23 тамызда өткен сайлауда дауыс беру құқығына ие Қазақстан азаматтарының 74,08 пайызы дауыс берді деп мәлімдеді. ОСК дерегі бойынша, 12 623 289 сайлаушының 9 351 539-ы дауыс беруге қатысқан. Қазір Қазақстан заңы бойынша, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.
Заң бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындысын дауыс беру күні аяқталған соң он күн ішінде шығаруға тиіс.
Экзит-полл нәтижесі: "Әділет" партиясы алда
Құрылтай сайлауында сауалнама жүргізген "Еуразиялық интеграция институтының" экзит-полл нәтижесі бойынша, сайлауға түскен жеті партияның бесеуі Құрылтайға өтуге қажет 5 пайыз межеден асып тұр. Бұл институт экзит-полды "Хабар" арнасының тапсырмасымен жүргізген.
"Әділет" партиясы – 71,80%
"Ауыл" – 6,40%
Respublica – 5,40%
ЖСДП – 5,20%
"Ақ жол" – 5,10%
Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 3%
"Байтақ" жасылдар партиясы – 1%
Барлығына қарсы –2,10%.
"Қоғамдық саясат институтының" экзит-полл нәтижесі де осы шамада:
"Әділет" партиясы – 72,30%
"Ауыл" – 6,2%
Respublica – 5,2%
"Ақжол" – 5,1%
ЖСДП – 5%
Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 2,8%
"Байтақ" жасылдар партиясы – 0,9%
Барлығына қарсы –2,5%.
Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы дүйсенбі, 24 тамызда жарияланады. Әдетте Қазақстанда Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) ресми қорытынды мен экзит-полл нәтижесі арасында көп айырмашылық болмайды.